Жаңалықтар

Өндірісі өркендеген өңір

Сексеуіл, жүзген, ақтаспа, қарабарақ секілді тал-дарақтан бастап, еркек шөп, бетеге, изен, сырттан секілді шөптесін өсімдіктердің неше түрі өсетін Мойынқұм өңірі - сан түрлі аң-құстың да мекені. Бұйығып жатқан бұйрат-бұйрат құмы Бетбақдаланың ұланғайыр жазығымен астасып, Қарағанды, Алматы облыстарымен шектесетін, Балқаш көлімен тоғысатын Мойынқұмның қойнауына талай қазына жасырынған.

Гранит тастарына сұраныс жоғары

Облыстағы ең шалғай әрі жер көлемі жағынан ең үлкен аудан саналатын бұл өңірдің бір қарағанда табиғаты тек малшаруашылығына бейім секілді көрінетіні рас. Әйтсе де жердің асты-үстіндегі байлықты игеруде аудан өзінің әлеуетінің зор екенін әлдеқашан дәлелдеген. Әсіресе қазба байлықты игеруге келгенде, мойынқұмдықтардың бұрыннан қалыптасқан өзіндік үрдісі, кен өндіру, өңдеу ісінде бай тәжірибесі бар. Соның арқасында мұндағы өнеркәсіп саласының табысы жылдан-жылға артып келеді. Биылғы қаңтар-мамыр айларының өзінде өндіріс көлемі 59,2 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңінен едәуір жоғары көрсеткіш тіркеліпті. Қазба байлықты игеру ісінде де ілгерілеушілік байқалады. Мәселен, алтын мен күміс өндірісі ұлғайып, цемент, әктас, барит сынды құрылыс материалдарының көлемі өскен. Нақты айтқанда, өнеркәсіп өндірісі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,7 миллиард теңгеге артқан. Аталған салада биыл мамыр айына дейін 784 келі алтын, 145 келі күміс, 557,9 мың тонна цемент, 358,4 мың тонна әктас, 26,5 мың тонна барит рудасы мен концентраты өніріліпті. Сонымен қатар 17,5 мың шаршы метр қаптау плиталары, 33 тонна балық, 7,7 мың текше метр гранит өнімі нарыққа жол тартқан. «Мойынқұмда жердің астында да, үстінде де байлық жетеді» деуімізге төрт түліктен алынатын өнімді айтпағанда, құрылысқа қажетті гранит пен қаптау плиталарынан бастап, Балқаштың балығына дейін халық игілігіне жаратылып жатқаны арқау болып отыр. Мәселен, Мирный ауылындағы гранит тасын өндіретін «ОРГСТРОЙ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі - 2017 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын. Оның жылдық өнім өндіру қуаттылығы 10 мың текшеметрді құрайды. Алайда әлеуетті серіктестік былтыр 33 280 текше метр гранит тасын өңдеп, оны сату арқылы 471 миллион теңге табыс тауыпты. Кәсіпорынның өндіріс жөніндегі басшысы Қайып Еркінбек алдағы жылы тағы бір зауытты іске қосып, жұмыс қарқынын үдеткелі отырғанын айтады.

Мойынқұмдағы өндіріс орнында тәулік бойы жұмыс қызып тұр. Ауысым басшысы Еркін Омашевтың айтуынша, жүк тиеу бөлімі тапсырыс берушілердің талабын дер кезінде орындауды басты міндет санайды.

 

Мыңаралдың мүмкіндігі мол

Мойынқұмның Қарағанды облысымен шектесетін Мыңарал ауылдық округіне Мыңарал ауылы, Мыңарал және Қашқантеңіз стансалары қарайды. Ауылдық округ әкімі Тілеш Аманжолов жыл өткен сайын ауылдық округтегі елді мекендердің ажары ашылып келе жатқанын, халықтың дені «Компания Мың-Арал» және «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауытында, теміржол саласында еңбек ететінін айтады. Жалпы ауылдық округ бойынша 1 343 тұрғын, 336 үй бар болса, оның ішінде округ орталығы – Мыңарал ауылындағы адам саны 683-ті құрайды, ал түтін саны – 161.

Ауыл әкімі ауылдық округке қысы-жазы жұмыс істейтін бір спорт кешені қажет екенін айтады. Ауыл жастары футбол ойынынан аудандық, облыстық жарыстарда ылғи бас жүлде алып жүр екен. Тіпті, Қарағанды облысына барып та талай жүлдені жұлып әкелген көрінеді.

Бұл ауылдық округке жергілікті жердегі кәсіпорындар да қарайласып тұрады екен. Мысалы, «Компания Мың-Арал» ЖШС ауылдықтар үшін сахна орнатып беріпті. Бұдан бөлек  жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын да созатын көрінеді. Мерекелік жиындарда ауыл халқымен бірге атсалысып, іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосады. Мемлекет тарапынан Мыңаралда электр желілері жаңғырып, жол, ауызсу мәселесі шешімін тауып жатса, қалған жоқ-жітік ірі компаниялардың көмегімен түгенделуде. Бұл жергілікті тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін ауыл әкімінің белсенді жұмыс атқаруының нәтижесі екені анық.

«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, біздің облыста балық шаруашылығы кенжелеп қалғанын жасыруға болмайды. Оны Әулиеата өңірінің әлі күнге дейін шикі балыққа да, өңделген дайын тауар күйінде де сыртқы нарыққа тәуелді болып отырғанынан аңғаруға болады. Ашығын айтқанда, балықты тереңдетіп өңдеу, одан килки, шпрот, консерв секілді өнімдер шығару өңірде әлі жолға қойылмай келеді. Балық және одан алынатын өнімге қатысты облыстың экспорттық әлеуетін айтпағанда, бізге алдымен ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз ету мәселесі күйіп тұр. Мысалы, Билікөл, Ақкөл секілді кез келген суайдынын алып қарасақ, балық шаруашылықтары тек көлдегі су жәндіктерін сүзіп алып, оны сатумен айналысып отыр. Балық шаруашылықтары суайдындарына шабақ жіберіп жататынын талай көргенбіз. Бұл енді табиғатқа жаны ашыса да, ашымаса да кез келген шаруашылық үшін орындалуы тиіс міндеттеме екені белгілі. Ал балық шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқысы келген іскер азаматтар балықты судан сүзіп алумен шектелмей, оның санын молайтып әрі қайта өңдеумен айналысуы керек. Мысалы, «Компания Мың-Арал» балық зауытының ауланған балықты кептіріп, тұздап, филе, фарш, тушонка сынды дайын тағамдық тауарлар шығаруы әйтеуір көңілге медет. Балқашта балық қоры жеткілікті, бірақ оны тиімді пайдалану, қайта өңдеу ісі жолға толық қойылса, консервіленген өнім нарыққа жол тартса, салада тың серпіліс пайда болар еді-ау деген де ой бар көкейде. Десе де салаға жаңа технология енгізіп, өндірісті жаңғыртпай, балық шаруашылығын алға бастыру қиын-ақ. Сондықтан да облыста балық аулаумен бірге, қайта өңдеу ісін жүйелі жолға қою қазіргі уақыттың талабы болып отыр.

Ішкі-сыртқы нарықты бағындыру, өз өніміңді сұранысқа сай ұсыну оңай емес. Десе де «Қимылдаған қыр асадыны» жадыдан шығармай, қолдан келгенін жасап бағу да елеуге тұрарлық іс. Бұл тұрғыда Мыңарал ауылындағы «Компания Мың-Арал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз әлеуеті деңгейінде дайын өнім өндіріп, аудан экономикасының өркендеуіне  шама-шарқынша үлес қосып келе жатқаны шындық. Өндіріс орны 2014 жылы үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылып, содан бері балық шаруашылығы саласында үздіксіз жұмыс істеуде. Қазіргі таңда кәсіпорынды Сергей Ни басқарып отыр. Оның айтуынша, зауыттың негізгі бағыты – Балқаш көлінен балық аулау, қабылдау және толық өңдеу. Кәсіпорында сексенге жуық адам тұрақты жұмыс істейді, олардың барлығы дерлік ауыл тұрғындары. Бұдан бөлек, он бес шақты маман вахталық әдіспен еңбек етеді.

Зауыт жылына 500 тонна балық аулауға квота алған. Дегенмен кәсіпорын қуаттылығы жылына 1500-2000 тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы. Қосымша шикізатты өзге фирмалардан сатып алып, жергілікті тұрғындардың аулаған балығын да қабылдайды. Сатып алу бағасы нарыққа байланысты әртүрлі, кейде мың теңге, кейде алты жүз теңге шамасында белгіленетін көрінеді. Балқаш көлінде сазан, сом, жыланбас, жерих, вобла, лещ, қарабалық секілді сан түрлі балық кездеседі. Солардың барлығы зауытта терең өңдеуден өтеді. Өнімнің бір бөлігі ішкі нарыққа ұсынылса, негізгі бөлігі сыртқы нарыққа жөнелтіледі. Кәсіпорын Қытай, Германия, АҚШ және Еуропаның өзге де елдеріне өнімін өткізіп отыр екен. Алайда кәсіпорынның алдында тұрған белгілі бір қиындықтар да жоқ емес. Негізгі мәселе балық аулайтын учаскенің болмауы. Егер толыққанды учаске берілсе, зауыттың жылына бірнеше есе артық өнім өндіруге шамасы бар. Соған қарамастан өндіріс тоқтаусыз жүріп, маңайдағы тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр.

Аудандағы өнеркәсіп саласының өркендеуіне Мыңаралдағы «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС да зор үлес қосып отыр. Кәсіпорын жылына 1,5 миллион тонна цемент өндіреді. Осылайша ел көлемінде құрылыс материалына деген сұранысты өтеуге күш салады. Ал биылдың өзінде  727,7 мың тонна цемент өндіріп үлгерген.

 

Барит – бағалы  өнім

Сонымен қатар аудандағы «Эврика-Барит» ЖШС елімізде барит өндірісі – бойынша сұранысқа ие жетекші кәсіпорындардың бірі. Зауыт мұнай-газ өнеркәсібіне қажетті өнімдерді бірнеше мемлекетке экспорттап отыр.

«Эврика-Барит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2006 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Негізгі бағытымыз – монобарит өндіру. Бүгінде кәсіпорын екі ірі өндірістік кешенге сүйенеді. Атап айтқанда, байыту фабрикасында жылына 120 мың тоннаға дейін өнім дайындалады. Ал ұнтақтау кешенінде жылына 60 мың тонна барит ұнтақталып, қаптарға салынып шығарылады. Бұл өнімдер келісімшарт негізінде шетелдік серіктестерге жөнелтіледі. Негізінен Түрікменстан, Өзбекстан, Ресей мемлекеттеріне және Каспий өңіріндегі шекаралас елдерге экспортталады.

Монобарит – өте ауыр минерал. Өндіру барысында ол бірнеше кезеңнен өтеді. Әуелі байыту фабрикасында іріктеліп, кесектелген күйінде алынады. Кейіннен ірі, орташа және ұсақ бөліктерге бөлініп, ұнтақтау кешеніне жеткізіледі. Мұнда толықтай өңделген өнім дайындалып, қойма алаңына шығарылады. Өндірістік процестің барлығы қатаң бақылауда жүзеге асады. Кәсіпорында еңбек етіп жүрген жұмысшыларға барлық әлеуметтік пакет қарастырылған. Білікті, іс басындағы мамандардың еңбекақысы жарты миллион теңгеге дейін жетсе, қарапайым жұмысшылар айына орта есеппен 120 мың теңге алады. Жалақы әр айдың онына дейін уақытылы беріледі. Бұл кәсіпорынның еңбек ұжымына деген құрметінің, заңдылықты сақтауының көрінісі.

Бүгінгі таңда «Эврика-Бариттің» негізгі шикізат көзі Шығанақ және Үлкенсай кен орындары болып есептеледі. Шығанақтағы қор шамамен 8 миллион тоннаны құраса, соның 1 миллион тоннасы игеріліп үлгерді. Қазір жерасты қабатындағы қорды игеру кезеңі жүріп жатыр. Ал Үлкенсай кен орнының жалпы қоры 489 мың тонна болса, оның 400 мың тоннаға жуығы әлі қазылып алынған жоқ. Үлкенсай кен орны кәсіпорыннан 20 шақырым жерде орналасқан. Оның жалпы аумағы 20,8 шаршы метрді құраса, Шығанақ кен орнының көлемі 70 мың шаршы метрге тең.

Кәсіпорында еңбек етіп жүргендердің 70 пайызы Мойынқұм және Шу аудандарының тұрғындары. Жастарды өндіріс ісіне баулу, кәсіби біліктілігін арттыру біздің басты мақсатымыздың бірі ретінде қарастырылған. Бүгінде өзіміз тәрбиелеген, тәжірибесін шыңдаған мамандардың қатарында бас идеологымыз Елубай Шахраман, зертхана меңгерушісі Гүлжан Ноғайбекова, бас маркшейдер Әділбай Сұлтан сынды азаматтар бар. Олар өз ісіне адал, еңбекқор, кәсібилігімен танылған мамандар.

Бір айта кетерлігі, кәсіпорын шетелдік инвесторлардың қатысуымен жұмыс істеп тұр. Серіктестіктің басшысы шетелдік азамат болғанымен, жергілікті ұжым Әмірхан Сәдуақасұлы секілді іскер азаматтардың өз міндетін жауапкершілікпен атқаруының арқасында абырой биігінен көрініп келеді. Ол мұнда 2013 жылдан бері қызмет атқарып келеді екен. Алматыдағы политехникалық институтты 1983 жылы тәмамдап, кәсіби жолын осы өндіріс саласына арнапты. Қазіргі таңда Мойынқұмның өркендеуіне өз үлесін қосып, өндіріс пен жергілікті тұрғындардың тұрмысына пайдасын тигізіп отырған жайы бар.

Аталған кәсіпорын құрамындағы қуаттылығы жылына 300 мың тоннаға жететін байыту фабрикасы мен заманауи жабдықталған ұнтақтау кешені, өнім сапасын жедел талдауға мүмкіндік беретін заманауи зертхана жұмысы үдеден шығып тұр.

Қорыта айтқанда, Мойынқұмдағы өндірістік әлеует бүгінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отыр. Мұндағы кен өндіру саласы жүйелі жолға қойылған. Кейбір өндіріс орындарында жастардың тәжірибе жинап, білікті маманға айналуы да көңіл қуантады.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,

Мойынқұм ауданы