Тоғызкентте толайым тірлік бар
Өңірлерді дамыту бағытында қолға алынған реформалардың нәтижесінде ауылдардың ажары ашылып, әлеуметтің әлеуеті артып келеді. Мұның жарқын мысалын Тоғызкент ауылдық округінен де көруге болады. Талас өзенінің сағасында орналасқан бұл аймақ жылдан жылға көркейе түсуде.
Бүгінде Тоғызкент ауылдық округі бойынша 312 үйде 2159 адам тұрады. Оның ішінде Тоғызкент ауылындағы 265 үйде 1795 адам, Әбілда ауылындағы 25 үйде 187 адам, Майлыкөл ауылындағы 22 үйде 177 адам ғұмыр кешуде.
Аймақтағы тұрғындарға 1 орта, 1 негізгі мектеп және балабақша, спорт мектебі және саз мектебінің филиалы, дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік пункт, 2 кітапхана, 2 клуб, 1 пошта торабы, ветеринарлық пункт, учаскелік полиция инспекторы қызмет көрсетеді. Ауылдық округтегі бірқатар әлеуметтік нысандарға ағымдағы жылы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Округ әкімі Медет Күзембаевтың айтуынша, жергілікті жұртшылықтың 59 пайызы экономикалық белсенді. Мысалы, білім беру жүйесінде 157, денсаулық сақтау ісінде 31, мәдениет саласында 15, кәсіпкерлік бағытында 189, спорт жағында 25 адам еңбек етуде. Бұдан бөлек әртүрлі салаларда 41 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
2024 жылы 20 адам қоғамдық жұмысқа қабылданып, 4 адам жастар практикасынан өтіпті. Ал 19 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Биылғы 5 айда 11 адам қоғамдық жұмысқа, 1 адам жастар практикасына жолданып, еңбек дүбіріне араласты. Сонымен қатар, 14 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жалпы, жұмыссыз ретінде тіркелген 11 адам бар.
Аймақта ауылшаруашылығы, ветеринария, кәсіпкерлік, жер қатынастары салаларында да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда.
Халық даналығында «Ауыл болсаң-қауым бол» деген сөз бар. Тоғызкент ауылдық округінде де тұрғындардың ауызбіршілігінің арқасында қоғамдық жұмыстар да өз деңгейінде жүзеге асуда. Сонымен қатар демеушілік, қайырымдылық шаралары да жақсы жолға қойылған. Биыл 8 наурыз-Халықаралық әйелдер күніне орай «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алған 40 анаға сыйлық таратылыпты. Ауыл жастарының демеушілігімен 8 отбасыға 200 мың теңге көлемінде азық-түлік себеті ұсынылған. Сонымен қатар Наурыз мерекесіне орай ұлттық ат спорты ойындары мен бұқаралық спорт түрлерінен жарыс өткізіліп, 300 мың теңгеге қаржылай сыйлықтар берілді. 9 мамыр-Жеңіс күні мерекесіне орай тыл ардагерлеріне жеміс-жидек себеті тарту етілді.
«Жомарт түлек» акциясы аясында «Түгіскен» орта мектебін 40 жыл бұрын тәмамдаған түлектер өздері оқыған білім ошағына 400 мың теңгеге қолдау көрсетіп, шатыр сатып алып берді. Ал мектепті 30 жыл бұрын тәмамдаған түлектер «Сәдібай» мешітінің жанынан құран оқытатын орын салды.
Сол сияқты 1 маусым-Халықаралық балаларды қорғау күніне орай жеке кәсіпкер Сағидолла Шынбатыров 70 мың теңгеге балмұздақ пен тәтті мақта таратты. Ауыл азаматтары Абай Егенберлі мен Мейіржан Сағындықов балабақша мен жаздық лагерьдегі балаларға 200 балмұздақ үлестірді. Құрбан айт мерекесіне орай 3 мүйізді ірі қара малы мен 62 бас қой сойылып, ауыл тұрғындарына таратылды.
Аймақта жүзеге асып жатқан жұмыстар мұнымен шектелмейді. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында да ілгерілеушілік бар. Бұрынғыдай емес, көшелердің бәрі кезең-кезеңімен ретке келтіріліп, көзтартарлықтай кейіпке енген. Жалпы, ауылдық округтегі 19 көшеге түнгі жарық шамдары орнатылған. Өткен жылы Тоғызкент ауылындағы Үшарал көшесіне күн көзінен қуат алатын көше жарығы қойылды.
Округке қарасты елді мекендерде 16 көше асфальттанған. 2024 жылы Тоғызкент ауылындағы Есмырза және Т.Әубәкіров көшелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырылып, игерілді.
Әбілда мен Майлыкөл ауылдарынан бір-бір көшенің жолдарын ағымдағы жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Мүлік, жер және көлік салықтары мен басқа да міндетті төлемдер бойынша ауыл тұрғындарына толық көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жыл қорытындысымен мүлік салығы мен жер салығының жоспары 100 пайызға орындалды.
Байқап тұрғанымыздай, атқарылған жұмыс ауқымды. Дегенмен, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Оның біразын тұрғындар әкімдердің есеп беру жиындарында да көтерген болатын. Біз округ әкімі Медет Күзембаевтан түйткілдердің түйіні қалай тарқатылып жатқанын сұрадық. Мысалы, бұған дейін Тоғызкент ауылына спорт кешенінің құрылысын салу жайы қозғалған еді. Білгеніміздей, жобалық-сметалық құжаттама дайын екен. Жобаның құны 424 миллион 881,5 мың теңге. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге республикалық немесе облыстық бюджеттерден қаражат қарастырылуы керек. Тоғызкент ауылдық округіндегі электр бағаналарының тозығы жеткені де айтылып жүр. Бұл тұрғыда теңгерім иесі- «ЖЭЖ» ЖШС-нің Сарысу аудандық электр жүйелері мекемесі электр бағаналарын темірбетон бағаналарға ауыстыруы тиіс.
Тоғызкент ауылындағы «Жанна» бөбекжай-бақшасын газбен жылыту жүйесіне қосу мәселесі де айтылған. Қазандықтың теңгерім иесі -«Жаңатас-су- жылу» мекемесі жобалық-сметалық құжаттарын жасатуға және газбен жылыту контейнерін орнатуға қаржы қарастыру қажет.
Ауылдық округте өрт сөндіру станциясын ашу да күн тәртібінде тұр. Бұл аймақ аудан орталығынан алыс орналасқандықтан, әрі аумағы орманды болғандықтан өрт қауіпі жоғары. Сондықтан бұл мәселенің де оң шешімін табатынына сенеміз. Бұдан бөлек Әбілда ауылында қызметтік пәтердің болмауына байланысты мамандар (мұғалім) тапшылығы туындап отырғаны қозғалды. Қазіргі таңда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қызметтік пәтер салу жайы қарастырылуда екен.
Округ әкімі Медет Күзембаев сөз арасында 2025 жылы ауыл халқының тұрмыс жағдайын жақсарту, әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында бірқатар істер жоспарланып отырғанын жеткізді.
Атап айтқанда, Тоғызкент ауылының Жамбыл және Саңырық батыр көшелеріне автотұрақ салу, Төле би және Сапақ Датқа көшелеріне балалар ойын алаңшасын орнату көзделуде. Бұдан бөлек Майлыкөл ауылына кіреберіс жолға түнгі көше жарығын, ойын алаңшасы мен стритворкаут орнату ойда бар. Сондай-ақ Әбілда ауылына стритворкаут орнату, осы ауылдағы Елімбай және Майлыкөлдегі Орталық көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу сияқты шаруалар атқарылады.
Тоқсаныншы жылдардағы терең тоқыраудың ауылдарға да оңай соқпағанын жақсы білеміз. Көптеген жұмыс орындары жабылып, жұрт күнкөріс қамымен сырт жақтарға көшіп жатты. Көшелерді жарықтандырмақ түгілі электр энергиясын үздіксіз берудің өзі мұңға айналды. Ал қазір жағдай басқаша. Мемлекет тарапынан қолға алынған бағдарламалардың нәтижесінде елді мекендердің еңсесі көтеріліп келеді. Бүгінгі мақаламызға арқау болған Тоғызкент ауылдық округі де жыл өткен сайын түрлене түсуде. Ел-жұрттың еңбекке деген құлшынысы мен ертеңге деген ұмтылысы жоғары. Атқарылған жұмыстардан бөлек алдағы жоспарлардың да ауқымды екенін байқадық. Лайым, жарқын істер жарасымды жалғасын таба берсін!
Бақыт Жалғас,
Сарысу ауданы