Қазақстанда өсімдік майын өндіру 24%-ға өсті
Қазақстанда майлы дақылдарды қайта өңдеу көлемінің тұрақты өсуі жалғасуда, деп хабарлайды arainfo.kz
2025 жылғы қаңтар–шілде аралығында өсімдік майын өндіру өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24%-ға өсіп, 521,2 мың тоннаға жетті. Оның ішінде күнбағыс майының өндірісі 457,7 мың тоннаны құрап, 24,5%-ға артты.
2024 жылы елде 753 мың тонна өсімдік майы өндірілген, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 12%-ға артық. Күнбағыс майының өндірісі 18,3%-ға ұлғайды.
Қазіргі уақытта елімізде жылына 4,7 млн тонна майлы дақыл тұқымын өңдеуге қауқарлы 88 кәсіпорын жұмыс істейді. Орташа жүктеме 35% деңгейінде, бұл өндірісті одан әрі арттыруға әлеует бар екенін көрсетеді.
Экспорт көлемі де өсіп отыр. 2024 жылы өсімдік майлары экспорты 29%-ға артқан. Негізгі бағыттар: Қытай (42,4%), Өзбекстан (35,4%), Тәжікстан (12,7%), Ауғанстан (3,2%), Қырғызстан (1,4%), сондай-ақ Латвия мен Түрікменстан (1,8%).
Майлы дақылдар егіс алқаптарының ұлғаюы өндірістің артуына ықпал етті. 2025 жылы олардың көлемі 36%-ға (+1,055 млн га) өсті. Ең үлкен өсім күнбағыс (+481 мың га), зығыр (+376 мың га) және рапс (+173 мың га) дақылдарына тиесілі.
Күнбағыс егісін көбейту бойынша Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары алдыңғы қатарға шықты.
Сарапшылардың пікірінше, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері майлы дақылдарды табыстылығы жоғары дақыл ретінде көбірек таңдап отыр. Бұл өндірісті әртараптандырудың тиімділігін дәлелдейді.