Жаңалықтар

Бүгін Қазақстан Қарулы күштерінің тыл әскери қызметшілері кәсіби мерекесін атап өтуде

Бұл күн – әскерді жан-жақты қамтамасыз ету ісінде тұрған әскери қызметшілердің еңбегін бағалайтын ерекше күн.

1992 жылы осы күні әскерді басқарудың орталықтандырылған органы құрылып, содан бері қарулы күштерді қару-жарақпен, жанар-жағармай материалдарымен жабдықтап, техниканы қалпына келтіру, инфрақұрылым салу және қызмет көрсетумен айналысып келеді.

Бүгінде ҚР Қарулы күштерінің Тылы – заманауи әрі жоғары технологиялы құрылым. Соңғы жылдары салада цифрландыру кеңінен енгізілді: электронды құжат айналымы іске қосылды, қоймадан сарбазға дейінгі әрбір тауардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық таңбалау енгізілуде. Сондай-ақ әскери логистика жүйесі жетілдіріліп, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-мен интеграциялау жұмыстары жүргізілуде.

Тыл әскери қызметшілері кәсіби біліктілігін халықаралық деңгейде де дәлелдеп келеді. 2024 жылы Беларусьтегі «Брест» полигонында өткен «Эшелон-2024» оқу-жаттығуларына қатысып, әскерді жанар-жағармаймен, азық-түлікпен және техникамен қамтамасыз етті. 2025 жылдың көктемінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадты табысты қамтамасыз етті.

30 жылдан астам уақытта тыл мамандарының арқасында әскерлердің күнделікті өмірі мен жауынгерлік қабілетін қамтамасыз ететін тұрақты жүйе қалыптасты. Қазіргі таңда тамақтану нормалары ғылыми ұсыныстарға негізделіп, сарбаздардың рационына 80-нен астам өнім кіреді. Сонымен қатар далалық киім үлгісін біркелкі ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазақстан Қарулы күштерінің тыл басқармасы – армияның сенімді тірегі. Тыл мамандары алдыңғы буынның даңқты дәстүрлерін жалғастырып, әскерді уақтылы және толық қамтамасыз ету міндетін абыроймен атқарып келеді.