«Келешек мектептері» жобасы аясындағы №7 мектеп жаңа оқу жылына дайын
Білім күні қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылындағы №7 орта мектептің жаңа оқу жылына дайындығымен танысты, деп хабарлайды arainfo.kz
Аталған білім ошағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып, ел игілігіне берілген болатын. Аталған мектепті білікті ұстаз Гүлмира Есентаева басқарып келеді.
Жұмыс барысымен мектептің педагог - ұйымдастырушысы Аружан Кәрімқызы таныстырды. Ата-аналар да журналистермен бірге ғимаратты аралап көрді. Мектептің 360 орынға арналған асханасы, 500 орындық мәжіліс залы талапқа сай. Кең де әсем спорт залына да сүйсіндік. Бастауыш сынып бөлмелері де әдемі, жинақы. Әр қабатта коворкинг. Медициналық бөлме, шығармашылық жұмыс бөлмелері жұмыс істейді. Химия, биология кабинеттері де соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған. Кітапханада 13 мың дана кітап қоры болса, әдеби көркем туындылар 4020 дананы құрайды.
Еңбекке баулу бөлмесі ұлдарға бөлек, қыздарға бөлек қамтылған. Қыздардың ас дайындауына арналған бөлме де бар. Көркем еңбек пәнінің мұғалімі Айзат Ұзатова қыздарға тігіншілікті қалай үйрететінін баяндап берсе, биология пәнінің мұғалімі Эльмира Төлепова аз уақытта өзінің оқыту тәсілінен хабардар етті. Әр оқушыға гидропоника, микроскобтар берілгенін айтып өтті. Қытайлық қондырғының көмегімен қияр, қызанақ өсіру жолдарын да оқушылар үйренуде. Яғни, ғылыми жолдың негізі мектептен қаланып жатыр.
Журналистермен бірге мектепті аралаған ата-ананың жасы үлкені 81 жастағы Салиха Есқараева. 4 немересі осы мектепте білім алады екен. Ол кісі қазіргі мүмкіншілікке көңілі толып, жастарға ақ батасын берді. «Менің 1,2,4 оқитын балаларым осы мектепте оқиды. Мұнда барлық жағдай жасалған. Оқу залдары, мәжіліс залы, кітапхана көңілден шығады. Кейде балаларымыз арқылы жаздырып, өзіміз де мектептен әдеби көркем кітаптар алып оқып жүрміз», – дейді жас ата-ана Шынар Асқарқызы.
Аталған мектептің биылғы оқу жылына әзірлеген жоспарлары да қомақты. Мектеп 600 оқушыға арналған. Оқушылар мемлекеттің қамқорлығын сезініп осындай мектепте білім алғандарына дән риза.
Айта кету керек, өңірде жоба аясында бүгінгі күнге дейін 4 мектеп пайдалануға берілген, 3 мектеп жыл соңына дейін ашылады.