Жаңалықтар

«Jibek Joly» – жаңа инвестиция алаңы

Шу ауданы дамудың даңғыл жолына түсіп, жылдан жылға өркендеп келеді. Оның бірден-бір дәлелі «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағына инвестициялық жобалардың көптеп тартылуы. Қазіргі таңда бұл аймақта ресми түрде 22 жоба тіркелген, олардың ішінде 5 жоба толық іске қосылып, нәтижесінде жалпы құны 29 миллиард теңгені құрайтын өндіріс орындары ашылған. Соның арқасында 146 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Осындай оңды өзгерістерге облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен Шу ауданында өткен баспасөз туры барысында тағы бір мәрте көз жеткіздік. Аталған аймақтың инвестициялар тарту бөлімінің жетекшісі Амангелді Аяғановтың айтуынша, тағы да 5 жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жобалардың жалпы құны 700 миллиард теңгеге жетіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосуда.

ГЕРБИЦИДТІ ШЕТЕЛГЕ ЭКСПОРТТАУҒА ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛҒАН

Ұйымдастырылған баспасөз туры барысында алғашқы нысан ретінде гербицид өндірумен айналысатын «Хим-плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік алаңына аялдадық. Аталған кәсіпорын осыдан бес жыл бұрын іске қосылып, бүгінде тұрақты жұмыс жүйесін қалыптастырған. Жобаның жалпы құны – 26,3 миллиард теңге, ал зауыттың өндірістік аумағы 30,7 гектарды қамтиды. Мұнда ауылшаруашылығындағы егістік алқаптарының арамшөптерін жоюда таптырмас мәнге гербицидтің екі түрі, яғни сұйық және түйіршік күйіндегі өнімдер дайындалып, нарыққа шығарылуда.

Аталған зауыт гербицид өндірумен қатар, оны құятын арнайы ыдысты да (канистр) өздері жасап шығарады. Ыдыстар үш түрде, 1 литр, 5 литр және 20 литр көлемде жасалады. Дегенмен тапсырыс берушілердің басым көпшілігі 20 литрлік гербицидке сұраныс білдіреді.

 

КАССАЛЫҚ ЧЕКТЕРДІҢ ҚАЙДА ӨНДІРІЛЕТІН БІЛЕСІЗ БЕ?

Мұнан соң БАҚ өкілдері «С9 Technologies» ЖШС-не тиесілі  этикет-ленталарға (термоэтикеткаларға) және чек лентасына арналған пластмасса втулкалар өндіру ошағының жұмыс барысын көзбен көрді. Бұрнағы жылы іске қосылған кәсіпорын 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өндіріс ошағының техникалық директоры Дәуір Баймолдаев облысымызда кассалық чек, этикет-лента шығаратын жалғыз орталық осы аймақта орналасқанын айтады.

 

Аммоний бифторидіне сұраныс артады

«Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асып жатқан жобалар жетерлік. Іске қосылған жобаның бірі -«Chemical Engineering» ЖШС-нің аммоний бифториді өндірісі. Зауыттың басты мақсаты – еліміздегі химия өнеркәсібін дамыту және оның өндірістік көлемін ұлғайту. 2023 жылы іске қосылған бұл өндіріс ошағы бүгінде 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Өндіріс орнының ерекшелігіне байланысты кәсіпорын басшылығы барлық БАҚ өкілдерінің цех ішіне кіруіне рұқсат бермеді. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес, тек екі оператор ғана ішке еніп, жұмыс барысын таспаға түсірді. Мұндай шектеудің өзіндік себебі де бар. Зауытта улы химиялық өнім өндірілетіндіктен, ең алдымен қызметкерлер мен қонақтардың  қауіпсіздігі басты назарда болатыны белгілі.

«Chemical Engineering» ЖШС-нің бас инженері Алексей Демгин аммоний бифторидінің өндірілу тарихына тоқталып, алдағы жоспарларымен де бөлісті.

 

ОБЛЫСТА БҰРЫН-СОҢДЫ БОЛМАҒАН БАСТАМА

БАҚ өкілдері келесі кезекте «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» ЖШС-не қарасты «Сутегінің асқын тотығын өндіру» зауытының құрылыс алаңына бас сұқты. Қазіргі таңда мұнда қарқынды түрде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны шамамен 32 миллиард теңгені құрап, нысанның ауқымды екенін көрсетіп отыр. Зауыттың өндірістік кешені 16 гектар жерді қамтиды. Құрылыс алаңында қазірдің өзінде 150-ге жуық адам еңбек етуде. «AsiaGeoProjekt» ЖШС директорының орынбасары Бағдат Искендировтың мәлімдеуінше, зауыт толық қуатында іске қосылған соң шамамен қырықтан астам азамат тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Ал «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының инвестициялар тарту қызметінің жетекшісі Амангелді Аяғановтың айтуынша, «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» ЖШС 5 жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатқан компанияның бірі. Маманның дерегінше, аталған зауыт толық қуатында іске қосылған жағдайда оның жылдық өндірістік әлеуеті 30 мың тонна өнім шығаруға жететін болады. Бұл өнімдер металлургия, химия өнеркәсібі, тоқыма өндірісі, сондай-ақ су тазалау саласында кеңінен қолданыс табады деп күтілуде. Техникалық жағдайы да толық автоматтандырылған жүйеге көшеді.

 

ЖҮГЕРІ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫНЫҢ ЖИЫРМАДАН АСА НЫСАНЫ БАР

Тілшілер қауымы келесі кезекте «SHENGTAI BIOTECH CO.,LTD» ЖШС-не тиесілі жүгері өңдеу зауытының құрылыс алаңында болды. Қазіргі таңда алып кәсіпорынның негізі қаланып, өндірістік нысандардың бой көтеру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

«SHENGTAI BIOTECH CO.,LTD» компаниясы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағына ең ірі көлемде қаржы құйып отырған инвесторлардың бірі саналады. Жалпы инвестиция көлемі 407 миллиард теңгеге тең болса, оның ішінде тек жүгері өңдеу зауытын салуға бағытталған қаржының өзі 200 миллиард теңгені құрайды. Аталған жоба аймақтың ғана емес, тұтас еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы аса ауқымды жобаларының бірі болып отыр. Былтыр басталған зауыт құрылысы жоспарға сәйкес 2027 жылға дейін толық аяқталуы тиіс. Жоба жүзеге асқан жағдайда жүгеріні терең өңдеуге мүмкіндік беретін заманауи өндіріс іске қосылады. Мұнда жүгеріден биологиялық қоспалар, крахмал өнімдері, глюкоза мен басқа да қосалқы өнімдер өндірілмек.

Компанияның әкімшілік хатшысы Сун Джа Шин зауыт толық қуатында жұмыс істей бастаған сәтте 1500-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылатынын сөз етті. Жоба іске асқанда аймақтың экономикалық келбеті айтарлықтай өзгереді деп күтілуде.

Компания өкілдерінің айтуынша, зауыттың биылғы жоспарлы жұмысына шамамен 1 миллион тонна жүгері қажет болады. Ал зауыт толық жұмыс істей бастағанда, жылына 5 миллион тоннаға дейін жүгері қабылдау мүмкіндігі пайда болады. Жүгері өндірісіне деген сұраныстың артуы жергілікті шаруаларға жаңа мүмкіндік береді. Компания өкілдері дәнді дақылдың басым бөлігін дәл осы өңірдің өзінен сатып алуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар компания басшылығы халықты жүгері егіншілігімен көбірек айналысуға ынталандыруға ниетті. Себебі жүгері тек мал азығы ретінде ғана емес, қайта өңдеу арқылы тағамдық, өнеркәсіптік және медициналық мақсаттарға арналған құнды өнімге айналатыны белгілі.

Айта кетейік, Сун Джа Шиннің дерегінше Қытай Халық Республикасында дәл осындай алты алып өндіріс орындары жұмыс істеп тұр. Ал Қазақстанда мұндай өндіріс орны алғаш рет іске қосылып отыр.

Жалпы алғанда жүгеріні терең өңдеуге бағытталған бұл зауыт тек бір кәсіпорын ретінде ғана емес, тұтас аймақтың аграрлық-индустриялық дамуына серпін беретін стратегиялық нысан болмақ. Оның іске қосылуы арқылы Қазақстан халықаралық тәжірибеге сүйеніп, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуде жаңа дәуірді бастайды.

Баспасөз туры аясында аймақтағы инвестициялық жұмыстармен танысып, өңірдің өркендеуіне үлес қосып жатқан нысандарды көзбен көріп қайттық. Жоғарыда айтылған жүйелі жоспарлар толық жүзеге асатын болса, Әулиеата өңірінде экономикаға серпін беретін бірқатар мәселелердің шешімі табылмақ.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ