Испания елінен стартап ашқан
Қазіргі заман – ғылым мен технологияның қарқынды дамыған дәуірі. Әулиеата өңірі де бұл үрдістен қалыс қалмай, ақпараттық технология мен IT саласында елеулі жетістіктерге жетіп келеді. Бүгінгі жас өрендеріміз халықаралық бәсекелерде топ жарып, ел мерейін үстем етуде. Сонымен қатар алыс-жақын шетелде өз ізін қалдырып үлгерген Тараздан шыққан талантты жерлестерімізбен де мақтана аламыз. Сол білімді жастардың бірі – Диас Жұмағалиев. Оның табандылығы мен таланты жас буынға үлгі болып, туған өңірінің абыройын асқақтатуда.
Отыз екі жастағы Диас Жұмағалиев бала кезінен қоныс аударуға үйренген. Кейіпкеріміз 13 жасында отбасымен бірге туған қаласы Тараздан Астанаға көшіп барған. Жастайынан туған өңірінен жырақтауға тура келгенімен, ұшқан ұясын ұмытқан емес. Әрдайым Әулиеата топырағына деген құрметі мен сағынышын жүрегінде сақтап келеді.
Астанаға қоныс аударғаннан кейін бір жыл өткен соң ата-анасы Диасты Канадаға оқуға жіберді. Ол жерде мектепті аяқтап, елге оралды. Алайда көп ұзамай тағы да жолға шығып, бұл жолы Малайзияға аттанды. Екі жылдық тәжірибеден кейін қайтадан Қазақстанға келіп, кәсіпкерлікке бет бұрды. Нәтижесінде хостел, типография және тіл мектебін ашып үлгерді. Дегенмен үш жылдан соң жаңа белеске қадам жасап, Испанияға қоныс аударды. Осы елде ол ІТ саласымен жақынырақ танысып, стартапта тестілеуші ретінде еңбек жолын бастады. 2020 жылы туған еліне оралуға шешім қабылдаған Диас бүгінде жасанды интеллектті оқытатын офлайн мектептің негізін қалаушы атанды.
Кейіпкеріміз бізге Канададағы оқу жүйесі, Малайзияда өткен күндері және Астанадағы бизнесінің неге жүрмей қалғаны жайлы әңгімелеп берді. Сондай-ақ ол Барселонадағы өмірге қанша қаражат жұмсағанын, ІТ тәжірибесі болмаса да стартапқа қалай қабылданғанын және не себепті Қазақстанға қайтуды ұйғарғаны жөнінде ой бөлісті.
Сөйтіп, ол 2013 жылы Малайзиядағы Кота-Дамансара қаласындағы медицина университетіне қабылданып осында көшіп келеді. Алғашқы жылы бар ынтасымен оқып, оқу бағдарламасын қиындықсыз меңгеріп кетеді. Дегенмен ұстаздары оның тапсырмаларды Қазақстанда қалыптасқан тәсілмен орындағанына наразы болды. Жауабы дұрыс болғанымен, міндетті түрде өз әдістемелерін қолдануды талап ететін.
Малайзиядағы өмір оған қызықсыз көрінді. Сол себепті Нигериядан келген курстас досымен бірге сауда орталықтарына барып, уақытты көңілді өткізуге тырысатын.
Екінші курсқа ауысқанда оқуға деген ынтасы мүлде жоғалып, саудамен шұғылдана бастады. Үйде алма бәліш пісіріп, оны араб мейрамханаларына өткізіп жүрді. Сұранысқа ие болған бәліші бір-екі сағаттың ішінде түгел сатылып кететін. Сонымен қатар қытайлықтарға ағылшын тілінен сабақ беріп, табысын арттырды. Ал өзі бизнеске бой ұрып, университеттегі сабақтарына қатысуды қояды. Мұны естіген ата-анасы алаңдап, дереу елге қайтуын талап етеді.
Өз орнын таба алмай, іштей тынымсыз күй кешкен Диас көшуге лайық ел іздей бастады. Әуелі Кубаны таңдағанымен, 2017 жылы ол елге виза ала алмады. Содан кейін ойын өзгертіп, Испанияға тоқтады. Барселонада тіл курсына жазылып, небәрі бірнеше күнде мектеп тауып, құжаттарын дайындап, бір айдың ішінде жолға шықты. Бұл сапарға шамамен төрт мың еуро жұмсалды.
Диас өзін үнемі полиглотпын деп санайтын. Бірақ Испанияға келгенде бұл ойының асығыс екеніне көзі жетті. Алғашында «испан тілі орыс тіліне ұқсайды, екі-үш айда үйреніп аламын» деп ойлаған. Алайда бастысы тіл емес, жұмыс табу екенін түсінді. Жұмыс іздеуге бір жылдай уақыт кетті. Осы аралықта әртүрлі жалдамалы іспен күн көрді, кейде фотограф болды, кейде клубтарға адам шақырды, тіпті құрылысқа барып еңбек етті.
Бір күні ол жергілікті стартаптың тестілеуші маман іздеп жатқанын көзі шалады. ІТ саласынан еш хабарсыз болса да, YouTube-тан қарап, өз бетімен үйрене бастайды. Түйіндемесінде тәжірибесі бар деп көрсетіп, бос орынға өтініш береді.
Сұхбат кезеңдерінен сүрінбей өткенмен, басшысы оның нақты тәжірибесінің аз екенін байқайды. Бірақ қуып жіберудің орнына, оған Manual QA курсын өзі төлеп беріп, білім алуына себепкер болады. Бұл компанияда алғашқы айда тек оқуға уақыт бөлсе де, басшылық жалақы тағайындайды. Ізденімпаздағыны бағалағаны анық. Диас тестілеуші ретінде бағдарламаның қателерін тауып, қолданушыға ыңғайлы ма, жоқ па, осыны тексеріп, түрлі жағдайларда жұмысын сынап, табылған ақауларды реттеп, олар түзетілген соң қайта тексеріп отырады. Дәл осы кезде оған турфирмадан жоғары жалақы ұсынады, бірақ ІТ саласы оған әлдеқайда қызық әрі тартымды көрінеді.
Стартаптағы жұмыс өзіне ұнайтын. Күніне екі-ақ сағат еңбек етіп, қалған уақытын демалысқа не әріптестерімен әңгіме-дүкенге арнайтын. Айына 800 еуро табатын, ал ең аз шығыны 700 еуро болатын. Шамамен 400 еуро тамаққа, 200 еуро бөлме жалдауға, 100 еуро жолақыға кететін.
Көп көшуге үйренгендіктен Испанияға тез бейімделіп, достар тапты. Бірақ ол елдің менталитеті, адамдардың іс-әрекеті қазақ жігітін таң қалдыратын.
Ал карантин кезінде кейпкеріміз жарты жылдай өз-өзіне жұмыс жасап (фриланс), күнін көрді.
2017-2020 жылдары Испанияда eGov секілді бірыңғай жүйе болған жоқ. Дәрігерге жазылуға арналған онлайн платформа бар еді, бірақ тым баяу жұмыс істейтін. Қабылдауға кіру үшін кейде екі-үш ай күтуге тура келетін. Айтуынша, қазір жағдай өзгерген болар, дегенмен ол кезде Испания цифрландыру жағынан Қазақстаннан едәуір артта қалған көрінеді. Мәселен, жуырда Астанада төлқұжатын ауыстыруға барған кезде бар жұмысты өзі орындады. Компьютерге отырып анкета толтырды, суретке түсті, төлем жасады. Ең қызығы, кезек те болған жоқ.
Пандемия басталғанда оның жұмыс істеп жүрген стартапы жабылып қалды. Кейде күнкөріс үшін құрылыс алаңына шықты, қалған уақытта ноутбук алдында отырып сайт жасауды үйренді. Бірде жеке тіл мектебінің иесінен тапсырыс түсіп, оған сайт құрып берді. Осы жұмысы үшін 2000 еуро тапты. Бірақ одан кейін тұрақты клиент табылмай, ақыры елге қайтуға шешім қабылдады.
Астанаға оралғанда қаланың қатты өзгергенін байқады. Сол кезде «Kaspi Gold» картасы шығып, ол да бірден сол картаны ашып алды. Әуелде қайтадан шетел асамын деген ойы болғанымен, 2022 жылдың ақпанында орын алған оқиғалардан кейін Қазақстанда қалуды түбегейлі ұйғарады.
Диастың жары Арна Қайратқызы да IT саласындағы танымал жандардың бірі. Арна – ақпарат талдаушысы, «Data Analytics» курсының авторы. Қазақ-Британ технологиялық университетін «Математикалық және компьютерлік модельдеу» мамандығы бойынша тәмамдаған. Университеттен кейін үш квазимемлекеттік компанияда, атап айтқанда, «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз» және «Қазақтелеком»-да жұмыс істеген. Кейін «Tele2» компаниясына ауысып, осы күнге дейін ақпарат талдаушысы болып еңбек етіп келеді.
Ал ол болашақ жолдасы Диаспен «Digital Bridge» форумында танысқан екен. Қазір жас отбасы онлайн түрде түрлі елдерде жұмыс істеп, отбасы мен ІТ саласындағы мансапты қатар алып жүруге болатынын дәлелдеп келеді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ