Жаңалықтар

Әңгіме өзегі - әлеуметтік қорғау

Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жағдай жасау, олардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамтамасыз етілуін күшейту – басты міндеттердің бірі. Сондықтан да мемлекет тарапынан жүйеге түрлі өзгерістер енгізіліп, бұл бағытта арнайы құрылған институт пен мемлекеттік органдар, қоғам өкілдері бірлесе жұмыс жүргізуде.

Бұл тақырып өз өңірімізде де өзекті. Кеше ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Сейтжан Кенжеғұлдың қатысуымен кеңес өтті. Облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетованың төрағалығымен өткен жиында бірқатар мәселелер кеңінен талқыланып, қоғам өкілдері мен мемлекеттік құрылымдардың бірлесе атқаратын жұмыстары нақтыланды.

Айта кету керек, уәкілдің жұмысының негізгі мақсаты – халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдігін қамтамасыз ету. Сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимыл жасай отырып, олардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру. Осыны өз сөзіне арқау еткен Сейтжан Кенжеғұл әлеуметтік осал топтардың құқығын қорғау бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылып жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ уәкіл Қазақстанда әлеуметтік қорғау саласында қабылданып жатқан шараларды сөз етіп, Президент бастамасымен Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық жасалғанын, бірқатар азаматқа жеңілдіктер беріліп, оның ішінде кейбірі бостандыққа шыққанын жеткізді. Айтуынша, бұл азаматтарға да әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Сонымен бірге, әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған институт құрылып, Президент Жарлығы шыққанымен, уәкілдердің, институттың нақты заңдық мәртебесі енді ғана дайын болыпты. Алдағы айда жаңа заң қабылданады деп күтіліп отырса керек. Осы және өзге де өзекті мәселелер тақырыпқа тұздық болған жиында кезек сұрақ-жауапқа берілді.

Бұл сұраққа уәкіл: «Инватакси мәселесі бүгінде кез келген қала мен аудандарда қолданыстағы заң аясында жұмыс істеп тұр. Дегенмен оның қызмет көрсету ауқымын кеңейту, қолжетімділігін арттыру секілді түйткілдер бар. Бұл, ең алдымен, жергілікті жерлерде қарастырылған қаржы көлеміне байланысты шешілетін мәселе. Соған қарамастан мәселе тиісті орында талқыланатын болады», – деп жауап берді.

Жиын барысында бұдан басқа да  сауалдар қойылып, ұтымды ұсыныстар ортаға салынды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ