Еңбек адамы

Береке бейнетпен келеді

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары - ел үшін де, жеке азаматтар үшін де үлкен сын мен мүмкіндік кезеңі болды. Экономикалық тұрақсыздық, нарықтық қатынастардың жаңадан қалыптасуы көптеген адамды жаңа жол іздеуге итермеледі. Дәл осы күрделі уақытта тәуекелге барып, кәсіпкерлікке бет бұрған азаматтардың бірі - Жаңатас қаласының тұрғыны Сабырбек Ордабаев. Қарапайым бастамадан бастап, бүгінгі күні еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып отырған кәсіпкердің өмір жолы - табандылық пен сенімнің, еңбек пен жаңашылдықтың жарқын үлгісі. Оның кәсіпкерлік жолы тек қаржылық табыспен емес, елге, қоғамға тигізген пайдасымен де бағалы.

Сабырбек Пірімбекұлы 1958 жылы Сарысу ауданының Маятас ауылында дүниеге келді. Дегенмен оның  өмір жолы Жаңатас қаласымен біте қайнасып жатыр. Бала күнінде ата-анасы жұмыс барысымен сол кезде Көксу деп аталған, кейіннен кеншілер шаһарына айналған елді мекенге қоныс аударады. Сол уақыттан бастап  кейіпкеріміз де осында өсіп-өнді.  1964 жылы Бүркіттідегі  М Әуезов атындағы шағын ғана  8-жылдық мектептің табалдырығын аттайды.  Ал 1974 жылы Қ Сәтпаев атындағы орта мектепте 10-сыныпты бітіріп шықты.

Кеңес Одағы кезеңінде кәсіби білім берудің негізгі тіректерінің бірі - техникумдар болды. Бұл оқу орындары қоғам үшін аса қажетті мамандарды дайындап, елдің өндірістік, құрылыс, ауыл шаруашылығы мен техникалық салаларының дамуына үлкен үлес қосты. Орта арнаулы білім беретін техникумдар жастарға теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, өмірлік жолын ерте бастауға мүмкіндік берді. Жұмысшы мамандығына деген сұраныс жоғары болған сол заманда техникумда оқу болашаққа берік негіз қалаудың, кәсіби маман атанудың нақты жолы саналды. Бұл жүйе тәртіпке, жауапкершілікке және еңбекке баулыды. Сабырбек Ордабаев та 1975 жылы сол тұста аты дүркіреп тұрған Жаңатас құрылыс техникумына түсіп, 1979 жылы тәмамдады.

Сол замандағы жас мамандардың техникаға деген қызығушылығы ерекше болатын. Әр аймақтан келген жастар үлкен құрылыс нысандарын, өндірістік зауыттарды, күрделі механизмдерді көріп, таңдай қағатын. Олар үшін әр жаңа құрылғы-тек құрал емес, адамның ақыл-ойының жемісі, болашақтың кілті іспетті еді. Техникумда оқып жүріп-ақ, олар сызбалар салып, станоктар мен құрал-жабдықтардың құрылымын үйреніп, өз қолымен бөлшектер құрастырып, алғашқы өндірістік тәжірибеден өтетін. Әрбір тетіктің қалай жұмыс істейтінін түсіну, оны жөндей білу немесе жаңасын ойлап табуға ұмтылу-сол буын жастарының бойында техникаға деген шынайы қызығушылықтың бар екенін көрсететін. Біздің кейіпкеріміз де білім ала жүріп, әрі техникаға қызығушылығының арқасында «АТП 09007» автокөлік кәсіпорнында алғашқы еңбек жолын жүргізуші ретінде бастап та кетті.

Адал еңбек адам баласын қай кезде де алға жетелейтіндігі сөзсіз. Сабырбек Ордабаев та кейіннен механик, шаруашылық басқарушысы, кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде ұйымдастырушылық қабілетімен танылды. Істің көзін таба білетін ілкімділігімен көзге түсті.

Әйтсе де тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудың қай салаға болсын оңай соқпағанын жақсы білеміз. Кеңес Одағының ыдырауымен бірге жоспарлы экономика жүйесі де күйреп, халық жаңа, бейтаныс нарықтық қатынастармен бетпе-бет келді. Жұмыссыздықтың артуы, инфляцияның шарықтауы және әлеуметтік кепілдіктердің жойылуы- осының бәрі миллиондаған адамды күнкөріс үшін өз жолын іздеуге итермеледі. Осындай қиын жағдайда көпшілік амалы жоқтан кәсіппен айналысуға көшті. Бизнеске бет бұру біреулер үшін өмір сүрудің жалғыз жолы саналса, енді біреулер үшін жаңа мүмкіндіктердің бастауы болды. Бұл кезең елдегі жеке кәсіпкерліктің негізі қаланған, батыл әрі тәуекелшіл буын қалыптасқан уақыт ретінде есте қалды.

Уақыттың талабын әрі қоғамның сұранысын ескере білген Сабырбек Ордабаев сол тұста отбасымен бірге кәсіпкерлікпен айналысуға бел буды. Сөйтіп орталық базардан шағын дүкен ашып, аз-маз тауар әкеліп сата бастайды. «Саудада береке бар» деген тәмсіл тектен тек айтылмаған ғой. Отбасылық кәсіп те алға басып, айналым қаражаты толыға түсті.

Кейіпкеріміз 2000 жылдары кәсіпкерлігін кеңейту мақсатында жаңа нысан іздей бастайды. Содан теміржол стансасының маңында қаңырап бос тұрған қойманың кімге тиесілі екенін білмекке бекінеді. Нысан теміржол стансасының меншігінде  болғанмен, ондағылар Тараз қаласында орналасқан басқармадан рұқсат сұрау керектігін айтады. Не керек, Сабырбек Ордабаев қалың ойдың жетегінде облыс орталығына тіке тартады. Әйтеуір, ол жақтағы басшылар кәсіпкердің талпынысына түсіністікпен қарап, алқам-салқамы шыққан ғимаратты пайдалануға келісім береді. Ал жекеменшікке алатын кезде бизнес жоба ұсыну қажет болады.

-«Сабақты ине сәтімен» дегендей, бұл нысанды жекеменшікке алуға мүмкіндік туды. Бірақ ол үшін бизнес жоба ұсыну керек екен. «Бұл жерден не ашуға болады?» деп көп ойландым. Теміржол стансасының жаны болғанмен, мұнда халық көп жүрмейді. Оның үстіне нысанды қалпына келтіру үшін біраз қаржы салу керек. Сөйтіп «Нартәуекел!» деп мақсары майын өндіремін деп шештім. Бастапқыда арнайы станок сатып алдым. Келесі кезекте ауыл-ауылды аралап, мақсары егетін шаруалардың өнім алуға уағдаластым. 7-8 жұмысшы  қабылдап, іске кірісіп кеттік. Бәрі де айтуға оңай ғой. Шаруаның ретін таба жүріп алғашқы өнімдерді де нарыққа шығардық.

Жұмыс алға баса келе шикізат тапшылығы байқалды. Ол тұста мақсары егетіндер өте аз еді. Содан өзім жалға жер мен техника құралдарын алып, мақсары егуге кірістім. Сол жылдары мақсарыдан керемет деңгейде өнім алдық. Көл-көсір май өндіріп, оны тіпті Тараз, Шымкент қалаларына дейін апарып саттық. Осылай бизнестегі бастамамыз сәтті жалғасып жатты,-дейді С.Ордабаев.

Қойманың теміржолдың дәл іргесінде болуы кәсіпкерлік көкжиегін одан әрі кеңейтуге жол ашты. Осы орайда кейіпкеріміз темір-тексер қабылдап, құрылым материалдарын сатуға да көшеді. Мұнымен шектелмей, Қостанай, Қарағанды қалаларынан арзан бағада ұн алдыра бастайды. Тағы да ойлана келе 2009 жылы наубайхана ашып, Жаңатас қаласының тұрғындарын нан өнімдерімен қамтамасыз етуге кіріседі. Мұнда да көптеген адам жұмыспен қамтылады.

Әрине, кәсіп болған соң түрлі қиындықтардың да кездесіп жататындығы даусыз. Үнемі жол үстінде болған соң түрлі жағдайлар да орын алады. Әңгіме барысында кәсіпкер сондай оқиғаның бірін айтып берді.

Сабырбек Ордабаев табысты кәсіпкер ғана емес, өнегелі отбасының да алтын діңгегі. Жан жары Зағира Серкебаева екеуі 1978 жылы отау құрып, бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді. Құдай қосқан қосағы да сауда саласынан алыс емес. Ол еліміз егемендік алғанша қалалық дүкендерде сатушы болып жұмыс істеді. Осы бағытта жиған мол тәжірибесі отбасылық бизнестің дамуына да оң септігін тигізгенін айта керек. Ал тұңғыш қыздары Нұрсәуле Сабырбекқызы Астана қаласында тәмамдаған мамандығы бойынша экономист болып қызмет атқарады. Жиен  Алмас та медициналық  академияны бітіріп, ұлт саулығын нығайту жолында еңбек етіп жүр.  Үлкен ұлдары Жеңіс Сабырбекұлы болса полковник. Бүгінде  Астана қалалық прокуратурасында аппарат бастығы. Ол да жанұялы,  екі қыз, екі ұл тәрбиелеуде.  Кенже ұл Дәурен шаруа қожалықтың меңгерушісі ретінде ел ырысын еселеуге үлес қосуда. Қазіргі таңда ол екі ұлдың әкесі.  

Елдің өркендеуі- қарапайым еңбек адамдарының тынымсыз тірлігі мен маңдай терінің жемісі. Әрбір адал еңбек- елге жасалған қызмет, болашаққа қосылған үлес. Осы орайда кәсіптен нәсіп теріп, өңірдің өсіп-өркендеуіне атсалысып келе жатқан кейіпкеріміздің өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге болатындығы сөзсіз.

Бақыт Жалғас,

Сарысу ауданы