Енді Қазақстан мектептерінің ішкі дизайны бірыңғай стандартпен жасалады – министр
Шымкентте «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты қалалық тамыз конференциясы өтті, деп хабарлайды arainfo.kz
Жиынға екі мыңнан астам педагог, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Пленарлық отырысқа ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, білім саласының даму бағыттарына тоқталды. Министр мұғалімдерді артық міндеттерден босату мен олардың құқығын қорғау мемлекет саясатының басты ұстанымы екенін атап өтті.
Жаңа оқу жылында «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект элементтері енгізіледі. Сондай-ақ, AI-Kitap платформасы мен мұғалімдерге арналған жаңа бағдарламалар іске қосылады.
Білім беру ұйымдарының ішкі безендірілуі де біріздендірілмек. Қазірдің өзінде 100-ден астам жаңа «Келешек мектептері» бірыңғай дизайн-кодпен салынып жатыр. Алдағы уақытта бұл стиль ел бойынша 1300 мектепке енгізіледі.
Конференция соңында 25 педагог пен техникалық қызметкерлер білім саласына қосқан үлесі үшін марапатталды.