Тұрғын үй құрылысы қарқынды
«Өз үйім – өлең төсегім» дейді қазақ. Пәтерден пәтерге көшіп жүру азаптан бөлек, қалтаға айтарлықтай салмақ салып, баспанасы жоқтарды қажытатыны белгілі. Одан бөлек, бірде болмаса бірде қожайын жоқ жерден қоқаңдаса, біреудің босағасында отырғаны үшін әлгі адам өзін қор сезінуі әбден мүмкін. Сондықтан да баспана мәселесі қай кезде де өзекті тақырып болып қала береді.
Дегенмен соңғы жылдары елімізде тұрғын үй құрылысының қарқыны күшейе түскенін айта кетуіміз керек. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында: «Тұрғын үй құрылысының қарқыны едәуір өсіп, былтыр 19 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл да – бұрын-соңды болмаған жетістік... Тұрғындарға, әсіресе әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға баспананың қолжетімді болуы – тұрмыс сапасының жақсарғанын білдіретін негізгі көрсеткіш», – деген еді.
Өз облысымызда да сәт сайын жаңа шағынаудандар ашылып, сәулеттік келбеті көз тартатын тұрғын үйлер көптеп салынуда. Талай отбасы қоныс той тойлап, кеудесін шаттық кернегеніне де куә болып жүрміз. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының тұрғын үй, инженерлік-коммуникациялар және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Дәулет Дайрабаевтың айтуынша, халықты баспанамен қамтуда бюджеттен жыл сайын қомақты қаржы бөлініп келеді екен. Әулиеаталықтардың ішінде пәтерге қол жеткізе алмай жүргендердің біртіндеп болса да баспаналы болуына аталған басқарманың жоспарлы жұмыстары септігін тигізуде.
Жоғарыда сөз етілген тұрғын үйлердің 960 пәтерлі 17 үйі Тараз қаласындағы «Ұлы дала» шағынауданында, 180 пәтерлі 4 үй Асқаров көшесінің соңғы жағындағы жер телімінде, 800 пәтерлі 22 үй 14 шағынауданда, 90 пәтерлі 1 үй Сарысу ауданында салынып жатыр екен. Бүгінгі күнге бюджет қаражаты есебінен 420 пәтерлі 8 әлеуметтік тұрғын үй құрылысы аяқталды. Оның біреуі 60 пәтерлі арендалық, жетеуі 360 пәтерлі кредиттік үйлер көрінеді. Бұдан бөлек, Асқаров көшесінің соңындағы алапта 1 176 пәтерлі 30 көпқабатты әлеуметтік кредиттік тұрғын үйлердің жалпы құны 39,3 миллиард теңге тұратын жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне бюджеттік өтінім ұсынылыпты. Бюджеттік өтінімдегі жалпы соманың мөлшеріне келсек, мемлекеттік бағдарлама аясындағы құны 25,8 миллиард теңге болса, 7,7 миллиард теңгесі құрылысын осы жылы бастау үшін қажет көрінеді.
Қазіргі таңда өңір азаматтары «Бақытты отбасы», «Наурыз», «7-20-25», «Шаңырақ», «Нұрлы жер», «Ұмай» секілді бірнеше мемлекеттік және банктің өз бағдарламалары арқылы баспана алуда. Тараз қаласының тұрғыны Салима Бекиева «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысып, пәтер алу қамымен жүр.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы баспанаға мұқтаж ретінде әкімдікте кезекте тұрған белгілі бір әлеуметтік санаттағы азаматтарға арналған. Атап айтқанда, бұл бағдарламаға көпбалалы, толық емес отбасылар, яғни жалғызбасты аналар мен әкелер, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар қатыса алады. Ипотекалық несиелеу шарттары жеңілдетілген. Бастапқы жарна 10 пайыз болса, сыйақы мөлшерлемесі 2 пайызды құрайды және несие 20 жылға дейін беріледі.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ