Жамбыл жаңалықтары

«Ішімдіксіз ауыл» жобасын қолдаушылар көп

Бүгінгі қоғамда ұлт саулығы мен жас ұрпақтың болашағына қатысты бастамалар – ең өзекті әрі маңызды мәселелердің бірі. Әсіресе ауылдық жерлерде салауатты өмір салтын насихаттау, зиянды әдеттерден арылу жолында нақты қадамдарға бару – уақыт талабы. Осы мақсатта Меркі ауданында қолға алынған «Ішімдіксіз ауыл» жобасы халық арасында қолдау тауып, кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.

Аудан әкімінің тікелей тапсырмасымен құрылған арнайы жұмысшы топтар ауылдық округтерде түсіндіру жұмыстарын бастап кетті. Соның бірі  Кеңес ауылдық округінде өтті. Кездесуге «Меркі медиа» орталығының басшысы Қазыбек Камал, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Ерғали Қалысбаев, ауыл әкімі Бек Қойшыбеков, учаскелік полиция қызметкерлері, жергілікті кәсіпкерлер мен белсенді қоғам мүшелері қатысты.

Кездесу барысында ішімдіктің отбасы мен қоғам тыныштығына тигізер зияны, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылыққа жол ашатын фактор ретіндегі кері әсері кеңінен түсіндірілді. Топ мүшелері ауыл тұрғындарын «Ішімдіксіз ауыл» жобасын бірлесе қолдауға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үндеді.

Кездесу нәтижесінде ауылдағы бірнеше дүкен иелері жобаны қолдап, алкоголь өнімдерін сатудан ерікті түрде бас тартуға ниет білдіріп, арнайы меморандумға қол қойды. Мұндай қоғамдық келісім – тек қағаз жүзіндегі міндеттеме емес, бұл – ортақ сенімнің, ішкі ұстанымның белгісі. Ауыл жұрты болып бірлесе әрекет еткенде ғана ішімдік секілді әлеуметтік кеселдің алдын алуға болады.

Келесі кездесу Аспара ауылдық округінде жалғасып, топ мүшелері ішімдіктің тек денсаулыққа ғана емес, тұтас ұрпақ тәрбиесіне, отбасылардың берекесіне, ауыл тыныштығына тигізер кері әсері жайлы сөз қозғады. Бұл жоба құқықбұзушылықтың алдын алып, жастарды жат қылықтардан сақтауға бағытталған нақты әрекет екені айтылды. Бұл басқосуда да дүкен иелері жобаны бірауыздан қолдап, ішімдік өнімдерін сатудан бас тартуға дайын екендерін жеткізді.

Қоғамның тазалығы – адамның ішкі мәдениетінен басталады. Ал ауыл – қазақ қоғамының алтын діңгегі. Ішімдіксіз ауыл салауатты, өрелі ортаның қалыптасуына жол ашады. Сол себепті аудандық жұмысшы топ алдағы уақытта өзге ауылдық округтерде де кездесу өткізуді жалғастырады.

М.ЖАМБЫЛҰЛЫ