Арман Сатаевтың ұстанымы – адалдық
Төтенше жағдай адам үшін айтып келмейтін апат екені анық. Сол үшін де бұл саладағы қызметкерлердің еңбегі ерен. Олар күн сайын әртүрлі жағдайға тап болады. Алайда олар тез арада шешім қабылдау, осылайша, адам өмірін құтқару, төтенше жағдайдың алдын алу, оның өршіп кетуіне жол бермеу секілді маңызды жұмыстарды бірінші орынға қояды. Көмекке зәру азаматтарға ең алғашқы болып қол ұшын созатын бейбіт күннің батырлары Тараз қаласының төтенше жағдайлар қызметінде жетерлік. Дәл сондай жандардың бірі – азаматтық қорғау подполковнигі Арман Сартаев.
Кейіпкеріміз 30 жыл бойы өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінде еңбек етіп келеді. Оның мамандығы қауіп-қатерге толы, әп-сәтте сауатты шешім қабылдауға, тәуекел етуге иетермелейтін және адамның өмірін сақтап қалу парыз етілген ұғыммен тікелей байланысты. Өрт сөндіруші болу – күнделікті ерлікке, бір сәттік шешім қабылдауға әрқашан дайын болу.
Қазіргі таңда Арман Сартаев өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің кезекші бөлімінде жедел кезекші болып еңбек етеді.
Тұрар Рысқұлов ауданының Құлан ауылында туған ол бала кезінен осы салада қызмет етуді армандаған. Мектептен кейін екі мамандандырылған училищені бітіріп, 1995 жылы азаматтық қорғау органдарында қызметін бастады.
Табаны күректей 30 жылдық қызметі барысында Арман Молдатайұлы сенімділік пен кәсібиліктің үлгісіне айналды. Ол тұрмыстық өрттерден бастап ауқымды апаттарға дейінгі көптеген шақыртуларға шыққан. Ең есте қалғандарының қатарында «Мыңбұлак» сауда орталығындағы алапат өртті сөндіру оқиғасы бар. Сонымен қатар ол химиялық қауіпсіздік бойынша халықаралық жаттығуларға қатысқан және жанып жатқан жатақханадан 50-ден астам адамды құтқарып қалған сәтін тебірене еске алады.
Кейіпкеріміз сабырлы, өзіне сенімді жан. Қимылдары нақ, шешімдері батыл. Жылдар бойы ол өз ісінің шеберіне айналып, талай сын сәттерде кәсібилігімен көзге түсті. Әрбір тапсырманы жауапкершілікпен орындап, өзгелерге үлгі бола білді. Уақыт өте келе ол тек тәжірибелі құтқарушы ғана емес, жас әріптестеріне бағыт-бағдар беретін тәлімгер дәрежесіне көтерілді. Оның сабырлы мінезі, табандылығы мен батылдығы айналасындағыларға сенім ұялатып, нағыз құтқарушының бейнесін айқындайды.
Өрт сөндіру қызметіндегі жедел кезекшінің жұмысы жоғары біліктілікті, жылдам әрекетті және күрделі жағдайда шешім қабылдай білуді талап етеді. Оның әрекеттері құтқару операцияларының нәтижесіне және азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан мұнда маманның жоғары кәсібилігі мен өз ісіне адалдығы аса қажет.
Ал қызметтен тыс уақытта Арман Молдатайұлы сүйікті отбасына қамқор отағасы. Жұбайы Айсулу екеуі Мадияр мен Дана есімді ұл-қыз тәрбиелеуде. Ұлы әке өнегесінен шабыт алып, жолын жалғастыруды ойлап жүр.
Өрт сөндіруші мамандығы үлкен жауапкершілікті талап етеді, бұл ерлік пен қайсарлықтың мектебі. Қиындыққа қарамай халықтың амандығы үшін қызмет ету – әрбір өрт сөндірушінің басты борышы. Арман Сартаевтың өмір жолы осы міндетке деген адалдықтың, іске беріктіктің, рухы мен жүрегі мықты азаматтың айқын үлгісі.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ