Жаңалықтар

Бюджет қаражатын барынша тиімді пайдалану керек

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы және 2035 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары мақұлданды. 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемі қаралды.

Жиында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндама жасады. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов инфляция, төлем балансы және Ұлттық қор туралы, Қаржы министрі Мәди Такиев 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы туралы баяндады.

Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша 2026-2028 жылдары жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсімі 5,3 пайызды құрайды. Бұл ретте номиналды жалпы ішкі өнім 2026 жылы 183,8 триллион теңгеге, 2028 жылы 229,8 триллион теңгеге жетеді. 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімді перспективада жалпы ішкі өнімнің  өсімі 4,5 пайыз деңгейінде тіркеледі, ал 2035 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 473,2 триллион теңге болмақ.

Республикалық бюджет жобасы мен жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастыру барысында жаңа Бюджет және Салық кодекстері ескерілгендігі атап өтілді.

Премьер-министр барлық мемлекеттік органдарға елдің әлеуметтік-экономикалық дамудың белгіленген параметрлеріне  қол жеткізуді қамтамасыз етуді, сондай-ақ, бюджет қаражатын барынша тиімді және уақтылы пайдалану, сондай-ақ шығындарды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне Үкімет Аппаратымен бірлесе отырып заң жобаларын Парламентке 1 қыркүйекке дейін енгізу міндеті қойылды.

Рrimeminister.kz