Сергектік серпіліс сыйлайды
«Белсенді ұзақ өмір» орталығының берері мол Адам баласының өмір жолы балалық, жастық және қарттық шақ деп аталатын бөлімдері бар ұзақ сапардан тұрады. Сол сапардың әр кезеңінің өзіне тән мән-мағынасы жетерлік. Балалық шақ мұңсыз, қамсыз, уайымсыз сәттерге толы болса, жастық шақ та ойлануға еш мұрша берместен желдей есіп өте шығады.
Негізінде самайын ақ қырау шалған қарттық шақтың есік қаққаны өмірдің ең даналыққа толы кезеңіне келіп жеткеніңнің белгісі. Сабыр мен парасаттың, өмірлік тәжірибе мен тұнып тұрған тағылымның алтын кезеңі де осы уақыт.
Дәл осы шақта адам баласы жүріп өткен ізіне мән беріп, өткен күні мен бүгінін жалғайтын ерекше істі қолына алуға тырысады. Жас кезінде қолы жетпеген дүниесінің дәмін татып, аңсаған арманына көңіл сергітіп, жүрегін сан алуан сезім тербетеді.
Қарттыққа қадам басқан жандар үшін «Белсенді ұзақ өмір» орталығы шын мәнінде көңілдің екінші тынысын ашатын мекен. Бұл орталық 2023 жылдың 28 ақпанында облыс әкімдігінің №29 қаулысы негізінде құрылып, сол жылдың 30 қарашасында есігін айқара ашты. Сол уақыттан бері мекемені мемлекеттік қызметте мол тәжірибе жинақтаған азамат Олжас Ақылбаев біліктілікпен басқарып келеді.
Қартаюға мұрша жоқ
Қазақтың көрнекті ақыны Мұзафар Әлімбаевтың «Жұмыс деген мұнша көп, Қартаюға мұрша жоқ» деп жазғаны бар еді. Сол айтқандай, өмірді мәнді сүре білген адам үшін әрбір күн үлкен мүмкіндіктің бастауы. Біз «Белсенді ұзақ өмір» орталығына келгенімізде де сергектікті серік еткен қарияларды көріп, дән риза болдық. Жалпы, бұл мекеменің басты мақсаты – жасы ұлғайған жандардың өмірін мазмұнды етіп, шығармашылығын шыңдап, денсаулығын жақсартуға жағдай жасап, сондай-ақ оларды қоғам өміріне белсенді араластыру. Қарапайым тілмен айтқанда, орталық- зейнет жасындағы қарияларды тек тынықтыру ғана емес, сонымен қатар тіршілікке мән беріп, қайта шираутға дағдыландыратын мекеме.
Бүгінде орталық 7 түрлі әлеуметтік бағыт бойынша 26 қызмет түрін ұсынып отыр. Әр бағыттың өз ерекшелігі, әр қызметтің өз шипасы бар. Мәселен, буындары сырқыраған қариялар үшін скандинавиялық серуен мен буын гимнастикасы таптырмас ем. Ал денсаулықты қалпына келтіру үшін емдік дене шынықтыру, массаж креслосы, «Nuga Best» аппараты мен тұзды шахтаның тигізер пайдасы орасан. Психологиялық күйзелістен арылу үшін психолог мамандардың кеңесі мен нейробика жаттығулары тиімді. Ал білімге құштар жандар қазақ және ағылшын тілін оқып, тіпті шет тілінде сөйлейтін «Speaking Club»-қа қатыса алады.
Орталық қазыналы қарттардың денсаулығын нығайтумен қатар, олардың ішкі жан дүниесіне мән беріп, көңіліне қуаныш ұялататын мектеп болып қалыптасып келеді. Жаңа тыныс, жаңа леппен зейнет жасына жеткендердің өмірін түрлендіруге атсалысады. Орталықта көңіл сергітерлік дүние өте көп. Шахмат пен тоғызқұмалақ ойнап, би билеуге, хорда ән салып, өнерін шыңдауға мүмкіндік мол. Демалыс күндері экскурсияға шығып, кинозалдан ескі кинотуындыларды тамашалай алады. Сәндік-қолданбалы өнермен шұғылданып, тігін мен тоқымамен әуестенеді. Ал гарденотерапиямен айналысқан қариялардың еңбектері орталық гүлзарында жайқалып тұр.
– Бүгінде орталықта 43 қызметкер еңбек етеді. Әрбір маман қызмет алушыға қамқорлық танытып, айрықша құрметін көрсетеді. Орталықтағы жылы атмосфера мұнда бас сұққандардың жанына жайлылық сыйлап, соның арқасында жыл сайын келушілер саны артып келеді. 2023 жылы 195, 2024 жылы 659 адам түрлі қызмет түрлерін алып, бізге ризашылығын білдірді. Ал осы жылдың басынан бүгінгі күнге дейін 410 адам орталық қабырғасында сауығып, серпіліп шықты. Жалпы орталық ашылғалы бері 1264 қарияға қызмет көрсетілді. Мұнда тек күнделікті жұмыс емес, рухани серпіліс те қатар жүреді.
Қазыналы қарттарымыз өнерден де құр алақан емес. Олар үшін «Ғибрат» атты вокалды-аспаптық ансамблі құрылып, көрерменді өнерімен сусындатып жүр. «Бойтұмар» әдеби клубы кітапсүйер қауымның қалаған кітабын ұсынады. Ал «Зерде» интеллектуалды ойындар клубы ой сергектігіне себеп болып тұр. Зейнеткерлер зерігіп кетпесін деген оймен орталықтың қызметтері жаз мезгілінде табиғат аясында да жалғасын табады. «Зербұлақ» демалыс кешенінде, таза ауа аясында түрлі жаттығу өтіп тұрады.
Біздің мақсатымыз жасы келген кісілердің өмірге деген құштарлығын бәсеңдетпей, керісінше, оның әр сәтін мәнді өткізуге ынталандыру. Мекмеге келіп жүрген ата-әжелер өздерінің өмірдің екінші көктемі басталғандай күй кешкендерін жиі айтады. Мұнда олар әрбір сәтті замандастарымен қызықты өткізеді. Жастар жағы қариялардың жүзінен шаттық көреміз. Қарттардың өздеріне сенімді һәм көңілді дауыспен таңғы сәлем жолдағанынан-ақ орталықтың қандай жанға жайлы екені сезіледі. Замандастар бір-бірімен шүйіркелесіп, жастық шағындағы есте қалған ерекше оқиғаларымен бөлісіп, шат-шадыман күйде әңгіме-дүкен құрады.
Тағы бір айта кетерлігі, олар үйірмелерге жай ғана ермек үшін қатыспайды. Әрбір үйірмедегі өздеріне тән әрі қажетті деп тапқан дүниелерін шын пейілдерімен меңгеріп алады. Музыкалық кештерде бірі тамылжыта ән шырқаса, енді бірі әуен ырғағына ілесіп, талшыбықтай мың бұрала би билей жөнелгенде, бұл орталықтың берері мол екеніне көзің жетеді.
Мекемеге келген кісілерде қартаюға уақыт жоқ, қайта өмір сүруге деген құлшыныс арта түсетіндей. Жастар мен үлкендер арасындағы шынайы қарым-қатынас орталықтың басты құндылығы. Олар өздерін қоғамның қажет бөлшегі ретінде сезінеді. Күнұзақ құрбы-құрдастарымен бірге уақыт өткізгенде жүздеріне күлкі үйіріліп, жандары жадырап сала береді. Әрқайсысының жанарында өмірге деген құштарлық қайта тұтанады.
Аталар шахмат пен дойбыда шеберліктерін сынға салса, әжелер шәй үстінде сыр шертіп, ақылымен бөліседі. Үлкендер бір-біріне қолдау білдірудің үлгісін көрсетеді. Бұл орталық бүгінде қариялардың рухани тірегіне айналып отыр. Осындағы кісілердің жеткен жетістіктері мен алғыс хаттары- ортақ жұмыстың шынайы жемісі. Бір ғана күлкі, бір ғана жылы сөз бұл жерде мыңдаған қуанышқа тең. Өздерін қадірлі тұлға ретінде сезінеді. Белсенді өмір сүру орталығы қариялар үшін екінші үй ғана емес, өмірінің жалғасына айналғандай, -дейді орталық социологы Раушан Әлжанова.
Шабыт құшағында
Орталық түрлі байқаулар мен интеллектуалды ойындар, сән-салтанаты келіскен мерекелік кештерді жиі ұйымдастырады. Түрлі ойындарды ортаға ұсынып, келушілердің көңілін аулайды.
Жақында ғана ардагерлердің шығармашылығын насихаттау және қолдау мақсатында «Би – ұлт мәдениетінің биік шыңы» атты би байқау өтті. Бұл сайыс қариялардың сахна төрінде мың бұрала билей алатынын, олардың әлі де талай асуды бағындыруға лайық екенін дәлелдеді.
Сахна төріне алғаш болып шыққан «Жетіген» тобы «Асатаяқ» биімен өнер көрсетіп, көрермен көзайымына айналды. Одан кейінгі кезекте «Золотой возраст», «Интрига», «Шабыт», «Гармония», «Фламенко» топтары «Махаббат вальсі», «Қара жорға», «Өзбек», «Тонго», «Галактика» билерін орындап, талайды тәнті етті. Зейнеткерлер бірде құстай қалықтап, қанат жайып, көрермендерді ерекше тыныш күйге бөлесе, енді бірде астына мінген арғымақтары қос құлағын қайшылағандай күйге еніп, дала төсін толассыз дүбірге толтырып, шапқылап жүргендей әсер қалдырды. Ал енді бірде мәдениеттің жоғары деңгейін көрсеткендей бір-біріне иіліп, ілтипат білдірген ата-әжелердің әрқайсысы өз өміріндегі шынайы жұбымен ортаға шығып, вальс биледі.
Маңдайын әжім торласа да, жүрегіне қаяу түспеген қарттардың тартысқа толы би сайысы өз мәресіне жетіп, қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар да анықталды. Байқау қорытындысы бойынша «Жетіген» және «Интрига» би топтары І орын биігінен көрінді. Екінші орынды «Золотой возраст «Гармония» және «Галактика» топтары еншіледі. Ал «Шабыт» және «Гармония» би топтары үздік үштікті түйіндеді.
Орталықта ата-әжелердің мың бұрала би билеуі, дене бітімін қалпында сақтауы үшін арнайы мамандар жұмыс істейді. Бидің әрбір қимыл-қозғалысын үйретіп, көмектесіп, сахнаға шығуына себепші болған орталықтың хореографтардың да еңбегі ерен. Олар өз кезегінде қарттарды би өнеріне баулып жүр.
Бір байқағанымыз, бұл орта тек дене жаттығуын жасап, уақыт өткізетін орын емес, сонымен қатар өмірдің сан тарау соқпағынан өткен жандардың ішкі сырын төгетін мекен. Мәселен, зейнеткер Аманқұл Нұрманәліұлы көп алдында әлі талай өнер көрсетуге дайын екенін айтады.
Әжім торлаған жүздерінен мейірім төгіліп, әрбір әңгімесі бір дәуірдің куәсіндей болған үлкен кісілердің орталыққа келгелі балаша қуанып, түрлі үйірмеге қатысып жүргенінің өзі бұл орталықтың расымен қажет екенін ұқтырады. «Орталық өмірімнің екінші көктеміне айналды» деген Мырзагүл Төлебайқызы мекемеге былтырғы қаңтар айынан бері келіп жүр екен.
Өмірге құштарлық өрге бастайды
Қызмет алушы Нақтай Әбдешімқызы жолдасы Берікжан екеуі алғанынша бұл орталықты өз көздерімен көріп қайтуға келген. Сөйтіп мұндағы атмосфера бірден ұнап, тізімге жазылыпты.
Мадиярхан Кузбаев та орталықта жұбайы екеуі бірлесіп ән салып, хорға катысып, үлкен сахналарда өнер көрсетуден алдына жан салмай келеді. Жасы егде тартқан адамға әрбір қуаныш үлкен абырой іспетті, жүрегін тербейді. Ол мұнда өнерден бөлек денсаулыққа пайдалы, рухани тәрбиеге қатысты тиімді қызмет алуға болатынын сөз етті.
Біз сөз еткен орталықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Бастысы қызмет алушылардың көңілінін шығып отыр. Айтқандай мұндағы ардақты жандарды спортпен шынықтырып, өнерге баулып жүрген – арнайы мамандар, өз ісінің шеберлері. Олар әрбір қатысушының денсаулығына жанашырлықпен қарап, салауатты өмір салтын насихаттауда алдына жан салмай қызмет етіп келеді.
Орталық өмірге деген құштарлықтың, сергектіктің, рухани байлықтың айқын көрінісі. Осы жолда аянбай тер төгіп жүрген арнайы мамандар тек дене тәрбиесін емес, жанның да саулығын көздеп, әрбір қызмет алушыға жаңа үміт пен жаңа тыныс сыйлап жүр. Адам өмірінің бағасын арттыратын шынайы ізгілік жолы осы орталыққа алып келері сөзсіз.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ