Ауыл шаруашылығы

Ауыл кәсіпкерлігін қолдаудан ұтарымыз көп

Ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге агроқұрылымдармен қатар, шағын және орта бизнестің де қосатын үлесі зор. Әсіресе азық-түлік өнімдерінің дені ауылдық жерде өндірілетін болғандықтан, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін қолдау түрі көп. Соның арқасында бұл салада кәсіп ашып, шаруасын шалқытып отырғандар жетерлік. Оның ішінде «Бір ауыл – бір өнім» жобасы талай кәсіпкердің бағын ашып, ісін ілгерілетуге, өнім көлемін арттырып, тауарын кең ауқымда өткізуіне септігін тигізіп отыр.

Жалпы, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы жүзеге асуда.  Бұл бастама 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның «Мен кәсіпкер» жобасы аясында қолға алынған болатын. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, ауыл халқын сертификаттаудан өткен және нарықтық тартымдылығы бар бірегей, сапалы өңірлік өнім жасауға тарту.

Өткен айда жылдағы дәстүр бойынша  «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында көрме ұйымдастырылған болатын. Соның нәтижесінде көрмеге қатысушы кәсіпкерлер бүгінде оқыту курсынан өтіп, қайтарымсыз қаржы алуға ниеттенуде. Осы ретте біз облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айдар Абдықадыровтан аталған жобаның жүзеге асырылу барысы жайлы сұраған едік.

Ол бізге курстың тиімділігінің ең жарқын мысалы ретінде Меркі ауданының кәсіпкері Айткүл Мусилимованың нәтижесін атады. Ол саңырауқұлақ өсірумен айналыса отырып, аграршыларға тән мәселелерге тап болған екен.

Мұнан кейін біз Айткүл Муслимоваға хабарластық. Меркілік кәсіпкер алғашқыда әйелдер киіміне арналған шағын дүкен ашқан екен. Уақыт өте келе несиелік қолдаудың арқасында сауда ауқымын кеңейтіп, тұтынушылар сұранысын толық қанағаттандыруға мүмкіндік алады. Тұрақты еңбектің нәтижесінде кәсіп тек сауда саласында ғана емес, жаңа бағытта да өрісін тапқан. 2021 жылы «Саңырауқұлақ патшалығы» атты жобаны іске қосып, шағын ауылшаруашылық мақсатта жеке кәсіпкерлік ісін ашқан. Алғашында небәрі 50 шаршы метр аумақта басталған кәсіп бүгінде жеке жер учаскесінде орналасқан әлеуетті өндіріс көзіне айналыпты. Қазіргі таңда мұнда үш адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Айткүл Муслимова уақыт өткен сайын өнімге деген сұраныстың да артып отырғанын айтады. Өскемен қаласынан күніне 2 тонна кептірілген саңырауқұлаққа тапсырыс түссе де, әзірге ол көлемді қамтамасыз ету мүмкін болмай тұр екен. Сондықтан кәсіп аясын кеңейтуді көздейді.

Расында да бүгінде кәсіп бастаймын деген жандар үшін мүмкіндік мол. «Бір ауыл – бір өнім» жобасына Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылынан қатысқан Нұрсұлтан Рақыш та өзінің іскерлігін дәлелдей білді.  Ол бесікке арналған жабдық жасаумен айналысады екен.

Негізінде ауыл кәсіпкерлері мен ондағы шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау тұрақты түрде көрсетіле беруі керек. Сонда ғана елімізде азық-түлік тапшылығының туындау қаупіне жол берілмейді. Аграрлық салада, қайта өңдеу ісінде өнім көлемі артып, халықтың сұранысы ойдағыдай деңгейде қанағаттандырылады. Бұл өз кезегінде ауылдық жердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеріп, жалпы елдің дамуына серпін береді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ