Трактор тізгіндеген ару
Бүгінде ауыл шаруашылығы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзегіне айналған стратегиялық маңызды сала. Жер емген дихандар, төрт түлік бағып, өнім өндіруші шаруалар -ұлт ырысы мен ел қауіпсіздігінің кепілі. Бұл салада еңбек ететін мамандардың басым көпшілігі ер азаматтар екені жасырын емес. Дегенмен, соңғы жылдары техника тізгінін еркін меңгеріп, аграрлық бағытты кәсіби тұрғыда таңдаған бойжеткендер саны да артып келеді. Солардың бірі –Жуалы ауданындағы №16 колледждің 2-курс студенті Аида Мақсатқызы.
Аида – ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығы бойынша білім алып жүрген санаулы қыздардың бірі. Техникалық бағыттағы мамандықты игеріп жүрген бойжеткен бұл саланың нәзік жанды аруларға да қолайлы әрі қызықты екенін іс жүзінде дәлелдеп келеді.
2008 жылы Жуалы ауданында дүниеге келген Аида тоғызыншы сыныпты 2024 жылы тәмамдайды. Мектепті бітірген соң, көп ойланбастан, кәсіби білім алуды жөн көреді. Таңдауы – ауыл шаруашылығы саласына түсіп, механизация бағытын игеру. Бұл шешімі көпшілікті таң қалдырғанымен, Аида үшін саналы таңдау еді.
- Алғаш тракторға деген қызығушылығым атаммен бірге егістікке барған сәттен басталды. Сол кезде техниканың ірілігі, гүрілдеген дауысы, жұмыс барысы мені қатты қызықтырды. Балалық шағымда сол машиналарды бір күні өзім жүргіземін деп армандайтынмын. Қазір сол арманым орындалды, – дейді Аида.
Кейіпкеріміз колледжге алғаш қадам басқан сәттен өз мамандығының маңызын түсінеді. Алғашында үлкен техниканы тізгіндеуге жүрексінгенімен, оқытушылардың қолдауы мен сенімінің арқасында ол бұл саланы толық игеруге бел буады.
Ұстаздарының айтуынша, Аида-білімге құштар, ізденімпаз студенттердің бірі. Теориялық білімге де, тәжірибеге де ерекше ынтамен қарайды. Оқу үлгерімі жақсы, тапсырмаларды мұқият орындайды.
Аида Мақсатқызы трактор жүргізуді меңгеріп қана қоймай, оны өмір салтына айналдырып келеді. Қазір ол техниканың түр-түрін тізгіндеп, күнделікті оқу тәжірибесін жетілдіру үстінде. Тіпті ауылдастары арасында техниканы игерген батыл қыз ретінде танылып үлгерген.
Талапты жас болашақта ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологияларды енгізіп, оны заман талабына сай жаңғыртқысы келеді. Ол тек өзі ғана үйреніп қоймай, ауыл жастарына да бағыт-бағдар беруді армандайды.
Аиданың жетістігі тек техниканы меңгерумен шектелмейді. Ол шығармашылық, қоғамдық жұмыстарда да белсенді. 2024 жылы өткен «Екі жұлдыз» байқауында екінші орынды иеленсе, облыстық «Абай оқулары» байқауында жүлделі үшінші орынға ие болған. Сонымен қатар, колледж ішіндегі студенттік парламент ұйымында «Өнер» фракциясының мүшесі ретінде түрлі мәдени іс-шараларға атсалысып келеді.
Қазірдің өзінде трактор тізгіндеп, кәсіби білімін шыңдап жүрген Аида – бұл мамандықтың қыздарға да қолайлы екенін дәлелдеп жүрген жастардың бірі. Оның табандылығы, жауапкершілігі, өз ісіне деген сүйіспеншілігі ауыл қыздарына үлгі бола алады.
Мамандық таңдау – өмірлік маңызды шешім. Аида бұл таңдауды жүрек қалауымен жасаған. Оқуға деген ынтасы, техникаға деген қызығушылығы, еңбекке деген адалдығы оның кәсіби тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етіп отыр.
Бақытжан БЕКБОЛАТ
журналист,
Жуалы ауданы