Кешенді шаралардың келешегі зор
Мемле¬кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде қолға алынған кешенді реформалар мен экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмалар азаматтардың әл-ауқатын арттырып, өңірлердің дамуына тың серпін беруде. Кешенді шаралардың бірі ретінде Президент 2030 жылға қарай 3,3 миллион адамды, соның ішінде 2,3 миллион жасты жұмысқа орналастыру бойынша нақты бағыт-бағдарды айқындап берген болатын. Президент жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болу керектігін айтып, «Халықты, жастарды жұмыспен қамту - Үкімет үшін аса маңызды міндет. Әкімдер бұл жұмыстың нәтижелерін тұрақты түрде баяндап тұруы керек», - деп атап өтті.
«Мансап компасы» мақсатыңды айқындайды
Халықты жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін қазіргі таңда еңбек нарығын трансформациялау жүріп жатыр. Мамандықтар мазмұны жағынан өзгеріске ұшырауда. Экономикадағы құрылымдық өзгерістердің нәтижесінде бұрыннан қалыптасқан бірқатар кәсіптер жойылып, жаңалары пайда болуда.
Бұл бағыттағы жұмыстарда қиындықтар да кездесуде. Вице-министрдің айтуынша, жұмыспен қамту құрылымы әрдайым экономиканың сұраныстарына сәйкес келе бермейді. Өзектілігін жоғалтып бара жатқан кәсіптер бар. Еңбек нарығында сұранысқа ие тиісті дағдылары бар кадрлар жетіспейді. Жалақының жеткілікті деңгейде бәсекеге қабілетсіздігі қосымша сын-қатерге әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, өңірлік теңгерімсіздік бар. Мысалы, оңтүстікте еңбек ресурстары шамадан тыс көп болса, солтүстікте олар жетіспейді. Ірі мегаполистерде ішкі көші-қонның жоғары деңгейіне байланысты еңбек нарығының асыра толығуы тіркелуде, бұл әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық және көлік инфрақұрылымдарына едәуір жүктеме түсіруде. Бұл ретте, эномикалары көп салаланбаған өңірлер бар, солардың салдарынан азаматтардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктері шектелуде.
Қазақстан экономикасына орта мерзімді кезеңге 3 миллион адамға жуық кадр қажет болуы мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда бұл кадрларға деген сұраныс құрылымы анықталып қойған. Олардың үштен бірін қызмет саласы алып отыр. Одан кейін тасымалдау мен тауарларды бөлу, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және құрылыс тұр. Бұл деректерді кәсіптік стандарттарды бекіту, білім беру бағдарламаларын қалыптастыру, оқуға білім беру тапсырыстарын бөлу және қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру кезінде ескеру қажет. Ол цифрландыру және демографиялық өзгерістер кезінде ерекше маңызды. Бір мезетте цифрландырудың және технологиялық өзгерістердің салдарынан жаңа кәсіптер пайда болуда. Мысал ретінде әлеуметтік тьютор, дрондар операторы, жасанды интеллект маманы және тағы басқаларды айтуға болады.
Тағы бір айта кетерлігі, елімізде кәсіби білім беру бағдарламасы қайта қаралуда. Бүгінгі күні еңбек нарығында 7 800-ден астам мамандық сұранысқа ие. Олардың ішінде 4500-ге жуығы кәсіптік стандарттармен қамтамасыз етілген. Білім беру жүйесін еңбек нарығының талаптарына жақындату үшін қазір білім беру бағдарламаларын кәсіптік стандарттарға теңестіру жүргізілуде. Бүгінде олардың негізінде 11 мың білім беру бағдарламасы жаңартылды. Бұдан бөлек, дағдылардың цифрлық банкі іске қосылуда. Келесі қадам - кәсіптік стандартты әзірлеу процестеріне жасанды интелектіні ендіру. Бұл еңбек нарығындағы өзгерістерді жедел талдауға, күнделікті процесстерді азайтуға және нақты уақыт режимінде стандарттарды уақтылы жаңартуға мүмкіндік береді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәсіптік бағдарлау, дағдыларды дамыту және кадрлар даярлау саласында жаңа цифрлық платформаларды іске қосты. Мәселен, «Мансап компасы» цифрлық сервисі пайдаланушыларға кәсіп таңдауға және мансабын жоспарлауға көмектеседі. «Skills Enbek» онлайн платформасы дағдыларды дамытуға және мамандарды қайта даярлауға бағдарланған. Enbek.kz порталында студенттік практиканы ұйымдастырудың цифрлық функционалы іске қосылған.
Дуальды оқытудың пайдасы көп
Бүгінгі күні жаңа мамандықтар атласында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жетекшілік ететін салалар бойынша 75 жаңа мамандық бар. Кадрларға қажеттілік шамамен 40 мың адамды құрайды. Бүгінгі таңда жаңа кәсіптер атласы министрлік желісі бойынша 75 жаңа кәсіпті қамтиды.
Сонымен қатар министрліктің 8 саласы бойынша 88 кәсіби стандартты әзірлеу және жаңарту жоспарланған. Бұл 544 мамандықты қамтиды. Кәсіби стандарттарды енгізу арқылы нақты сектордың кадрға деген сұранысы мен білім беру жүйесі арасындағы үйлесімділік қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде мамандардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Осыған байланысты, өндірістік ортаға бейімделген білікті кадрларды даярлаудың тиімді тетігі ретінде дуальды оқыту жүйесін дамыту ерекше маңызды.
Өнеркәсіп салалары үшін дуальды оқыту 284 колледжде жүзеге асырылуда және оған 700-ге жуық кәсіпорындар тартылған.
Кәсіпорындармен жасалған келісімдер мен меморандумдар аясында 30-дан астам білім беру бағдарламалары іске асырылуда. Нәтижесінде жыл сайын 13 мыңға жуық жас маман жұмыспен қамтамасыз етіліп отыр. Сондай-ақ жүйелі түрде мыңдаған оқушылар үшін кәсіптік бағдар беру іс-шаралары өткізіледі.
Иран Шарханның айтуынша, тау-кен ісі мен геология мамандықтарына деген қызығушылық артып келеді. Егер бұған дейін жыл сайынғы бітірушілер саны 1,2 мың адам болса, соңғы екі жылда бұл көрсеткіш жыл сайын 3 мыңнан асуда. Сонымен қатар түлектердің 98 пайызы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуда. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасатын болады.
Ауылдықтардың еңбек жағдайы жақсарады
Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде шамамен 1 миллион адамды жұмыспен қамтамасыз ететін 285,5 мың өндіруші жұмыс істейді.
Министрліктің мәліметінше, ауылшаруашылығы бағыты бойынша кадрларға жалпы қажеттілік шамамен 6,5 мың адамды, оның ішінде 3,5 мыңнан астам білікті қызметкерді құрайды. Аграрлық саясаттың басымдығы - заманауи технологияларды бір мезгілде енгізе отырып, ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы құрылымдарында өнім өндіру ауқымын кеңейту.
Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтуды ұлғайту жөніндегі саясатты жүзеге асыру мақсатында министрлік жаңа жұмыс орындарын қалыптастыру және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың ұйымдасқан шаруашылықтарға көшуі үшін жағдайлар жасайтынын жеткізді. Біріншіден, «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру жылдарында 115 миллиард теңге сомасына 17 мыңнан астам шағын несие берілген, ауылда 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылған. Екіншіден, 2025 жылы агроөнеркәсіптік кешенінде арнайы жол картасына сәйкес, 6,3 мың тұрақты және уақытша жұмыс орындарын құра отырып, 616 миллиард теңгеге 285 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Алдағы үш жылда 3,4 триллион теңгеге 23 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құрумен 683 жобаны жүзеге асыру көзделген.
Үшіншіден, жыл сайын аграрлық мамандықтар бойынша еңбек ресурстары балансының болжамы негізінде 4 мыңға жуық грант бөлінеді. Ауылдан келген талапкерлерді ынталандыру үшін ауылдық квота қолданылады, ол барлық мемлекеттік білім беру тапсырысының 30-дан 35 пайызына дейін ұлғайтылған. Ауылдық жерлерде мамандарды бекіту мақсатында ауылдық квота бойынша оқыған түлектер үшін оқу бітіргеннен кейін ауылда кемінде үш жыл жұмыс істейді. Төртіншіден, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жүзеге асырылуда, ол диплом алған мамандарды, оның ішінде ауылда жұмыс істеуге келген аграрлық мамандықтар бойынша бекіту үшін әлеуметтік қолдау шараларын көздейді. Бесіншіден, министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді халықты жыл бойы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ететін өндіріске тарту бойынша жұмыс жүргізуде.
Чат-боттар уақытты үнемдейді
Есепті жылы азаматтар мен ұйымдар 27 мемлекеттік қызметке қол жеткізді. Оның 23-і электронды форматта, оның ішінде 11-і проактивті форматта көрсетілді. Барлығы 4 миллионнан астам қызмет көрсетілсе, оның 66 пайызы онлайн режимде іске асты. Қызметтердің көпшілігі онлайн форматқа көшірілді. Бұл процесті жеңілдетіп, қызметтерді алуды жылдам әрі қолжетімді етті.
Тиісті министрлік өкілдері мәлімдегендей, цифрлық трансформация процесінде азаматтың еңбек қызметінің толық өмірлік цикліне ерекше көңіл бөлінеді. Жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысуға жолдама беруден бастап, жұмысынан айырылу, жүкті болу, босану және бала асырап алу кезінде көмек көрсету, зейнетақы төлемдерін тіркеуге дейінгі барлық негізгі кезеңдер қарастырылған. Мысал ретінде жұмыс іздегендерді тіркеу кейсін айтуға болады. Бұрын жұмыс іздеу және орналасу азаматтардың өз бетінше әрекет етуімен жүзеге асатын. Бос жұмыс орындарын іздеу «қолмен» жүргізілді, бұл айтарлықтай уақыт пен еңбек шығындарын талап етті. Ал енді мәліметтерді енгізу нәтижесінде мемлекеттік деректердің интеграциясына және жұмыссыздық мәртебесін автоматты түрде анықтауға қол жетіп отыр. Жүйе «қолмен» іздеу қажеттілігін жоя отырып, азаматтарға қолайлы бос орындарын проактивті түрде ұсынады.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, «Astana Hub» экожүйесінде еңбек нарығын цифрландыратын стартаптар мен компаниялар орналасқан. Қатысушылар жаппай жұмысқа қабылдауды автоматтандыру, жұмыс уақытын биометриялық бақылау, бос орындар мен өзін өзі жұмыспен қамтығандар үшін тапсырыстар іздеу қызметтері бойынша шешімдерді жасайды. 2024 жылдың соңына қарай олар 8 миллиард теңгеден астам табыс тауып, 460-тан астам жұмыс орнын ашқан.
Заманауи технологиялар ауысымы жоғары салалардағы персоналды басқаруға деген көзқарасты түбегейлі өзгертуде. Соның айқын мысалдарының бірі – HR MESSENGER платформасы. Ол смарт чат-боттар арқылы қызметкерлерді жалдау, бейімдеу және ұстауды автоматтандырады. Платформаны қазірдің өзінде бөлшек сауда мен банктерден бастап өндіріс пен фастфудқа дейін 2000-нан астам компаниялар мен 13 саладағы 1000-нан астам рекрутер пайдаланады. Нәтижелер өте жоғары. Жұмысқа қабылдау тиімділігі 100 пайызға артқан, жұмысқа қабылдау шығындары 2 есеге азайған.
Тағы бір мысал, көлік-логистика саласы үшін арнайы әзірленген «Call2Action» жобасы. Мұнда жыл сайынғы жүргізуші айналымы 300 пайызға жетеді. Бұл жалдау процесін оңтайландыратын жасанды интеллект платформасы. «Call2Action» жүздеген сұхбаттарды қатар жүргізуге мүмкіндік береді, жұмысқа қабылдау уақытын 90 пайызға дейін, ал шығындарды 50 пайызға дейін қысқартады.
Осылайша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыссыздықты жою, халықты жұмыспен қамту мәселесін кешенді түрде шешу туралы тапсырмасы кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Межелі міндеттерге сәйкес алдағы уақытта ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Ел игілігіне бағытталған бастамалардың оң нәтижесін беретіндігіне сеніміміз мол.
Асан ТІЛЕМІСОВ