Жаңалықтар

Жамбыл облысында 4 жаңа мектеп ашылды

1 қыркүйек – Білім күніне орай Жамбыл облысында төрт жаңа білім беру нысаны салтанатты түрде пайдалануға берілді, деп хабарлайды arainfo.kz

Атап айтқанда, Жамбыл ауданына қарасты Бәйтерек (100 орындық) және Шайдана (150 орындық) ауылдарында заманауи мектептер іске қосылды.

Бәйтерек ауылындағы Ы. Алтынсарин атындағы мектептің құрылысы 2024 жылы басталып, оны «ҚазМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Жобаның жалпы құны – 1,3 млрд теңге.

Мектеп заманауи талаптарға сай толық жабдықталған. Мұнда пән кабинеттері мен зертханалар, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған жеделсаты (лифт) қарастырылған.

Сондай-ақ ұлдар мен қыздарға арналған технология кабинеттері, қыш-керамика шеберханалары, үлкен спорт залы және ашық спорт алаңы бар. Бұл – оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.

№5 Шайдана орта мектебі – үш қабатты. Білім беру нысанында 15 оқу кабинеті, спорт зал, медициналық бөлме, ұлдар мен қыздарға арналған технология кабинеттері бар.

2025–2026 оқу жылында бұл мектепте 170 оқушы білім алуды бастады. Сонымен қатар көршілес Сеңгірбай ауылынан 20 оқушы арнайы көлікпен тасымалданады.

Бұдан бөлек, Жамбыл ауданындағы Б. Момышұлы, №1 және Ю. Гагарин атындағы білім ошақтарының жанынан жаңа футбол алаңдары ашылды.

Бұл күні Байзақ ауданының Сарыбарақ және Шу ауданының Жиенбет ауылдарындағы 100 орындық жаңа мектептер де оқу жылына орай пайдалануға берілді.

Жаңа білім беру нысандары мен спорт алаңдарының іске ашылуы – ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш әрі келешекке деген сенімді қадам. Бұл жобалар ауыл балаларына сапалы білім мен жан-жақты даму мүмкіндігін береді.