Құтқарушыларға жаңа техникалар табысталды
Тасқын су, сел, қар көшкіні, өрт секілді табиғи апаттардың алдын алу және оның зардабын жоюда төтенше жағдайлар қызметкерлерінің құрал-сайманы, техникасы талапқа сай болуы қажет. Сонда ғана құтқарушылар қауіптің алдын ала алады әрі ескі-құсқы көлікпен алысып, әбігерге түспейді. Кеше осы мақсатта өңірдегі төтенше жағдай саласы мамандарына арнайы техникалар мен жабдықтардың жаңа топтамасы тарту етілді.
Анығын айтсақ, Тараз қаласының орталық алаңында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелеріне жаңа өрт сөндіру-құтқару техникасы мен арнайы киімдерді табыстаудың салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараға ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, осы саланың жеке құрамы қатысты.
Сондай-ақ министр қандайда бір қауіп төне қалса халық құтқарушыларға үміт артатынын, жасалған жағдай сала мамандарына үлкен жауапкершілік жүктейтінін тілге тиек етті.
Келесі кезекте сөз алған Ербол Шырақпайұлы облыс халқы құтқарушыларға ерекше құрметпен қарап, еңбегін бағалайтынын атап өтті.
Бұдан кейін Ш.Әрінов пен Е.Қарашөкеев өрт сөндіру автостансасы, өрт сөндіру автоцистернасы, жүрісі жоғары жол талғамайтын, жанар-жағармай таситын көлік секілді бас-аяғы 13 заманауи техниканың кілтін құтқарушыларға табыстады. Сондай-ақ оларға «Қазақстан құтқарушылары қоры» ұсынған 94 жиынтық формалық киім берілді.
Айта кету керек, іс-шара бөлімшелердің төтенше жағдайларға жедел ден қоюға дайындығын арттыруға және өңірдің қауіпсіздігін нығайтуға бағытталды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ