Ауыл шаруашылығы санағына онлайн 390 мың респондент қатысты
Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағының онлайн кезеңі жалғасып жатыр, деп хабарлайды arainfo.kz
Sanaq.gov.kz сайтындағы сауалнамаларды толтыру 31 тамызда аяқталады.
Онлайн кезең басталғалы бері 390 мыңнан астам респондент сауалдарға жауап берді. Олардың 183 мыңнан астамы – ауыл шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, шаруа және фермер қожалықтары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер. Тағы шамамен 207 мыңы – жеке үй шаруашылықтары.
Ауыл шаруашылығы санағы еліміздің аграрлық саласының жағдайын толық көруге, пайдаланылып жатқан ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемін, өсіріліп жатқан дақыл түрлерін, мал басының санын, техникамен жабдықталуын, еңбек ресурстарын және басқа да көрсеткіштерді анықтауға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін сауалнамада 29 сұрақ, ал үй шаруашылықтары үшін 23 сұрақ қарастырылған.
Орташа есеппен сауалнаманы толтыруға 15–20 минут уақыт жұмсалады. Барлық берілген ақпарат құпия сақталады және үшінші тұлғаларға берілмейді.
Барлық сұрақ бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 1446 нөміріне хабарласуға болады (қоңырау шалу – тегін).