Жаңалықтар

Алматыда UEFA талаптарына сай 35 мың орындық жаңа стадион салынады

Алматыда халықаралық стандарттарға сай заманауи футбол стадионы бой көтермек, деп хабарлайды arainfo.kz

Қала әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында жобаның іске асу барысымен танысты.

Ведомствоның мәліметінше, жаңа арена 35 мың көрерменге арналған және UEFA-ның төртінші санат талаптарына толық сәйкес келеді. Жоба аясында жаттығу алаңдары, жанкүйерлерге арналған демалыс аймақтары, заманауи қауіпсіздік жүйелері мен аумақты абаттандыру жоспарланған.

Стадион Құлжа және Талғар тас жолдарының арасында, 15 гектар аумақта салынбақ. Бұл жер болашақта көлік-логистикалық хабқа айналып, жанкүйерлер мен қонақтарға қолайлы жағдай жасайды.

Сонымен қатар 65 жылдан астам тарихы бар Орталық стадион сақталып, жеңіл атлетика инфрақұрылымы ескеріле отырып жаңғыртылатын болады. Ол Алматы спорт тарихының ажырамас бөлігі болып қала бермек.