Баланың өмірінен қымбат ештеңе жоқ
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев құқық қорғау органдары мен басқарма басшыларының, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің, өңір бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкілдің басын қосып, кәмелетке толмағандар арасындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Басқосуда суицид, құқық бұзушылық, қылмыс, зорлық-зомбылық және ерте жүктіліктің алдын алу шараларына ерекше назар аударылды.
Кеңес барысында полиция департаменті бастығының орынбасары Б. Жанаевтың, білім басқармасының басшысы Н. Оршыбековтің, денсаулық сақтау басқармасының басшысы С. Назарбектің, Байзақ ауданының әкімі О. Баққараевтың және басқа да жауапты тұлғалардың баяндамасы тыңдалды.
Ербол Қарашөкеев облыста балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу жұмыстары әлсіз әрі тиімсіз жүргізіліп жатқанын атап өтіп, бұған дейін тіркелген деректерді терең талдауды тапсырды.
Сонымен қатар білім беру ұйымдары мен ата-ана арасындағы байланысты нығайту, психологтардың кәсіби біліктілігін арттыру, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру бойынша нақты міндеттер жүктеді. Бұл бағыттағы жұмыстарға атсалысуы тиіс «Ақсақалдар», «Аналар» және Қоғамдық кеңестердің, «Әжелер» мектебі мен үкіметтік емес ұйымдардың деңгейі мен әлеуетіне барынша назар аудару қажеттігін ескертті.
Кеңес қорытындысы бойынша Байзақ, Талас, Шу, Қордай аудандары әкімдерінің салаға жауапты орынбасарларына қатаң шара қарау тапсырылды.
Ербол Қарашөкеев салаға жауапты облыс әкімінің орынбасарларынан, жауапты тұлғалардан құрғақ сөз емес, нақты қадамдар күтетінін тағы бір мәрте еске салды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі