Қазақстандық әртістер «Новая волна – 2025» байқауында жүлделі орынға ие болды
Отандық әнші Александр Лим «Новая волна – 2025» халықаралық жас орындаушылар байқауында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды arainfo.kz
Ол – осы беделді фестивальде бас жүлде иеленген алғашқы қазақстандық.
Әртіс әлеуметтік желілердегі кавер-видеоларымен танымал. Орыс, ағылшын, итальян, түрік және басқа да тілдерде хит әндерді орындап, мыңдаған көрерменнің ықыласына бөленген. Бұған дейін ол 2018 жылы «I’m a singer Kazakhstan» жобасында жартылай финалға жетсе, 2021 жылы «Голос Украины» шоуында Надежда Дорофееваның командасында нокаут кезеңіне дейін өнер көрсеткен.
Сонымен қатар тағы бір талантты қазақстандық – Ерназар Жұбан да жүлделі орынға ие болды. Өнерпаз байқауда үшінші орын алып, тыңдармандарды ерекше даусымен тәнті етті. Айта кетейік, ол өткен жылы Витебскіде өткен «Славян базары» халықаралық фестивалінде бірінші орынды жеңіп алған болатын.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі жас әншілерді жеңістерімен құттықтап, олардың шығармашылық дамуына қолдау көрсетуді жалғастыратынын мәлімдеді. Бұл жетістік ел өнерінің халықаралық деңгейде танылуына серпін береді.