Саясат

ШЫҰ: Көпжақты ықпалдастық кеңейеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысып, сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және тарихы бай Тяньцзинь қаласында жылы қарсы алғаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге ризашылық білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымын әлемдік қауымдастық тиімді, ықпалды әрі қажетті халықаралық құрылым ретінде танитынын атап өтті.

Қазақстан Президенті ШЫҰ-ны дамытудың басым бағыттары жөніндегі көзқарасын жеткізді. Ең бірінші басымдық – Ұйым аясындағы стратегиялық серіктестік пен өзара қолдауды нығайту.

Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың мәнін атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, заңсыз көші-қон, киберқылмыс және басқа да деструктивті үрдістер дендеп тұрған уақытта бұл бағыттың мәні арта түседі.

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру өте өзекті деп санайды. Бұл ретте Қазақстан ШЫҰ-ның санкциялық қысымға қарсы еркін әрі әділ әлемдік сауданы дамыту бағытындағы нақты іс-қимылын қолдайды.

Президент көлік-транзит саласындағы серіктестікті нығайтуды тағы бір басымдық ретінде атады. Мемлекет басшысы 150-ден астам елдің қолдауына ие болған «Бір белдеу, бір жол» мегажобасының зор әлеуетін атап өтті.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары технологиялар және цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты жандандыру қажеттігіне назар аударды. Оның айтуынша, бұл істі кейінге қалдыруға болмайды. 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 5 триллион долларға жетіп, осы сектордың әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30 пайызға дейін ұлғаяды.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттағы нақты қадам ретінде ШЫҰ-ның жасанды интеллект бойынша тұрақты сарапшылар форумын өткізуді ұсынды.

Мемлекет басшысы экология саласындағы ықпалдастықты маңызды міндет деп атады.

Президент келесі жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толатынын еске салды.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта ШЫҰ-ға төрағалық ететін Қырғыз Республикасына және Президент Садыр Жапаровқа табыс тіледі.

Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында мынадай құжаттарға қол қойылды:

1. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Тяньцзинь декларациясы;

2. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесі отырысының қорытындысы бойынша құжаттарды бекіту туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;

– Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы;

– Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Шанхай ынтымақтастық ұйымы кеңістігінде экстремистік идеологияға қарсы іс-қимылдың 2026-2030 жылдарға арналған бағдарламасы;

– Шанхай ынтымақтастық ұйымының Энергетикалық ынтымақтастықты дамытудың 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиясын іске асырудың жол картасы;

3. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Лаос Халық Демократиялық Республикасына Шанхай ынтымақтастық ұйымының диалог бойынша серіктесі мәртебесін беру туралы шешімі;

4. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымының Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы жанындағы байқаушы мәртебесін алуы бойынша шешімі;

5. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің «Шанхай ынтымақтастық ұйымының серіктесі» мәртебесі туралы шешімі;

6. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласын 2025-2026 жылдары Шанхай ынтымақтастық ұйымының туристік және мәдени астанасы деп жариялау туралы шешімі;

7. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің ШЫҰ Бас хатшысының құжаттарға қол қою өкілеттілігі туралы шешімі;

– Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығының Қытай Халық Республикасына келу шарттары туралы 2004 жылғы 17 маусымдағы келісіміне хаттама;

– Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығы мен «Росконгресс» қоры арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

8. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымының өткен жылғы қызметі туралы баяндаманы бекіту туралы шешімі;

– Шанхай ынтымақтастық ұйымы Бас хатшысының Шанхай ынтымақтастық ұйымының өткен жылғы қызметі туралы баяндамасы;

– Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының 2024 жылғы қызметі туралы баяндамасы.

9. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Есірткіге қарсы орталығы туралы келісімі;

10. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қауіпсіздіктің сын-қатерлеріне қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталығы жөніндегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы келісім;

11. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына және Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 80 жыл толуына орай мәлімдемесі;

12. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің цифрлық экономика саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі мәлімдемесі;

13. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің энергетиканы орнықты дамыту бойынша ынтымақтастық туралы мәлімдемесі;

14. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің «жасыл» өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық туралы мәлімдемесі;

15. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету туралы мәлімдемесі;

16. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің көпжақты сауда жүйесін қолдау туралы мәлімдемесі;

17. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің есірткінің әлемдік мәселелерін тиімді шешу және оған қарсы күрес ісіндегі мәлімдемесі;

18. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің ғылыми-техникалық және инновациялық ынтымақтастық жөніндегі мәлімдемесі;

19. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің уәкілетті министрліктері мен ведомстволары басшыларының орнықты даму саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты нығайту туралы мәлімдемесі;

20. Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығының Қытай Халық Республикасына келу шарттары туралы 2004 жылғы 17 маусымдағы келісіміне хаттама.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев «Көпжақты ынтымақтастықты дамыту, өңірлік қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету» тақырыбына арналған «ШЫҰ плюс» саммитінде сөз сөйледі.

Президент Қытайдың төрағалығы аясында ШЫҰ халықаралық қоғамдастықтағы өз позициясын айтарлықтай күшейткеніне назар аударды.

Мемлекет басшысының айтуынша, былтыр Астанадан бастау алған «ШЫҰ плюс» форматы Ұйымның күн тәртібімен үйлесім тапты. Көптеген мемлекеттің қызығушылығы артқан Ұйым қазіргі заманның өзекті проблемалары жөніндегі нәтижелі пікір алмасу алаңына айнала бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бірлескен күш-жігер жұмылдыру арқылы қарулы қақтығыстардың ушығуына жол бермеу қажет.

Президент өз сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау қажет екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасының Жаһандық басқару бастамасы саммитінде (Global Governance Initiative) халықаралық қоғамдастықтың даму перспективасына қатысты көтерген ұсынысына жоғары баға беріп, оның ұзақмерзімді сипатына назар аударды. Мемлекет басшысының айтуынша, аталған бастама анағұрлым әділ әрі орнықты әлемдік тәртіп қалыптастыруды көздейтін ортақ күш-жігерді толықтыра түседі.

Бұдан бөлек, Президент Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруға нақты қолдау көрсеткені үшін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларына ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ аясындағы қаржылық, экономикалық, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған барлық үдеріске Қазақстанның белсенді қатысатынын мәлімдеді.

Мемлекет басшысының пікірінше, жасанды интеллектіні қолданудың ережесі мен этикалық стандарттарын әзірлеу өзекті мәселеге айналды. Бұл ретте ол Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық бойынша жаһандық ұйым құрып, штаб-пәтерін Шанхайда орналастыру ұсынысына қолдау білдірді.

Сондай-ақ Президент климат мәселесіне айрықша назар аударды.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, келесі жылы Ұйымның 25 жылдығы аталып өтетінін еске салды.

Akorda.kz