Көлеңкелі бизнес көпке бармайды
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты құрылымдар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің табысын айқындау мақсатында жан-жақты жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ темекі өнімдерін заңсыз тасымалдау жұмыстарының да жолын кесуде.
Жыл басынан бері салықтық тәртіпті нығайту, кәсіпкерлік субъектілерінің нақты табыстарын анықтау және көлеңкелі экономикаға тосқауыл қою бағытында бірқатар шараларды қолға алынған. Атап айтқанда, қоғамдық тамақтандыру және демалыс ұйымдастыру саласында (мейрамханалар, кафелер, фитнес клубтар және басқа да қызмет көрсету нысандары) кәсіпкерлердің нақты қаржылық жағдайын зерделеу үшін облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің құрылымдық бөлімшелері тарапынан 6 рет хронометраждық зерттеп-қарау жұмысы атқарылған. Бұл зерттеулердің нәтижесінде кәсіпкерлердің 5 бизнес субъектісі қосымша декларациялар тапсырып, табыстарын 171,1 миллион теңгеге ұлғайтып көрсетті. Нәтижесінде қосымша 30 жалдамалы жұмысшылар тартылып, бюджетке 4,6 миллион теңге көлемінде салық түсімі түскен.
Сонымен бірге салықтық тексерулер жүргізбестен, тек қана Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс нормаларына сәйкес өткізілген тыңдаулар мен түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде де оң көрсеткіштерге қол жеткізілген. Мәселен, 14 бизнес субъектісі бойынша табыс көлемі 734,5 миллион теңгеге арттырылып, бюджетке қосымша 17 миллион теңге салық төленген. Сондай-ақ қазіргі таңда жаңа экономикалық бағыттардың бірі әлеуметтік желілерде жұмыс істейтін блогерлердің қызметін заңдастыруға айрықша назар аударылуда. Облыс бойынша 52 блогердің қызметін салықтық әкімшілендіру жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде 34 блогер бюджетке қосымша 47,1 миллион теңге көлемінде қаржы түсірген. Бұл көрсеткіш блогерлердің де салық төлеуші азамат ретінде заң алдындағы міндетін орындауы қажет екенін дәлелдейді.
Одан бөлек, мемлекеттік кірістер департаменті ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери қызметшілерімен бірлесе отырып, заңсыз тауар айналымына, әсіресе темекі өнімдерінің контрабандалық тасымалына қарсы күресті күшейтуде. Бұл бағытта қатаң бақылау орнатылып, бірнеше заңсыздықтың жолы кесілген. Жуырда ғана «Қасық» шекаралық бекетінде «Oris» маркалы темекілерді қоса алғанда 7 830 қаптама темекі тәркіленсе, араға үш күн салып «Қарасай батыр» бекетінде заңсыз әкетінген тағы 5 000 қаптама темекінің жолы кесілді. Алдын ала есеп бойынша акциз сомасы 1 миллион 590 мың теңгені құраған. Барлық материалдар Қордай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданған. Жалпы алғанда 2025 жылдың алғашқы алты айында облыс аумағында 11 дерек тіркеліп, нәтижесінде 1,4 миллионнан астам қаптама темекі өнімдері заңсыз айналымнан алынған.
Алдағы уақытта да облыстық мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлік саласында ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету, салықтық түсімдерді ұлғайту және заңсыз тауар айналымының алдын алу бағытындағы жұмыстарын ерекше бақылауда ұстап, тұрақты түрде жүргізе бермек.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ