Жаңалықтар

Қазақстандықтарға жылу үшін шамамен 1,6 млрд теңге қайтарылады

Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды arainfo.kz

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті жылу энергиясын есепке алу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін қайта есептеу жұмыстарын аяқтады. Бұл жұмыс заңнамаға сәйкес сыртқы ауаның нақты температурасына байланысты тарифті түзету арқылы жүргізілді.

Қорытынды бойынша азаматтарға 1 млрд 554,7 млн теңгеден астам қаражат (ҚҚС-пен) қайтарылады. Ақша дербес шоттарда көрсетіліп, 2024–2025 жылдардағы жаңа жылыту маусымында аванс ретінде немесе 2025 жылдың соңына дейін қайтарылады.

Қайтарылатын соманың басым бөлігі Қарағанды облысына (457 млн тг), Шығыс Қазақстан облысына (257,2 млн тг), Астанаға (224,5 млн тг) және Маңғыстау облысына (176,7 млн тг) тиесілі. Ал Шымкент пен Ұлытау облысында қайта есептеу қарастырылмаған, себебі тарифтер ауа температурасына сәйкес бұрыннан қалыптастырылған.

Комитеттің мәліметінше, жүргізілген жұмыс тарифтердің ашықтығын арттырып, есеп айырысудың әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қосымша ақпарат алу үшін өңірлердегі комитет департаменттеріне хабарласуға болады.