Көне шаһар көркеюде
Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Шаһарды таза ұстау мақсатында Тараз қаласында дәстүрлі жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Қала аумағында санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізіліп, көшелер мен аулалар қоқыстан тазартылды.
Аталмыш шараға қала әкімдігі бөлімдерінің қызметкерлері, коммуналдық мекемелердің мамандары, кәсіпкерлік нысандарының иелері және тұрғындар белсене қатысты. Сенбілікке қатысушылар аула аумақтарын қоқыстан арылтып, тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға жеткізді. Сондай-ақ сенбілікке қатысушылар арық жүйелерін тазартып, сондай-ақ тал түптерін ақтап, қураған бұтақтарды кесіп, артық шөптерді шабу сынды жұмыстарды атқарды.
Шара барысында қала әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова сенбілікке белсене үлес қосқан тұрғындарды көпке үлгі етіп, бірқатар азаматтарды арнайы алғыс хатпен марапаттады.
Айта кетейік, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және шаһар келбетін жақсартуға бағытталған игі іс алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Сымбат ҚУАНЫШ