Жамбыл облысында жаңа табиғи парк құрылды
Жамбыл облысында алғаш рет ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне ие «Меркі мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» ашылды, деп хабарлайды arainfo.kz
Жоба Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылып, өңірдің бай табиғи мұрасын сақтауға, экологиялық тепе-теңдікті қорғауға және экотуризмді дамытуға серпін бермек.
Жалпы аумағы 86 632 гектарды қамтитын парк таулы және тау етегіндегі аймақтарды өзіне біріктіріп, өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін түрлерін қорғауға бағытталған. Мұнда Қазақстанның Қызыл кітабына енген қар барысы, арқар, үнді жайрасы, қызыл қасқыр және Түркістан сілеусіні мекендейді. Соңғы санақ бойынша аумақта 8 қар барысы, 120 арқар, 20 үнді жайрасы және 22 сілеусін тіркелген.
Жаңа парк табиғатты қорғаумен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, экологиялық ағартушылықты арттыруға және экотуризмді дамытуға мүмкіндік береді. Тауға шығу, жаяу және атпен серуендеу, құстарды бақылау сияқты экотуристік бағыттар қарастырылған.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, парк аумағында туристік соқпақтар, танымдық бағыттар мен демалыс аймақтары кезең-кезеңімен ашылып, табиғатты қорғау талаптары қатаң сақталмақ.