Жаңалықтар

Кіріс толықпай, ырыс молықпайды

Бюджет қаражатын ұтымды әрі тиімді пайдалану- мемлекет алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі. Бұл ретте бюджет қаражаттарының бөлінісі, шығыс пен кірістердің тұрақты бақылауда болуы жергілікті атқарушы органдардың басты құзыретіне жатады. Сонымен қатар қаражаттың жұмсалу барысы мен нәтижесі жөніндегі толыққанды ақпарат халыққа дер кезінде әрі ашық түрде ұсынылуы тиіс.

Соңғы жылдары елімізде бюджет тапшылығының арта түсуі алаңдатарлық жағдайға айналды. Бөлінген қаражаттың толық әрі ұтымды игерілмеуі салдарынан көптеген салаларда жоспарланған жұмыстар жүзеге аспай қалуда. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ерекше тоқталған болатын. Президенттің айтуынша, соңғы бес жылдың ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кеткен. Сол жиында Мемлекет басшысы: «Қаржы министрлігі былтырғы табыс жоспарын алдын ала төленген осы жылдың салықтары есебінен орындағаны белгілі. 600 миллиард теңге көлемінде қосылған құн салығын қайтару уақытша тоқтатылды. Демек, бюджет мәселелері бизнестің айналымдағы қаражаты есебінен шешілді.

Әлі шешімін таппаған тағы бір мәселе – бюджетті бөлу тәртібі. Ол экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталмаған. Қаражат күнделікті мәселелерді шешуге жұмсалады, стратегиялық мақсаттар соның көлеңкесінде қалады. Үкімет шығыстардың экономикалық пайдасы барынша жоғары болуына баса мән бере отырып, оның нақты басымдықтарын айқындауы керек.

Енді бюджеттің кіріс бөлігіне келейік. Қазір жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Бұл құжат инвесторларға қолайлы жағдай жасау мен бюджетке қажетті көлемде қаржы түсірудің арасында көкейге қонымды теңгерім болуын қамтамасыз етуі керек. Алайда бизнес қауымдастығында бұл құжат, ең алдымен, салық мөлшерлемесін өсіруді көздейді деген пікір қалыптасып отыр. Қазақстанда түпкі мәні өзгеріп кеткен қосылған құн салығының өзін реформалау қажет. Оны 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру мәселені шешпейді. Сарапшылар қосылған құн салығын көтеру көлеңкелі экономиканың үлесін арттырып, инфляцияның өсуіне әкеп соқтыруы ықтимал деп орынды пікір білдіріп жатыр. Бұл қадам еліміздің инвестициялық тартымдылығына да кері әсер етуі мүмкін. Бұрынғы Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің орнына салықты көтеріп, қазынаға қосымша қаржы түсіреміз деген уәжді алға тартатын. Жаңа Салық кодексін әзірлеу барысына Мемлекет басшысы ретінде менің көңілім толмайды. Алдымызда ұлттық экономиканы сапалы әрі қарқынды дамыту деген өте маңызды міндет тұрғанын терең түсіну қажет.

Табыс пен мүлікке салық салудың жаңа жүйесін енгізбесек, кәсіпкерлерді табысын қалтаға баспай, бизнесін дамыту үшін жұмсауға ынталандырмасақ, арнайы салық режимдерін өзгертпесек, бұл міндетті орындай алмаймыз. Сондықтан Салық кодексі секілді стратегиялық маңызы бар құжатты әзірлеуге осы сала мамандарынан бөлек экономистер мен бизнес өкілдері жұмылдырылуы қажет. Әрине, бюджет қоржынын толтыру міндетін ұмытуға болмайды. Экономика неғұрлым қуатты болса, соғұрлым көп салық түседі деген қағидатты берік ұстану керек.

Салықты жайдан жай көбейте салуға болмайды. Ең алдымен, салық салу жүйесін реттеп, оны жетілдіру қажет. Сондай-ақ көлеңкелі экономиканы барынша азайту керек. Яғни, салық жүйесін басқару жұмысы дұрыс жолға қойылмаса, ең озық деген салық саясатының өзі тиімсіз болып шығады.

Үкімет салық жеңілдіктерін берудің ашық әрі нақты ережелерін әзірлеуге тиіс. Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, жеңілдік берудің салдарынан жыл сайын бюджетке орташа есеппен 7 триллионға жуық теңге кем түседі,– деді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес соңғы жылдары бюджет қаражатын тиімді пайдалану бағытында елімізде ауқымды шаралар қолға алынып, жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Қаржының әрбір теңгесі мақсатты әрі орынды жұмсалуы үшін бақылау тетіктері күшейтіліп, атқарушы органдардың жауапкершілігі артып отыр. Мұндай жұмыстардың нәтижесі де біртіндеп өз жемісін беруде. Мәселен, биылғы алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кірісі 11 триллион теңгеге жеткен. Аталған мәліметтерді ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев шілде айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында жария етті. Сол жиында бюджеттің орындалу барысына қатысты бірқатар маңызды мәселелер талқыланды.

Қаржы министрінің айтуынша, есепті кезеңде республикалық бюджет кірісі жоспардан асып, 31 миллиард теңгеге артық түскен. Соның нәтижесінде бюджеттің орындалу деңгейі 100,5 пайызға жетіп, белгіленген межеден жоғары көрсеткіш тіркелді. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатының дұрыс жоспарланып, тиімді игеріліп жатқанын дәлелдейді.

Бюджетті тиімді игеру бағытында облысымызда да бірқатар нәтижелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Соның арқасында өңіріміз бұл салада көш басынан көрініп келеді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтың мәліметіне сүйенсек, биыл облыстың бюджет кірістері 701,4 миллиард теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 53,8 миллиард теңгеге артып отыр.

Өңір экономикасының өркендеуі жолында қол жеткізілген мұндай жетістіктердің оң әсер берері сөзсіз. Облыс бюджетінің тиімді әрі мақсатты игерілуі аймаққа қарасты аудандардың да экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізуіне серпін беруде. Бұл ретте жергілікті бюджет қаражатының ұтымды жұмсалуы тікелей тиісті әкімшілік жұмысының нәтижесіне байланысты екені жасырын емес. Дегенмен облысымыздағы бірқатар аудандарда бұл бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр.

Мәселен, биыл Мойынқұм ауданының бюджет қазынасына жалпы көлемі 6 805,5 миллион теңге қаржы қарастырылған. Оның ішінде меншікті кірістер 2 931,7 миллион теңгені, субвенциялар 2 628,3 миллион теңгені, ал жоғары тұрған трансферттер 1 245,4 миллион теңгені құрап отыр. Жыл басынан бері екі мәрте нақтылау жүргізіліп, нәтижесінде меншікті кірістер 19,3 миллион теңгеге, ал жоғары тұрған трансферттерден түсетін қаражат 797,2 миллион теңгеге ұлғайған.

Аудан әкімі Ермек Карентаевтың сөзіне сүйенсек, бірінші жартыжылдық қорытындысында меншікті кірістердің көлемі 1 920,5 миллион теңгеге орындалып, жоспарланған межеден едәуір асып түскен. Нақты айтқанда, аудан бюджетіне жоспардан артық 398,8 миллион теңге қосымша түсім түскен.

Аудандағы әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері де оң қарқынмен орындалып келеді. Бірқатар салаларда жоспарлы межелер артығымен жүзеге асып, кіріс қаражаттары айтарлықтай өскен. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша 59,2 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,7 миллиард теңгеге артық. Ал ауылшаруашылығы саласы бойынша жалпы өнімдерінің көлемі 2,2 миллиард теңгені құраса, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5,8 миллиард теңгеге жеткен.

Аймақта әлеуметтік қолдау шаралары аясында тұрғын үймен қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлінуде. 2024 жылы республикалық бюджет есебінен 230,1 миллион теңге бөлініп, көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 12 пәтер сатып алынып, мұқтаж жандарға табысталған. Ал биыл  тағы да 10 пәтер сатып алуға 137,3 миллион теңге қарастырылып отыр. Ауданның ауқымды мәселелерінің қатарында газдандыру жұмыстары да бар. Өңір басшысының айтуынша, бүгінде 9 елді мекенді газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жоспарланған жобалар 7 кезеңге бөлініп, тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған.

Жалпы алғанда, Мойынқұм ауданының бюджет көрсеткіштері тиімді қаржыландырудың жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Қаржының уақытылы әрі мақсатты жұмсалуы аудан халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға және экономикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік бермек. Сол себепті бұл нәтижелер облыстың өзге аудандары үшін де үлгі болары сөзсіз.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ