Жаңалықтар

Қазақстанда жаңа күріш сорты шығарылды

Қызылорда облысында Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жаңа күріш сортын сынақтан өткізіп жатыр, деп хабарлайды arainfo.kz

Бұл дақыл 105-110 күнде пісіп-жетіліп, суды аз қажет етеді. Сынақ нәтижелері гектарынан 80-85 центнерге дейін өнім алуға болатынын көрсетті.

Қазір өңірде негізінен ресейлік сорттар өсіріледі, оларды пісіру үшін 120-125 күн уақыт кетеді. Жаңа сорт климатқа бейімделгендіктен, суды көп қажет ететін күріш түрлеріне тиімді балама болмақ.

Институт өкілі Жанұзақ Баймановтың айтуынша, бұл ғылыми жұмыс аграрлық сектордың дамуына және су тұтынуды азайтуға ықпал етеді.

Сонымен қатар институт Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге венгрлік Water Retainer препаратын сынақтан өткізіп жатыр. Ол топырақтағы ылғалды ұзақ сақтап, суды үнемдеуге көмектеседі. Биыл Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола және Жетісу облыстарында тәжірибе жүргізілуде.

Министрлік өкілі Ләззат Жүсіпованың айтуынша, әдетте күрішке 90 күн су қажет болса, жаңа препарат қолданылғанда бұл мерзім 51 күнге қысқарады.