Отбасы проблемасы кейс-менеджмент технологиясымен шешіледі
«Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді», – деп Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, әр отбасының әл-ауқатын жақсарту Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі болып саналады.
Әлеуметтік қолдаудың заманауи алгоритмдері және кейс-менеджмент технологиясы бүгінгі қоғамда отбасымен жұмысты жаңа деңгейге көтеретін маңызды құрал. Жалпы кейс-менеджмент әлеуметтік жұмыс саласында қолданылатын, нақты бір адамға немесе отбасына толық көмек көрсетуге бағытталған технология. Адам тағдырына бейжай қарамайтын әлеуметтік қызметкер үшін бұл әдіс кәсіби бағдар мен рухани жауапкершіліктің өзегі болып тұр.
Қоғамның дамуы ең алдымен отбасындағы тыныштық пен үйлесімге байланысты екені анық. Әрбір отбасымен жүргізілетін жұмыс терең түсінік пен рухани үйлесімділікті талап ететін күрделі процесс. Заманауи технологиялар мен алгоритмдер бұл жұмысты жүйелеуге, нәтижелі етуге мүмкіндік беретін болғандықтан, бүгінгі қоғамда қиын жағдайға тап болған жандар үшін бұл мәселе қажет-ақ. Дәл осы қолдау шынайы жанашырлықпен жасалатын әрекет болғандықтан нәтиже берері анық. Себебі көмекке мұқтаж жандарды сыртынан көріп, қолдап қою аздық етеді. Оларды түсініп, жан әлеміне үңілу басты міндет.
Халықтың осал топтарына жататын азаматтарды әлеуметтік қолдау тек материалдық көмекпен өлшенбейді, ең алдымен рухани демеу керек. Кез келген қиындық жанашырлықпен және өз ісіне сенімнен қарау арқылы еңсерілетіні белгілі. Бүгінде адам баласын қолдаудың заманауи жолы жан жарасын емдей алатын мүмкіндіктің ұшар басында тұр. Бұл бағытта әрбір әрекет нақты мақсатқа бағытталып, дер кезінде көрсетілген көмек біреудің тағдыры оңынан өзгеруге ықпал етуі мүмкін.
Бүгінгі таңда дәл осындай әдістер тәжірибеде кеңінен қолданылып келеді. Әр отбасы қайталанбас әлем десек, әрбір әлеуметтік маман сол әлемнің тыныштығына жауапты тұлға. Облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында «Әлеуметтік қолдаудың заманауи алгоритмдері және кейс-менеджмент технологиясы негізінде отбасымен жұмыс істеу» тақырыбында өткен облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы барысында осы бағыттағы жұмыстар сараланып, өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Конференцияның пленарлық отырысына ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі және Қазақстан халқы Ассмблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи, облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Отбасын қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіру бойынша жобалық кеңсе жетекшісі Темур Мұратов қатысты.
Иә, отанның тірегі – мықты отбасы. Қоғамдағы әр отбасының әлеуметтік-тұрмыстық, экономикалық, рухани ахуалы қандай болса, мемлекеттің жағдайы да сондай болады. Ұрпақ тәрбиесі мен ұлт болашағына негізделе отырып ұйымдастырылған жиында алғашқы сөз облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетоваға берілді.
Өз кезегінде сөз алған ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі және ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи барлық келеңсіздік білімсіздіктен басталатынын сөз етті. Әр сала иесі өз мамандығының білгірі болса, тұрмыстық кикілжіңнің алдын алуға болатынын жеткізді.
Конференция барысында интеграциялық модель аясында бірігіп жұмыс істейтін білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдарының өкілдері 3 секция бойынша семинарларға қатысты. Мобильдік топ мүшелері біліктілігін арттырып, жаңа білім алуға мүмкіндік алды.
Бүгінгі қоғамның әлеуметтік тұрақтылығы ең алдымен отбасы институтының беріктігіне тікелей байланысты. Отбасы – мемлекеттің іргетасы, ұлттық құндылықтардың қайнар көзі, ұрпақтың тәрбиесі мен болашағының кепілі. Сондықтан да отбасы институтын қорғап, дағдарысқа ұшыраған отбасыларға уақытылы қолдау көрсету әлеуметтік саясаттың басым бағыты болып қала бермек.
Алайда, қазіргі замандағы жаңа әлеуметтік сын-қатерлер дәстүрлі қолдау тәсілдерінің жеткіліксіздігін көрсетіп отыр. Урбанизация, миграция, цифрлық трансформация, құндылықтық өзгерістер барлығы отбасылардың әлеуметтік бейімделуіне әсер етіп жатыр. Осындай жағдайда отбасын әлеуметтік сүйемелдеудің жаңа тетіктерін қалыптастыру қажеттігі де кеңінен сөз болды.
Сондай-ақ, ол отбасын әлеуметтік сүйемелдеудің жаңа тетіктеріне тоқталып өтті. Ең маңызды қадамның бірі уақытылы көмек көрсету мен дағдарыс жағдайының алдын алу екендігін ескертті. Сонымен қатар қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету де маңызды роль атқаратынын жеткізді. Расында да дәл әрі дер кезінде көрсетілген көмек қиындықтан алып шығуға бастайтын жол екені белгілі.
Басқосу барысында дағдарыс жағдайының алдын алу үшін қиындыққа душар болған отбасымен жүйелі, жан-жақты әрі алдын ала бағытталған жұмыс жүргізу қажеттігі ескерілді. Мұндай жағдайлар көбіне әлеуметтік, психологиялық, экономикалық немесе құқықтық қиындықтардың ұзақ уақыт бойы шешілмей, қордалана беруінен туындайтыны да тілге тиек болды. Дәл осы тұста салдармен емес, себеппен күресу қажеттігіне баса назар аудару қажеттігі талқыланды. Жағдайды уақытылы байқау, жүйелі қолдау және адами қарым-қатынасқа негізделген көмек кез келген отбасын күйреуден сақтап, қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты тетік болып тұр. Сондықтан да әр отбасыға бағытталған заманауи әдістер мен технологиялар тек әлеуметтік саясаттың құралы емес, ел болашағының берік негізі.
Қолдау орталықтарының жұмысын үйлестіру мен дамыту мәселесі – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі, қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі. Отбасы институтының жағдайы қандай болса, қоғамның тұрақтылығы мен мемлекеттің дамуы да соған тікелей байланысты. Республика көлемінде отбасын қолдау орталықтарын ашу туралы бастама бірқатар стратегиялық құжаттарда көрініс тауып, нақты жоспарлар арқылы жүзеге асып жатқаны рас. Мемлекеттік деңгейде қабылданған шаралар әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауға, отбасылық жанжалдардың алдын алуға және әлеуметтік осал топтарға көмек көрсетуге бағытталған.
Облыс бойынша осы жылы орталықтарға өмірлік қиын жағдайға тап болған 1 137 отбасы жүгінген, мобильдік топ құрамымен бірлесе отырып өмірлік қиын жағдайдағы 761 отбасы анықталған. Оның ішінде 205 отбасына жеке жұмыс жоспары жасалып, 142-сі сәтті аяқталған. 63 отбасы сүйемелдеуге алынып, кешенді қолдау көрсетіліп жатыр екен. Осы орайда облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов отбасын әлеуметтік қолдау бойынша аймақта атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Басқосудағы барлық ұсыныстар алдағы уақытта облыс әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мен әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысында талқыланады. Сондай-ақ шешім қабылдау үшін құзыретті органдарға жіберілетін болады.
Қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көрсетілетін көмекті жүйелеу, кешенді әдістерді қолдану қажеттілігі бүгінгі күн тәртібіндегі өзекті тақырып. Бұл басқосу әлеуметтік қолдау жүйесінде кәсіби біліктілікті арттыру мен тәжірибе алмасудың жарқын үлгісіне айналды. Кейс-менеджмент технологиясының тиімділігі мен нақты нәтижеге бағытталған тәсілдер мамандар назарына ұсынылды. Қатысушылар өзара пікір алмасып, тәжірибедегі озық үлгілермен бөлісу арқылы кәсіби дәрежелерін арттырды. Жалпы алғанда, конференция әлеуметтік сала мамандары үшін жаңа серпін беріп, отбасылық қолдаудың сапалы үлгісін қалыптастыруға жол ашты.
Жиын барысында айтылған әрбір ұсыныс- әлеуметтік жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған нақты қадам. Қиын жағдайдағы отбасылардың тағдырына бейжай қарамай, кәсіби шешім қабылдау баршамызға ортақ міндет екені анық байқалды. Конференция қорытындысы ретінде, отбасы институтын нығайтуға бағытталған кешенді қолдаудың жаңа бағыттары айқындалды. Енді осы тың бастамалардың барлығы уәкілетті органдар деңгейінде қолдау тауып, нақты іске айналса құба-құп.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ