Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін онлайн-санақ кезеңі 20 қыркүйекке дейін ұзартылды
Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін онлайн-санақ кезеңі 20 қыркүйекке дейін ұзартылды. Барлық заңды тұлғалар, шаруа және фермер қожалықтары, сондай-ақ ауыл шаруашылығымен айналысатын жеке кәсіпкерлер санақтан sanaq.gov.kz сайтында өте алады, деп хабарлайды arainfo.kz
Бюроның тіркеліміне сәйкес, санақ 22 мың ірі кәсіпорынды және 271 мың шаруа, фермер қожалықтарын және жеке кәсіпкерлерді қамтуы тиіс. Тамыз айында онлайн-санаққа 574 мың респондент қатысты. Оның ішінде 245,7 мыңнан астамы – ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері, шамамен 328 мыңы – үй шаруашылықтары.
Еске сала кетейік, онлайн-санақ кезеңі 1 тамызда басталып, 31 тамызда аяқталуы тиіс болған. Интервьюерлердің үй шаруашылықтарын аралайтын екінші кезең 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін болады.
Ауыл шаруашылығы санағына қатысты барлық сұрақ бойынша 1446 байланыс орталығына сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін қоңырау шалуға немесе санақ сайтында орналасқан Sanaq myrza чат-ботына жазуға болады.