Ауыл шаруашылығы

Қой шаруашылығын қайтсек дамытамыз?

Қазақтың тамырын тереңнен тартатын мыңдаған жылдық тарихына көз жүгіртсек, біздің бүкіл бітім-болмысымыз бен тұрмыс-тіршілігіміздің, салт-дәстүріміз бен әдеп-ғұрпымыздың бәрі мал шаруашылығымен біте қайнасып жатқанын байқаймыз. Жартылай көшпелілік дала дәстүрін ұстанған бабаларымыздың мал шаруашылығының жоғары экономикалық-мәдени-тарихи даму бағытын замана ағымына сай, табиғи және әлеуметтік ерекшеліктерді бағамдай отырып қалыптастырғанын көреміз.

Төскейінде өрген төрт түлік ішінде жылқы мен қойға ерекше мән берген қазақ халқы қой жаюдың, оны көбейту мен тұқымын асылдандырудың өзіндік әдіс-тәсілдерін тамаша меңгерген. «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» немесе  «... қой бағып, құйрық жеген озар» дегенді бабаларымыз тектен тек айтпаса керек.  Өйткені қазақтың тұрмыс-тіршілігінде қой малының алар орны бөлек. Қой өсіру – қазақ халқының ата кәсібінің бірі.                     Бүгінде де еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мен мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруда дәстүрлі сала – қой шаруашылығын өркендетудің маңызы ерекше. Өйткені қой шаруашылығы – мал шаруашылығының негізгі саласының бірі. Ал мал шаруашылығы – ауыл шаруашылығының ажырамас бөлігі болса, ауыл шаруашылығы – ел экономикасының локомативі.

Осы орайда «Ауыл» партиясы және Батыс Қазақстан облысының әкімдігі бірлесіп «Еділбай» қой тұқымы өмірге келген қасиетті Батыс Қазақстан жерінде – Орал қаласының орталық алаңында «AUYL FEST. Қой шаруашылығы – 2025» Бірінші халықаралық фестивалін ұйымдастырды. Фестивальдің басты мақсаты – Қазақстанның және шетелдің қой шаруашылығы саласындағы озық жетістіктерін көрсету мен тәжірибе алмасу, қой шаруашылығын дамыту, отандық асыл тұқымды мал өсірушілерді қолдау, ет, жүн, тері сынды мал өнімдерінің өңделуі мен қолдану мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру. Сонымен қатар, іс-шара аясында ұлттық тағамдарды, киім-кешек пен қолөнер бұйымдарын насихаттау, ауылдың мәдени мұрасын жаңғырту, асық ату, садақ ату, қошқар көтеру, ләңгі тебу, арқан тарту тәрізді ұлттық спорт түрлері мен тоғызқұмалақ, ханталапай, бес асық сияқты ойындарды дәріптеу, «Тазы», «Төбет» тұқымды иттердің үлгілік көрсетілімі, туризм мен агроөнеркәсіптік ынтымақтастықты арттыру көзделді. Фестиваль ауыл өмірінің әралуандығын көрсетіп, қала тұрғындары мен шетелдік қонақтарға қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығы, тұрмысы мен өнерін жақыннан тануға мүмкіндік берді.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, республиканың он алты облысы әкімдіктерінің өкілдері, Қытай, Франция, Венгрия, Иран және Ресей Федерациясынан келген салалық шетелдік мамандар, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен еліміздің жетекші қой өсірушілері – барлығы 1000-ға жуық адам қатысып, Қазақстандағы қой шаруашылығының қазіргі жағдайы, саланың алдында тұрған өзекті мәселелері мен даму перспективаларын қарастырды. Фестивальды облыс әкімі Нариман Төреғалиев: «Бүгінгі іс-шара — ауыл мен ғылым, еңбек пен нарық, дәстүр мен инновацияның тоғысқан тұсы. Оның аясында өтетін тұқымдық қой көрмесі, тәжірибе алмасу алаңдары, шеберлік сабақтары мен ғылым мен өндірісті ұштастыратын диалогтар қой өсіру мәдениетін жаңа деңгейге көтеретініне сенімдімін», - деген сөзбен ашты.

Өңір басшысынан кейін сөз алған «Ауыл» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі аграрлық мәселелер жөніндегі Комитет төрағасы Серік Егізбаев жиынға қатысушыларды фестивальдың ашылуымен құттықтай келе: ««Ауыл» партиясы өз жұмысында мал шаруашылығына, соның ішінде қой шаруашылығына ерекше назар аударады. Мәжілістегі аграрлық мәселелер жөніндегі Комитет төрағасы ретінде айтарым – бұл бағытта нақты заңнамалық және жүйелі қолдау қажет. Өйткені ауылды көтермей, ел дамымайды. Ауылсыз азық-түлік болмайды. Қой шаруашылығын дамытудың болашағы – ауылдың өркендеуінде, халықтың әл-ауқатында, аграрлық ғылым мен өндірістің тығыз байланысында жатыр. Осы фестиваль соның жарқын мысалы»,- деді. Келесі кезекте министрліктен, шет елдерден, еліміздің әр өңірінен келген өкілдер сала бойынша сөз сөйлеп, ойларын ортаға салды.

Жалпы, еліміздегі мал, атап айтқанда қой шаруашылығының құлдырау, тоқырау, даму және өркендеу көрсеткіштеріне шолу жасар болсақ, осыдан бір ғасыр бұрын, нақты айтқанда, 1913 жылы қазақ даласында 19,6 миллион уақ мал болса, 1936 жылы бұл көрсеткіш 4,3 миллионға дейін кеміпті. Советтік солақай саясат кесірінен дәстүрлі шаруашылығынан күштеп айырылған қазаққа КСРО бірінші басшылары И.Сталин мен Н.Хрущевтің кезінде де айтарлықтай қамқорлық пен жақсылық жасала қойған жоқ. Тек Л.Брежневтің кезінде ғана жағдай біршама жақсарып, дәстүрлі мал шаруашылығын дамытуға ден қойылды. 1974 жылы республиканың бас қаласы Алматыда «Тыңды игерудің 20 жылдығы» құрметіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға мәртебелі мейман ретінде қатысқан КСРО Бас хатшысы Л.Брежнев қазақстандықтарға ІІ тыңды игеруді – қой шаруашылығын дамытуды ұсынды. Қазақ халқына 1983 жылға дейін еліміздегі қойдың санын 50 миллионға жеткізу міндеттемесі жүктелді. Осыған орай республикада арнайы маманданған шаруашылық, кеңшарлар, фермалар құрылды.  Қой шаруашылығы, әсіресе, Оңтүстік Қазақстан, Семей, Жамбыл, Алматы облысында қарқынды дамыды. Фермалар автоматтандырылды. Жаңа тұқым шығару мақсатында Қазақстандағы таңдаулы қой тұқымдары мен шетелдік тұқымдар: австралия мериносы, австралия корриделі, линкольн қойы, ромни-марш қойлары, тағы да басқа пайдаланылды. 1975 жылы еліміздегі қойдың саны 35 миллионнан асса, 1984 жылдың басында Қазақстанда 36 миллион 568 мың қой болды. Қой тұқымдарының санымен қатар сапасын да көтеру шаралары нәтижесінде 1980 жылы Қазақстандағы қой 100 пайыз асыл тұқымды мал тобына жатқызылды. Уақ малдан алынатын ет өнімдері 1981 - 1983 жылы орта есеппен 493,3 мың тоннаға жетті. Қазақ шопандары КСРО-дағы еттің 30 пайыздан астамын, ал сол кездің өлшемімен бағасы алтынға пара-пар болған қаракөл елтірісінің 33 пайызын өндірді. Қазақстан қой саны жағынан КСРО бойынша Ресейден кейін 2-орын, қаракөл елтірісін дайындау жағынан 1-орын алды.

Қазақстанның бұл бағыттағы әлеуеттік көрсеткіші КСРО тарағаннан кейін күрт кері кетті. Бұрынғы социалистік жүйедегі одақтас елдермен қатар Қазақстан да өз тәуелсіздігін алғаннан кейін нарықтық экономикаға көшу жолына түсіп, баяғы мамандандырылған ірі мал кеңшарлары мен ұжымшарлар жекешелендіріліп, тарап, ел-елде, жер-жерде кіші-шағын әулеттік қожалықтар мен шаруашылықтар құрылды. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған бұндай қожалықтардың көбісі нарықтың қыспағына шыдамай тоз-тозы шығып, малдың басы азайып, тіптен кейбір ірі мал кеңшарлары жойылып тынды. Нәтижесінде мал шаруашылығы бойынша өзіндік қайталанбас мыңдаған жылдық қалыптасқан дара дәстүрі бар Қазақстан ет, жүн, тері өнімдерін шет елден экспорттайтын өндіруші емес, тұтынушы елге айналып шыға келді.  Экономиканың тау-кен өндірісіне бағытталған секторына берілген негізгі басымдық агросаланы құрдымға кетіре жаздады. Қазақстандағы 35,7 миллион бас қой мен ешкі Кеңес үкіметі тараған 1990-жылдары 3,6 есеге дейін күрт кеміді.

Дегенмен, мемлекеттің соңғы он жылдықта отандық агросекторға қолдау білдіріп, түрлі бағдарламалар қабылдауы арқасында қой шаруашылығының тамырына қайта қан жүгірді. Бүгінгі күнге келсек, 2024 жылғы статистика бойынша елімізде қазір 20,3 миллион бас ұсақ мал бар. Бірақ бұл санның қаншалықты нақты екенін осы күндері еліміз бойынша өтіп жатқан мал санағының нәтижесі көрсетеді. Жоғарыда көрсетілген ұсақ мал басының негізгі бөлігі, атап айтқанда  63,0 пайызы мал шаруашылығы бұрыннан жақсы қалыптасқан бес өңірде (Түркістан облысы – 4,47 миллион бас (22,0%),  Жамбыл облысы –  3,11 миллион бас (15,3%), Алматы  облысы — 2,32 миллион бас (11,4%), Жетісу өңірі – 1,56 миллион бас (7,7%), Батыс Қазақстан облысы – 1,34 миллион бас (6,6%) шоғырланған. 2024 жылы қой саны 16 өңірде өскен. Ең үлкен өсім Абай облысы (+27,7%) мен Павлодар облысына (+25,9%) тиесілі. Бүгінде қой малының басым бөлігі жекенің қолында. Атап айтқанда елдегі ұсақ мал басының 51,4 пайызына жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары,  42,3 пайызына халықтың жеке қосалқы шаруашылықтары,  6,3 пайызына ауыл шаруашылығы кәсіпорындары иелік етеді. Қазір шаруашылықтың бұл түрі отандық агробизнестің басты бағыттарының біріне айналған.                    

Десек те, қойды және қой етін экспорттау әлі тиісті деңгейге шыға алмауда. Мәселен, 2019 жылы шет елге 260,1 мың бас қой сатылса, бұл көрсеткіш 2023 жылы 30,4 мың басқа дейін төмендеген. Ал қой етін өндіру мен сыртқы саудаға шығару көлемі 1990 жыл мен 2024 жыл аралығында 284,6 мың тоннадан 132,8 мың тоннаға дейін, яғни 46,7 пайызға азайған. Бүгінгі таңда Қазақстан бірқатар Еуропа, Оңтүстік-Шығыс, Парсы шығанағы елдеріне қой етін экспорттайды. Бірақ көрсеткіш көңіл көншітпейді. Статистикаға қарар болсақ, қой еті 2019 жылы 12,6 миллион долларға экспортталса, 2020 жылы бұл көрсеткіш екі есеге азайып, 5,6 миллион доллар болған. 2021 жылы елімізде қой еті өндірісі біршама артып, 172 мың тоннаға жеткен. Солай бола тұра 2022 жылы 9,5 миллиард АҚШ долларына экспортталған әлемдік қой етіндегі Қазақстан үлесі 0,5 пайыздан да (41,3 миллион доллар, 10,36 мың тонна) төмен болған. 2024 жылы Қазақстан экспортқа бар болғаны 17,6 мың тонна қой етін шығарған. Мамандардың айтуынша, Қазақстанның әлеуеті жылына 400 мың тонна қой етін өндіруге жетеді. Ішкі нарықтың сұранысы 200 мың тонна шамасында екенін ескерсек, жылына 200 мың тонна қой етін экспорттауға болады. Бізде жыл сайын 100 мың тоннадан астам қой етін импорттайтын Парсы шығанағы елдерін айтпағанда, дәл іргемізде  жыл сайын 350 мың тоннадан астам қой етін тұтынатын әлемдегі ең ірі импорттаушы ел – Қытай тұр. Демек Қазақстанда қой етін экспорттау бойынша молынан мүмкіндік бар. Тек соны дұрыс пайдалансақ болғаны.

Қой шapуaшылығының келесі aca мaңызды өнімінің біpі – жүн. Бірақ, өкініштісі сол, елімізде өндірілетін қой жүнінің басым бөлігі қазір кәдеге аспайды. Себебі ол биязы болмағандықтан сұранысқа ие емес. 1980-1990 жылдарда Қазақстанда өндірілген жүннің 68-72 пайызы үлесі 55 пайызға жеткен биязы, биязылау жүнді қойдан алынды және оның ішінде биязы жүн 80-85 пайызды құрады. Жүн өндірудің көлемі ғана емес, сапасы да артып, әлемнің 12 алыс-жақын еліне жылына 25-30 мың тонна жүн экспортталды. Бүгінде ол кезең келмеске кеткендей. Алысқа бармай-ақ  2024 жылды алайық. Қазақстанда өндірілген 35,5 мың тонна қой жүнінің 51,3 пайызы тасталып, небәрі 18,2 мың тоннасы ғана өңделген. Оның өзінде де өңделген жүн таза биязы жүн емес. Ал әлемдік нарықта тек биязы жүн ғана сұранысқа ие. Елімізде соңғы жылдары жүн өндіру 8 пайызға артқанымен, экспорт 3,5 есеге азайған. Нақтырақ айтқанда сыртқа сатылған биязы жүн 2000 тоннаға да жетпейді. Бұдан бөлек, біз биязы және биязылау жүннің бір келісін 1 доллардан сатсақ, Жаңа Зеландия мен Аустралия нарығындағы жіңішкелігі 19-21 мкм-ге дейінгі 1 килограмм меринос жүннің бағасы 10 доллардан асып жығылады. Демек дұрыс кәдеге асыра алсақ, жүннен түсер пайда да аз емес. Бүгінде қой терісі де жүннің кебін киген. Кезінде қой терісін «Тоғыз қабат торқадан тоқтышақтың терісі артық» деп бағалаған елде қазір ол құн сүймейді. Сұраныс жоқтың қасы. Бұл жерде «Бір кездері ел бюджетінің бүйірін томпайтып тұрған сала неліктен аяқ астынан кері кетті?» деген заңды сұрақ туады. Оның бірінші себебі Кеңес кезінде осы аталған жұмыстың бәрі жоспарлы түрде атқарылды және мемлекеттік бақылауда болды. Екіншіден, қазір қой шаруашылығы өнімдерінің 80 пайыздан астамы шағын қожалықтар мен қосалқы үй шаруашылықтарында өндіріледі. Мысалы, қазір жүннің 53,4 пайызы, ал терінің 69 пайызы  халықтың жеке қосалқы шаруашылықтарынан алынады. Сондықтан да өндірілген жүн мен тері сапасы сұранысқа сай келмейді. Саланың басым бөлігінің жеке қолда болуы өз кезегінде технологиялық  жаңалықтар мен ғылыми жетістіктерді іске қосып, саланың экспорттық әлеуетін тиімді пайдалануға және әлеуетін арттыруға кедергі келтіріп отыр.         

Жалпы, есте жоқ ерте заманнан қой өсірудің өзіндік технологиясын қалыптастырған, мал жаятын жері де жеткілікті қазақ үшін қой шаруашылығы саласын дамыту еш қиындық тудырмаса керек еді. Шын мәнінде қиындық жоқ. Тек мал басының азаюына, саланың бәсекеге қабілеттілігін және оған деген қызығушылықтың төмендеуіне алып келген сертификатталған және бәсекеге қабілетті өнім үлесінің әсіресе, халықтың жеке қосалқы шаруашылықтарында төмен болуы, қой экспортындағы келісімшарттық тәртіптің нақты жолға қойылмауы мен тұрақсыздығы, өнімділігі жоғары тұқымдардың кең таралмауы және қайта өндіру деңгейінің төмендігі,  өндірілген жүннің басым бөлігінің  өндірісте қолданылмауы, еттің ішкі сұранысты толық қамтығанымен, экспортқа бағыттау мүмкіндігінің толық пайдаланылмауы, бордақылау инфрақұрылымының жеткіліксіздігі – мамандандырылған алаңдар мен қасапханалардың тапшылығы, мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі тәрізді күрмеуі шешілмеген қордаланған мәселелер бар.               

Бұл осы бағыттағы жұмысты ұйымдастыруға,  қой тұқымын асылдандыруға мемлекет тарапынан қолдау жоқ дегенді білдірмейді. Қазақстанда қазір қойдың барлық негізгі тұқымын – биязы, жартылай биязы, жартылай қылшық, қылшық жүнді және қаракөл қойын дамытуға жағдай жасайтын 7 асыл тұқымды орталық жұмыс істейді. Қой шаруашылығын дамытуға 2022 жылы  19,8 миллиард, 2023 жылы  20,8 миллиард, 2024 жылы 15,3 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2023 жылғы 31 тамыздағы №322 бұйрығымен 5000 басқа дейінгі қой фермаларын дамыту бағыттары шарттарына агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды несиелеу ережелеріне сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін таратуға арналған 2,5 пайыз мөлшерлемемен несиелеу бағдарламасы енгізілді. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде жүн мен теріні терең өңдеумен айналысатын кәсіпорындарды несиелеу бағыты да қарастырылды.  2025 жылға  асыл тұқымды әр аналық қой басына 4 000 теңге, тауарлық әр аналық қой басына 2 500 теңге, отандық селекциядағы асыл тұқымды қойларды сатып алуға бір басқа 15 000–30 000 теңге аралығында, импорттық асыл тұқымды қошқарларға бір басқа 150 000 теңгеге дейін, бордақылау мен союды қолдауда бір басқа 3 000 теңге, әр эмбрионға 80 000 теңге,  жасанды ұрықтандыруда бір басқа 1 500 теңге субсидия бөлінді.          

«AUYL FEST. Қой шаруашылығы – 2025» бірінші халықаралық фестиваліне қатысушылар Қазақстандағы қой шаруашылығының өткеніне шолу жасап, саланың қазіргі жағдайы, алдында тұрған өзекті мәселелері мен даму перспективаларын саралаған соң бірқатар ұсыныстар мен ұсынымдар әзірледі.

Атап айтқанда, негізгі үйлестіруші орган ретінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсақ мал басын 2024 жылғы 20,3 миллионнан 2030 жылға қарай 25 миллион басқа, жыл сайынғы қой еті өндірісін 132,8 мың тоннадан 250 мың тоннаға, қой етінің жылдық экспорты көлемін 17,6 мың тоннадан 30 мың тоннаға, асыл тұқымды мал үлесін қазіргі 8 пайыздан 25 пайызға, саланың өнеркәсіптік сектордағы үлесін 6, пайыздан 20 пайызға дейін арттыруды көздейтін қой шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясын нақты көрсеткіштермен әзірлеу жайы қозғалды.

Сонымен қатар қой шаруашылығының ерекшеліктерін ескере отырып ұсақ малға берілетін жылдық субсидияны қазіргі бір басқа берілетін 1 000–1 500 теңге шамасынан 3 000 теңгеге дейін арттыру, асыл тұқымды мал сатып алуға кеткен шығындардың 50 пайызына дейін өтеуді қамтамасыз ету, бір басқа циклына 20 000 теңгеге дейін бордақылау мен цифрландыруға арналған жеке субсидия енгізу, республикалық бюджеттен қой шаруашылығын қолдауға жыл сайын кемінде 25 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастыруды көздейтін қолданыстағы субсидиялау ережелерін жаңарту жайында айтылды.                                    

Ал Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігіне Сыртқы істер министрлігімен және Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау комитетімен бірлесіп Қытай Халық Республикасы, БАӘ, Кувейт, Катар, Сауд Арабиясы, Вьетнаммен ветеринариялық сертификаттарды өзара мойындау туралы келісімдер жасау, қазақстандық өндірушілердің қатысуымен кемінде 10 сауда миссиясы мен 6 халықаралық агроөнеркәсіптік көрме өткізу, қой еті мен жүні экспортына арналған онлайн-платформа құрып, логистика, стандарттар мен тарифтер бойынша ақпаратпен қамтамасыз ету, 2027 жылға дейін жаңа 5 экспорттық нарыққа шығуды көздейтін «KazSheep Export» ұлттық экспорттық бағдарламасын әзірлеп, іске асыру ұсынылды.                   

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне, Ұлттық экономика министрлігіне және «Бәйтерек» холдингіне (Аграрлық несие корпорациясы) саланы инвестициялық және қаржылық қолдауды қамтамасыз ету, қой шаруашылығы кәсіпорындары үшін жылдық мөлшерлемесі 4 пайыздан аспайтын жеңілдетілген несие беру бойынша мақсатты мемлекеттік бағдарлама енгізу, 500 миллион теңгеге дейінгі банк несиелері бойынша 85 пайыз кепілдік беруді қамтамасыз ететін кооперативтерге арналған кепілдік қор құру, жыл сайын қуаттылығы 10 000 басқа дейінгі кемінде 10 бордақылау алаңын қаржыландыру, сою жабдықтарын, тоңазытқыш қондырғыларды және жүн өңдеу құралдарын сатып алуды субсидиялау бойынша идея тасталды.

Қой шаруашылығының ең жоғары әлеуеті бар өңірлер – Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу және Батыс Қазақстан облысының әкімдіктеріне  бордақылау алаңдары мен сою пункттеріне арналған жер телімдерін бөлу. «ақылды» жайылымдар, құдықтар, қоршаулар, навигациялар тәрізді жайылым инфрақұрылымын құру, жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарын гранттар, оқытулар, инфрақұрылымдар арқылы кооперативтерге біріктіруді ынталандыру, шекара маңындағы аймақтарды ветеринарлық бекеттер және логистикалық орталықтармен қамтамасыз етуді көздейтін қой шаруашылығын дамыту бойынша өңірлік бағдарламалар әзірлеу бойынша ұсыным берілді.               

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп Астана, Алматы, Орал, Семей, Шымкент қаласындағы 5 аграрлық жоғары оқу орнында оқу бағдарламаларын жаңарту, ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы қарамағындағы ұйымдар базасында ұсақ мал генетикасы мен өнеркәсіптік бордақылау бойынша 2 ғылыми орталық құру, жайылым технологиялары, ұсақ мал денсаулығын басқару, қазақы тұқымдар генетикасы, бордақылау рационын оңтайландыру бағыттары бойынша қолданбалы зерттеулерді жылына кемінде 500 миллион теңге көлемінде қаржыландыруды көздейтін қой шаруашылығы бойынша агро-мамандарды дайындау жүйесін қайта іске қосу ұсынылды. Бұдан бөлек агробизнес пен өндірушілерге жасанды ұрықтандыру және эмбриондарды трансплантациялау технологияларын қолдану, орташа ет өнімділігін бір басқа шаққанда 15 килограммнан  25 килограммға дейін арттыру, асыл тұқымды мал өсірудің заманауи әдістерін енгізу, жайылымнан бастап орап-қаптауға дейін толық тікелей ықпалдастырылған сервистік кооперативтер құру, қуаттылығы циклына 5000 бастан 15 000 басқа дейін жететін орталықтандырылған бордақылау және сою жүйесін енгізуді көздейтін кооперацияны және тауарлық тізбектерді дамыту бойныда бағыт-бағдар берілді.

Сонымен қатар қоғамдық ұйымдарға және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасына ішіне Қытай, БАӘ, Кувейт, Вьетнам елдерінің маркетингі, өнімнің визуалды стилі мен орау/қаптауы, B2B байланыстарына арналған платформа мен экспорттаушылар каталогы енгізілген «Qazaq Qoy» / «KazSheep» бірыңғай экспорттық брендін құру,  жүн мен теріге арналған электрондық сауда платформасын енгізу, 2027 жылға дейін Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу және Батыс Қазақстан облысында кемінде 5 жүн өңдеу кәсіпорнын салу, халықаралық стандарттарға (AWEX, IWTO) сәйкес сатып алу және сұрыптау жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуді көздейтін жүн мен тері нарығын дамыту ұсынылды.

Фестиваль қорытындысы негізінде қатысушылар қабылданған қарарды Қазақстан Республикасының Үкіметіне, оның ішінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің атына жолдады.

 

Нұржан МУСЛИМОВ,

«Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы