Бәсекелестік кілті – білімде
Жамбыл ауданы жыл сайын қарқынды дамып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда жаңа белестерді бағындырып келеді. Ауданда инфрақұрылым жүйесі жаңартылып, елді мекендердің ажары кіріп, тұрғындар үшін қолайлы жағдайлар жасалуда.
Бүгінде бұл ауданда жаңа нысандар бой көтеріп, заманауи мектептер мен спорт алаңдары ашылып, денсаулық сақтау, мәдениет және әлеуметтік салада да ілкімді істер жүзеге асуда. Бұл игілікті жұмыстардың барлығы халықтың әл-ауқатын арттыруға, жастардың жан-жақты дамуына және елді мекендердің келешегін кемел етуге бағытталған.
Жақында ауданда бірқатар білім нысандары ел игілігіне берілді. Бұл игілікті шаралар Білім күніне тұспа-тұс келіп, ауыл тұрғындары мен оқушыларға үлкен қуаныш сыйлады. Мектептердің салтанатты ашылуына аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы арнайы қатысып, тұрғындар қуанышымен бөлісті. Ерлан Қыдыралыұлы Бәйтерек ауылында бой көтерген 100 орындық жаңа мектептің ашылу салтанатына арнайы барып, ауыл тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында аудан аумағында бір емес, екі жаңа білім ошағы қолданысқа беріліп отырғанын атап өтті.
– Баршаңызды 1 қыркүйек – Білім күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында заманауи стандартқа сәйкес 100 орындық екі жаңа мектеп пайдалануға беріліп отыр. Оның бірі – Бәйтерек ауылындағы №6 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп, екіншісі – Шайдана ауылындағы орта мектеп. Сонымен қатар, бүгін ауданымызда 800-ден астам бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттап, жаңа өмірлік кезеңге қадам басуда. Білім адамға сенімділік пен еркіндік сыйлап, өмірлік жолды дұрыс таңдауға мүмкіндік береді. Жаңа мектеп оқушыларының да еліміздің жарқын болашағына айналарына сенемін», – деді аудан басшысы.
Жаңа білім ордасының құрылысы өткен жылы басталып, биыл толық аяқталды. Жобаның жалпы құны 1,3 миллиард теңгені құрап, құрылыс жұмыстарын «ҚазМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіпті.
Мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған. Қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, география, тарих, математика, химия-биология, физика кабинеттері мен зертханалары толық жасақталған. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін арнайы лифт те қарастырылған. Сонымен бірге, оқушылардың кәсіби бейімділігін арттыруға арналған шеберханалар да бар. Атап айтқанда, оқушылар қыздарға арналған тігін және аспаздық кабинеттерді, ұлдарға арналған ағаш және темір бұйымдарымен жұмыс істеу бөлмелерін, сондай-ақ қыш-керамика бұйымдарын әзірлейтін арнайы шеберхананы пайдаланады. Мектептің үлкен спорт залы мен ауласындағы спорт алаңы балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте Тараз қаласындағы Амангелді орта мектебінен келген 56 оқушы және Қызылшарық саяжайынан тасымалданатын 13 оқушы білім алатын болады.
Ал Шайдана ауылында да көптен күткен қуаныш жүзеге асып, жаңа оқу жылында 150 орындық мектептің есігі оқушыларға айқара ашылды. Салтанатты ашылу рәсіміне аудандық мәслихат хатшысы Мұхтар Шайдаев, аудан әкімінің орынбасары Махпал Досымбекова, ата-аналар мен ауыл тұрғындары қатысты. Аудан әкімінің орынбасары өз құттықтау сөзінде: «Бұл мектеп – ауыл болашағына жасалған маңызды қадам. Жаңа ғимарат балалардың сапалы білім алуына, жан-жақты дамуына жол ашады. Ел ертеңі – білімді ұрпақ. Сондықтан мемлекет тарапынан осындай игі істер әрқашан жалғасын таба береді», – деп атап өтті.
Үш қабатты жаңа білім ордасында 15 оқу кабинеті, спорт залы, медициналық бөлме, ұлдар мен қыздарға арналған технология кабинеттері қарастырылған. Жылыту жүйесі заманауи автономды газ қазандығымен қамтамасыз етілген. Биылғы оқу жылында 170 оқушы осы мектепте білім алуға кіріссе, көршілес Сеңгірбай ауылынан 20 оқушы арнайы көлікпен қатынайтын болады. Бұл ауыл тұрғындары үшін көптен күткен қуаныш әрі келешекке жасалған сенімді қадамға айналды.
Білім күні мерекесінде тек мектептер ғана емес, спорт инфрақұрылымдары да пайдалануға берілді. Аудан орталығында үш бірдей білім ордасының – №1 және Б.Момышұлы, Ю.Гагарин атындағы мектептерінің жанынан жаңа футбол алаңдары салынып, салтанатты түрде ашылды. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы нысанның лентасын спорт ардагері Лесбек Өзенбаевпен бірге қиып, жас ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Өз сөзінде аудан басшысы жаңа спорт алаңдары жастардың спортпен айналысуына кең жол ашатынын айтып, аудан мен облыстың атын асқақтататын жас спортшылардың өсіп шығарына сенім білдірді.
Жалпы алғанда, Жамбыл ауданында жаңа оқу жылына орай бір мезетте бірнеше маңызды нысанның ел игілігіне берілуі – өңірдің әлеуметтік дамуына серпін беретін айтулы оқиға. Заманауи талаптарға сай мектептердің ашылуы ауыл балаларына сапалы білім алуға тең мүмкіндік берсе, спорт алаңдарының пайдалануға берілуі жастардың денсаулығын нығайтып, бос уақытын тиімді өткізуіне жол ашпақ. Бұл игілікті қадамдар ауданның білім беру саласын жаңа деңгейге көтеріп, өскелең ұрпақтың жарқын болашағына негіз қалауда.
Жалпы бүгінде Жамбыл ауданы бойынша жаңадан ашылған екі білім ошағын қосқанда, 53 білім мекемесі бар. Оның 43-і мемлекеттік, қалғаны жеке меншік. Онда 2974 адам қызмет етсе, оның 195-інен басқасы мемлекет есебіндегі мектептердің қызметкерлері. Негізі барлық мектеп қызметкерлерінің 1638-і педагог, 1336-сы штаттық қызметкер. Сапалық құрам 44,5 пайызды құрайды. 30 жалпы орта білім беретін мемлекеттік мектептердің жетеуі бастауыш, біреуі негізгі, 22-сі орта және екеуі жекеменшік мектеп («Asa Elite school», «Мөлдір»). Сонымен қатар 2 қосымша білім беру мекемесі (М.Төлебаев атындағы балалар өнер мектебі, Техникалық шығармашылығы және кәсіби бағдар беру орталығы) және 1 педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті жұмыс істейді. Мектепке дейінгі білім берумен 18 мекеме (10 мемлекеттік, 8 жекеменшік балабақша) және 16 шағын орталық айналысады.
А.БЕКЕНҚЫЗЫ