Көшелер көркімен көз тартады
Ауылдық жерлердегі халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – мемлекет ұстанып отырған басым бағыттардың бірі. Соңғы жылдары елді мекендердің инфрақұрылымын жаңарту мен жол, жарық, көлік, байланыс мәселесін шешу бойынша кешенді жұмыстар қолға алынуда. Бұл үрдіс биыл да өз жалғасын табуда. Аймақтағы бірқатар ауылдарда халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жобалар жүйелі жүзеге асырылуда. Мәселен, Жамбыл ауданындағы 13 ауылдық округке қарасты 31 елді мекенде жалпы ұзындығы 301,6 шақырымды құрайтын 375 көше мен бұрылыс бар. Бүгінде бұл көшелердің басым бөлігі асфальтталып, ауыл тұрғындарының игілігіне берілген. Көлік қозғалысы жеңілдеп, жұрт шаң-тозаңнан арылып, жол-көлік қауіпсіздігі де арта түсті.
Биыл аудан аумағында ауылішілік жолдарды жөндеуге арналған 15 жоба жүзеге аспақ. Аталған жобалар аясында 14 көше мен 5 бұрылыс орташа жөндеуден өтеді. 6 жоба аудандық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылса, 9 жоба «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған. Осы арқылы аудан елді мекендерінің жол-көлік инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтеріледі.
Аталған жұмыстар Бесағаш ауылында да қарқын алып отыр. Ауылдық округ әкімі Алға Әбдімуталиевтің айтуынша, Бесағашта бүгінде 15 көше бар, жыл соңына дейін олардың барлығы жөндеуден өтеді деп жоспарлануда. Қазірдің өзінде Бейбітшілік, Жеңіс және Абай көшелерінің жарты бөліктері жөнделіп, олар тамыз айына дейін толық аяқталмақ.
Бұдан бөлек, биыл ауыл көшелерін жарықтандыру бағытында да нақты істер атқарылған. Жыл басынан бері 7 көшеге түнгі жарықшамдары орнатылған. Бұған дейінгі жұмыстарды ескерсек, жарық тартылған көшелер саны 10-ға жетіп отыр. Бұл ауылдың қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасын арттыруға оң әсерін тигізетіні анық.
Тағы бір жағымды жаңалық – ауыл аумағынан төрт жолақты, заманауи кедендік бақылау пунктінің құрылысы жүргізілуде. Бұл нысан «ҚазАвтоЖол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тапсырысымен іске асуда. Заманауи талаптарға сай салынып жатқан бұл нысан тек ауыл емес, жалпы аудан үшін стратегиялық маңызға ие болмақ. Әкімнің айтуынша, құрылыс биыл толық аяқталады деп күтілуде.
Сондай-ақ ауыл ішінде 500 метрге жуық жаяу жүргіншілер жолы салынып, пайдалануға берілген. Бұл әсіресе мектеп оқушылары мен егде жастағы тұрғындар үшін үлкен жеңілдік туғызып отыр.
Жалпы, Бесағаш ауылында атқарылып жатқан бұл жұмыстар – жергілікті биліктің жүйелі жоспарлауы мен мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нақты нәтижесі. Бүгінгі күннің талабына сай ауылдардың жаңарып, көркейіп жатқаны – ауыл тұрғындарының өмір сапасының жақсаруының кепілі. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табарына сенім мол.
Мақсат ЖҰМАБАЕВ,
журналист
Жамбыл ауданы