25 мыңнан аса адамның жалақысы 50 пайызға дейін өседі
Енді су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы энергетика саласы мамандарының деңгейіне жеткізіледі, деп хабарлайды arainfo.kz
Қазақстанда «Табиғи монополиялар туралы» заңға енгізілген түзетулер күшіне енді. Енді су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы энергетика саласы мамандарының деңгейіне жеткізіледі.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, ел бойынша 25 мыңнан астам қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 35–50%-ға артады. Жаңа тәртіп қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.
Министр Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, бұл шаралар сала мамандарының мәртебесін көтеріп қана қоймай, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Бұған қоса, «Қазсушардың» маусымдық жұмысшылары тұрақты жұмыспен қамтылып, мамандарды оқыту мен біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, былтыр да су шаруашылығы саласының қызметкерлерінің жалақысы 25%-ға көбейген еді.