Жаңалықтар

Меркі-жердің көркі

Облысымызда алғаш рет ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне ие «Меркі мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» құрылды. Аталмыш бастама өңірдің бай табиғи мұрасын сақтауға, экологиялық тепе-теңдікті қорғауға және экотуризмді дамытуға зор серпін бермек.

Бұл жоба Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылды.

Жаңа табиғи парк аумағы таулы және тау етегіндегі аймақтарды қамтып, өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін түрлерін қорғауға бағытталған. Аталмыш парктің мән-маңызы туралы кеңірек білу үшін біз облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің бас маманы Ерсұлтан Ғалиевпен әңгімелескен  болатынбыз.

Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, қорықтың туристiк және рекреациялық қызмет аймағында қаумалдық қорғау режимi белгіленген. Осы арқылы мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілерінің сақталуы қамтамасыз етіледі. Мысалы, қорық аумағында реттелмелі туристік нормаларды ескере отырып, туристік маршруттар мен соқпақтар ұйымдастыруға болады екен. Сондай-ақ демалу алаңқайлары мен тамашалау алаңдарын, жағажайларды, қайық станцияларын орнатуға рұқсат етіледі. Суда жүзетін көлік түрлері мен жағажай құрал-жабдығын жалға алу пункттерін ашу да заңға томпақ емес. Бал ара шаруашылығымен, яғни омарташылықпен айналысу үшін уақытша құрылыстар салып, стационарлық омарталар орналастыруға да мүмкіндік бар. Сонымен қатар балық өсіру шаруашылығын жүзеге асыруға да болады.

Аталған табиғи парктің құрылуына қатысты атқарылған жұмыстар ретімен танысу барысында Меркі орманшаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі директорының орынбасары Санжар Ерланұлымен тілдестік.

Сондай-ақ паркте ағаш-бұталардың көшеттерін, санитарлық және күтімді қажет ететін орман бұталарын кесуге, алынған ағашты өңдеуге, дәрілік шөптерді өсіруге болады. Қолөнер, халық кәсіпшілігі бұйымдарын жасауға, жергілікті балық түрлерін өсіруге, көшпелі және тұрақты омарта шаруашылығымен айналысуға тыйым салынбаған. Әуесқой (спорттық) балық аулауға, мелиоративтік, ғылыми-зерттеу және өсімдік-жануарларды көбейтуге арналған заңды аулау әрекетіне рұқсат берілген. Қорықтағы шектеулі шаруашылық қызмет түрлері міндетті түрде мемлекеттік органдардың рұқсатымен және табиғи-қорық қоры нысандарын сақтау талаптарын ескере отырып жүргізіледі.

Табиғаттың таңғажайып тартулары-Тәңірдің баға жетпес байлығы. Сол себепті қорықтардың құндылығын сезінуді және оларды көздің қарашығындай сақтауды әр азамат бұлжымас парыз санауы қажет.

Сымбат ҚУАНЫШ