Жаңалықтар

Тәуелсіз Қазақстанның Темірқазығы

Биыл Қазақстан Республикасы өзінің басты құқықтық құжаты – Конституциясының 30 жылдығын атап өтпек. Бұл тарихи дата – Тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен қалыптасуындағы маңызды белес, еліміздің егемендік жылдарындағы жетістіктерінің заңнамалық іргетасын еске түсіретін сәт.

1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Конституция – мемлекеттің саяси және құқықтық жүйесінің негізін қалаған, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын айқындап, билік тармақтарының өзара тепе-теңдігін бекіткен басты құжат. Содан бергі 30 жыл ішінде Ата заң ел дамуымен бірге жаңарып, қоғам қажеттіліктеріне бейімделіп келді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға деген құрмет пен оны мүлтіксіз орындауды жоғары азаматтық жауапкершілік және нағыз патриотизмнің көрінісі ретінде бағалайды. Оның пікірінше, Конституцияның мызғымас қағидаттарына сүйене отырып, ел болашағына сеніммен қарауға болады. «Біз баршаға бірдей мүмкіндік беретін әділетті мемлекет құрамыз», – деп атап өтті Президент.

Осы тұста Ата заң – тек билік құрылымын анықтаушы құжат емес, сонымен қатар, демократия мен азаматтық қоғамның дамуына негіз болатын құрал ретінде қарастырылады.

Конституция қабылданғаннан кейінгі жылдары еліміздің құқықтық жүйесі бірнеше рет жетілдірілді. Атап айтқанда, 1998, 2007 және 2022 жылдары Конституцияға маңызды өзгерістер енгізілді. Соңғы референдум 2022 жылғы маусымда өтті. Бұл саяси науқан «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасына жол ашып, қоғамды демократияландыру бағытындағы батыл қадамдардың бірі болды. Аталған өзгерістер Президент өкілеттілігін шектеу, Парламент рөлін арттыру, адам құқықтарын қорғауды күшейту сынды бастамалармен ерекшеленді. Бұл ретте Конституция – ел өміріндегі үдерістерге серпін беретін, қоғаммен бірге дамитын құжат екені дәлелденді.

Конституцияның 30 жылдығы – мерекелік дата ғана емес, сонымен қатар, болашаққа жаңа міндеттер мен мақсаттар қою кезеңі. Президент атап өткендей, әрбір азамат Конституцияның мазмұнын терең түсініп, оның талаптарын сақтауға мүдделі болуы тиіс. Бұл – әділетті, заң үстемдігіне негізделген қоғамның басты алғышарты.

Бүгінгі таңда Конституция – тек заңдық құжат емес, бүкіл халықты біріктіретін, ортақ құндылықтарды насихаттайтын, болашақ ұрпаққа тұрақты негіз болатын Темірқазық. Оны сақтау – әрбір қазақстандықтың парызы. Заң үстемдігі мен азаматтық келісімге негізделген қоғам құру – Қазақстанның келешек ұрпағы үшін де аса маңызды міндет.

 

М. АЛТЫНБЕК,

адвокат, Жамбыл облыстық адвокаттар

алқасының мүшесі.