Жаңалықтар

Таразда қалалық №10 емхана ашылады

Өңірімізде денсаулық сақтау саласында соңғы жылдары оң өзгерістер байқалады. Ауылдарда жаңа денсаулық нысандары көптеп салынып, қолданыстағы емханалар заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталуда. Дегенмен кадр тапшылығы мен тозығы жеткен нысандарды күрделі жөндеуден өткізу сынды кезек күттірмейтін мәселелер де бар екені жасырын емес. Осы және өзге де түйткілдер облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте талқыланды.

Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек өңірдегі медицина сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, аймақта денсаулық сақтау саласында барлығы 15,5 мыңға жуық медицина қызметкері жұмыс істейді. Оның ішінде зейнет жасындағы дәрігерлердің саны – 221.

– Соңғы жылдары аймақтағы кадр тапшылығы біртіндеп азайып келеді. Егер 2021 жылы дәрігерлер жетіспеушілігі 169 бірлікті құраса, өткен жылдың қорытындысымен бұл көрсеткіш 70-ке дейін түсті. Алайда осы жылдың басында маман тапшылығы қайтадан 109 дәрігерге жетті. Сала өкілдерінің 47-сі қалаға, 62-сі ауылдық жерлерге қажет. Әсіресе жалпы тәжірибелік дәрігер, радиолог, анестезиолог-реаниматолог, терапевт, педиатр және салалық бейінді мамандар қажеттілігі сезіліп отыр.

Мәселені шешу үшін облыста бірқатар шаралар қабылдануда. Жергілікті бюджет есебінен С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде 51 студент білім алуда. Сондай-ақ соңғы жылдары 42 жас дәрігер резидентураны аяқтап, өңірімізге жұмысқа орналасты. Биыл тағы 22 резидент оқуын жалғастыру үшін грантқа қабылданды. Қазір жалпы саны 84 жас маман резидентурада оқып жүрсе, республикалық бюджет есебінен тағы 182 дәрігер дайындалып жатыр. Алдағы бес жылда жыл сайын 90-нан астам жаңа дәрігердің облысқа келуі жоспарлануда.

Жас мамандарды қаржылай, баспанамен қамту секілді әлеуметтік қолдау шаралары да қарастырылған. Нәтижесінде биыл облысқа 45 жас маман келді, – деген Сержан Сәрсенбекұлы биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша облысқа 154 жас маман бөлінгенін жеткізді.

Оның 80 пайызы ауылға, қалғаны қалаға жұмысқа орналасады. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Сол секілді баяндамашы облыстың медициналық ұйымдарын заманауи құралдармен жабдықтау мәселесі де назарда екенін айтты.

Баяндамада айтылған күрделі жөндеуді қажет ететін аурухана мен кадр тапшылығы мәселелеріне ерекше назар аударған Ербол Шырақпайұлы басқарма басшысына бірқатар сауал қойды.

Сержан Назарбектің айтуынша, ауруханаларды біріктіру мәселесі бойынша министрліктің тапсырмасына сәйкес жұмыс тобы құрылған. Қазіргі таңда мамандармен бірлесіп, кезең-кезеңімен талдау жүргізілуде. Негізгі мәселе – мамандардың тапшылығы және профильдердің қайталануы. Мысалы, екі мекемеде он бір профиль бір-бірін қайталайды. Егер қосылатын болса, кадрлар біріктіріліп, қайталанған профильдер оңтайландырылып, сапа артады. Бұл бағыттағы шешім осы айда  ұсынылады.

Әлеуметтік желілерде медицина саласына қатысты шағымдар аз емес. Емханалардағы бітпейтін кезек, дәрігерлердің немқұрайлы қарым-қатынасы, тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмау сынды мәселелер халық үшін өзекті күйінде қалып отыр. Облыс әкімі осы мәселеге де баса назар аударды.

Мұнан кейін кеңесте облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсабаев баяндама жасап, туризм саласын дамыту мәселелерін көтерді. Аталған бағыт бойынша аймақ басшысы Меркі, Жуалы секілді таулы аудандарды дамыту, жол бойындағы әжетханалардың тазалығына көңіл бөлу және туристердің экологиялық мәдениетін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ