Тарифтік саясат бағаның өсуін шектейді
Елімізде тарифтік саясатты қалыптастыру халықтың әлеуметтік жағдайын ескерумен қатар, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге бағытталған. Бұл тұрғыда мемлекет коммуналдық қызметтер мен қоғамдық маңызы бар салалардағы өзге де қызметтерге қатысты тарифтердің тұрақтылығын қамтамасыз етуде. Негізінде бұл тұрғындардың қалтасына салмақ түспеуін басты назарда ұстап отырған әдістің бірі десек болады. Әсіресе инфляциялық қысым қара халықты қинап тұрған мына заманда тарифтік реттеу тетіктері экономикалық теңгерімді сақтап, әлеуметтік әділдікті орнықтыруда елеулі рөл атқаруда.
Осы бағытта облыста атқарылып жатқан шаруаға келсек, бұл іспен ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті айналысуда. Аталған департаменттің негізгі қызметі табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерін реттеуге, табиғи монополия саласында заңнаманың сақталуын бақылауға бағытталған.
Сонымен қатар табиғи монополиялар заңнамасы аясында департаменттің негізгі мақсаттары – тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілері мүдделерінің теңгеріміне қол жеткізу, реттеліп көрсетілетін қызметтердің тұтынушылар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сондай-ақ табиғи монополиялар салаларындағы қызметті мемлекеттік реттеу рәсімдерінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды және оларға сұранысты қанағаттандыруды ынталандыру, тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектiлерiнің мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету негізгі мақсаттардың бірі саналады.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің 2020 жылғы 31 қаңтардағы №39 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне» сәйкес, департамент арқылы 4 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетілетіні белгілі. Бұл қызметтер тұрғындар мен табиғи монополия субъектілері үшін айтарлықтай маңызға ие. Атап айтқанда, олардың қатарында «Энергиямен жабдықтау мақсатында электр энергиясын сатып алу қызметіне лицензия беру» қызметі бар. Бұл – электр энергиясын өндіру, тарату және жеткізу ісімен айналысатын кәсіпорындар үшін міндетті рәсімдердің бірі. Сонымен бірге, табиғи монополия субъектілеріне қатысты ірі мәмілелер жасау кезінде де департаменттің келісімі талап етіледі. Яғни, егер мәміле жасалатын мүліктің құны ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік баланста көрсетілген жалпы активтердің 0,05 пайызынан асатын болса, мұндай мәмілеге рұқсат алу міндеттеледі. Бұл талап табиғи монополия субъектілерінің мүлкіне қатысты заңдылықты сақтау және артық тәуекелдердің алдын алу үшін қажет.
Сондай-ақ «Табиғи монополия субъектілерін қайта ұйымдастыруға және таратуға келісім беру» қызметі де осы тізілімде қарастырылған. Бұл қызмет арқылы ірі кәсіпорындардың құрылымдық өзгерістері немесе таратылу рәсімдері мемлекеттік деңгейде бақылауға алынады. Бұған қоса, «Мемлекеттік тіркелімге табиғи монополия субъектілерін енгізу және одан шығару» қызметі де бар. Яғни, кез келген мекеме табиғи монополия субъектісі мәртебесін иелену немесе одан шығу үшін құжатты департамент арқылы рәсімдеуі тиіс. Осы қызметтердің барлығы жоғарыда аталған бұйрық негізінде жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 5 маусымдағы №47 бұйрығымен бекітілген «Энергиямен жабдықтау мақсатында электр энергиясын сатып алу қызметіне лицензия беру мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары» және 2019 жылғы 13 тамыздағы №73 бұйрығымен бекітілген «Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидалары» да департамент жұмысының негізгі құқықтық базасын құрайды. Осылайша, департамент мемлекеттік қызметтерді уақытылы әрі сапалы орындап қана қоймай, тұтынушылар мен табиғи монополия субъектілерінің заңды құқықтарын қорғауға, нарықтағы тұрақтылық пен ашықтықты қамтамасыз етуге ықпал етіп отыр.
Осы жылдың алғашқы алты айында департаментке барлығы 110 жеке және заңды тұлғалардың өтініші түсіпті. Оның ішінде жеке тұлғалардан 79 өтініш (72 пайыз), ал заңды тұлғалардан 31 өтініш (28 пайыз) тіркелген екен. Осы өтініштердің басым бөлігі қарапайым өтініштер болса, олардың саны 85-ті (77 пайыз) құраған. Бұдан бөлек, 1 шағым (1 пайыз) және өзге сипаттағы 24 өтініш (22 пайыз) қабылданыпты.
Түскен өтініштердің нәтижелеріне тоқталсақ, 61-і толық қаралып, шешімі табылды. Ал 26 өтініштің қаралуы тоқтатылған, 21-і құзыреттілігіне байланысты өзге мемлекеттік органдарға жолданған. Қазіргі уақытта 2 өтініш қаралу үстінде. Ең бастысы, барлық өтініштер белгіленген мерзімде қаралып, мерзімдік тәртіп бұзылған немесе қайталанып түскен жағдайлар орын алмапты. Департамент мұнымен шектеліп қалмай, табиғи монополия субъектілерінің және тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін ескере отырып, тарифтік саясатты одан әрі жетілдіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізе береді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ