Жамбыл жаңалықтары

«Aulieata library»- қалтадағы кітапхана

Бүгінде цифрлық жүйе өмірімізге кеңінен еніп, кез келген дүние мобильді қосымша арқылы қолжетімді болуда. Кітап оқымайтын жан болса да, телефон қолданбайтын адам жоқтың қасы. Осыны ескерген кітапханалар жастарды кітап оқуға ынталандыру үшін заманауи тәсілдерді қолдануда. Соның бір дәлелі -жуырда таныстырылған «Aulieata library» мобильді қосымшасы.

«Aulieata library» мобильді қосымшасы – Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының өңірдің рухани өміріне серпін беретін жаңа жобасы. Қосымша арқылы оқырман бірнеше кітапты цифрлық форматта оқи алады. Қазіргі таңда мұнда өңірден шыққан 25 қаламгердің шығармалары енгізілген. Оның ішінде 7 проза, 18 поэзия туындысы бар. Сондай-ақ фотожурналист Алтынбек Қартабайдың «Тараз өркениет өрімдерінің куәгері» кітабы мен қаламгер Асылжан Шайдилдаевтың «Қарахан баба мен Айша бибі» атты еңбегі де қолжетімді. Жоба алдағы уақытта жаңа шығармалармен толықтырыла бермек.

Қосымшаның өзіндік артықшылықтары да бар. Ең әуелі қосымшаның қолжетімділігін атап өткен жөн. Одан кейін кез-келген кітапты интернетсіз оқуға болады. Яғни бір рет жүктеп алған кітаптарды оффлайн режимде оқу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ қосымшада жеке сөре жүйесі жұмыс істейді. «Менің кітапханам» бөлімінде сүйікті кітаптарды сақтап, кез келген уақытта қайта оралуға болады. Сонымен қатар ұнаған кітаптарыңызға пікір қалдырып, достарыңызбен де бөлісу тетіктері қарастырылған.

Бұл бастама облыс әкімдігінің қолдауымен, облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен жүзеге асуда. «Aulieata library» мобильді қосымшасын «App Store» немесе «Google play» қосымшаларынан жүктеп алуға болады.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ