Жаңалықтар

Ербол Қарашөкеев жамбылдықтарды Білім күнімен құттықтады

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы №66 орта мектепте өткен 1 қыркүйек – Білім күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысты, деп хабарлайды arainfo.kz

Жиында алғашқы қоңырау соғылып, өнерлі өрендердің ән-шашуы мен мерекелік қойылымдары көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Өңір басшысы ұстаздарды, оқушыларды, ата-аналарды және барша білім саласының жанашырларын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.

Ербол Қарашөкеев өз сөзінде өскелең ұрпаққа артылар сенім мен үміттің зор екенін атап өтті. Ол балаларға оқуда озат, еңбекте тиянақты, өмірде табанды болуға тілек білдірді.


Сондай-ақ облыстағы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жүйелі түрде нығайтылып келе жатқанына да тоқталды. Жаңа білім беру нысандары бой көтеріп, үш ауысымды, апатты жағдайдағы және оқушы орны тапшы мектептердің мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын жеткізді.

Қазіргі таңда 26 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 10 жаңа мектеп пен 5 мектептің жапсарлас ғимаратының құрылысы аяқталады. Қалған 11 нысан 2026 жылы толық пайдалануға берілмек.

Президент тапсырмасына сәйкес өңірде 66 мектепті қайта жаңғырту міндеті тұр. Биыл 10 білім ошағында ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Шара барысында облыс әкімі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген білім ошағын аралап көрді.

Сондай-ақ 1-сынып оқушыларымен кездесіп, бүлдіршіндергі ақ жол тіледі.