Жаңалықтар

Ұрпақ тәрбиесі-ұлт болашағының кепілі

Жыл сайын өңір ұстаздарының нақ осы кезде жиналып, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалармен танысып, өздеріне жаңа міндеттемелер алуы бұлжымас дәстүрге айналған. Мұндай келелі жиында ұлт ұрпағын ұлылар жолына жетелейтін ұстаздар қауымының кәсіби беделін арттыру, оқу бағдарламаларын жетілдіру, тәрбие мен білімді қатар ұштастыру секілді мәселелер кеңінен қозғалатыны белгілі.

Биылғы тамыз конференциясы кеше Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның «Баласағұн» орталық концерт залында өтті. «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы басқосуда  білім саласының бүгінгі жай-күйі мен алдағы міндеттер талқыланды.

Маңызды жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Оқу-ағарту бірінші Вице-министрі Майра Мелдебекова, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Вице-президенті Анар Тәңірбергенова, ҚР Парламенті Мәжілісінің, облыстық мәслихаттың депутаттары, аудан және Тараз қаласы әкімдерінің орынбасарлары, құқық қорғау және атқарушы органдардың басшылары, кәсіподақ ұйымдары мен азаматтық қоғам өкілдері, білім саласының еңбек ардагерлері, ардақты ұстаздар мен жас педагогтер қатысты.

Жиналған қауым алдымен мемлекеттік Әнұранды бірге шырқап, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бейне-таныстырылымын тамашалады.  Жиында алғаш болып сөз алған Оқу-ағарту бірінші Вице-министрі Майра Тұрғанбайқызы мемлекет тарапынан ұстаздарға көрсетіліп жатқан қолдауларға тоқталып, жаңа оқу жылының басты бағыттарын түсіндірді. Оның айтуынша, қазіргі кезеңде білім сапасын арттырумен қатар, жас ұрпақтың бойына елжандылық, адалдық және жауапкершілік қасиеттерді сіңіру маңызды іс.

Сондай-ақ ол балалар қауіпсіздігі, қамқоршылық және қорғаншылық органдардың жұмысын жүйелеу, мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстары, студенттердің шәкіртақысының өсуін сөз етіп, мұғалімдерді жұмыстан тыс жүктемеден қорғау секілді мәселелерге тоқталды.

Бұдан кейін залда облыстың білім беру жүйесінің жетістіктерін қамтыған бейнебаян көрсетілді. Онда өткен оқу жылында қол жеткізілген табыстар мен жүзеге асқан жобалар, білім саласындағы үздік тәжірибелер көпшілік назарына ұсынылды. Мәселен, облыста 11 білім бөлімі, 1291 мекеме жұмыс істеп жатса, оның 621-і мектепке дейінгі, 523-і орта білім беретін білім ошақтары екен. 42-сі колледж, 79-ы қосымша білім беру ұйымдары, 26-сы ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған мекемелер. Бұдан бөлек, арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы мен Жасөспірімдер үйі бар. Жалпы 338 мыңнан аса бала мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік біліммен қамтылып, бұл бағытта 40 мыңға жуық педагог қызмет етуде.

Басқосу барысында облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков 2024-2025 оқу жылының қорытындысы жайлы баяндама жасады.

– Үкімет пен облыс әкімдігінің айрықша қолдауының арқасында білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жақсарып, жаңа мектептер салынуда. Оқушы орны тапшылығы мәселесі лайықты шешім тауып, оқыту сапасын арттыруға барлық жағдайлар жасалуда. Осы орайда оқыту сапасын жетілдіруге қатысты ең бірінші өзекті мәселе – оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру, білім беру жүйесінде жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Балаларға жастайынан жасанды интеллект технологиясын оқытқан жөн. Бұл болашақта жастарымыздың бәсекеге қабілетті, озық маман болуына қажетті бірден-бір дағды» деп барлығымызға үлкен міндет жүктеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Оқу-ағарту министрлігінің «Astana Hub» Халықаралық паркімен бірлесіп, бағдарламалау негіздері, онлайн білім беру платформасы пилоттық жобасы облыстың сегіз мектебінде іске асырылды.

Сондай-ақ облыстың білім беру ұйымдары түрлі цифрлық платформаларды, жасанды интеллект құралдарын пайдаланады. Жас мамандар арасында жаңа технологияларға қызығушылық жоғары. Дегенмен  проблемалар да жоқ емес. Инфрақұрылымдық шектеулер, шалғай ауыл мектептерінде интернеттің, материалдық-техникалық базаның әлсіздігі, мазмұндық қауіптердің ішіндегі оқушылардың өз бетімен ойлану қабілетінің төмендеуі, жасанды интеллекттен дайын жауап алуы әдетке айналды. Оқушылардың көпшілігі құрылғыларды пайдаланса да, ақпараттық сын тұрғысынан бағалау, цифрлық этика, киберқауіпсіздік мәселелерінде жеткілікті білімдер болмай тұр. Бұл проблемаларды шешу үшін алдағы уақытта бірқатар бағытта жұмыс жүргізетін боламыз,– деді Н.Оршыбеков.

Өз сөзінде басқарма басшысы «Алтын белгі» төсбелгісінің шынайы мәні мен қазақ қоғамындағы бағалануына қатысты мәселе соңғы жылдары жиі көтеріліп жатқанын жеткізіп, расында да осы белгінің кейбір иегерлері үмітті ақтамайтынына қынжылды.

– Шын мәнінде, «Алтын белгі» – 11 жыл бойы үздік оқып, тәртіпті болып, білім жолында аянбай еңбек еткен оқушының табандылығы мен еңбегінің айғағы. Бұл марапат білім мен ізденістің жоғары деңгейдегі көрсеткіші болуы тиіс еді.

Алайда, соңғы жылдары аталмыш атақ өзінің бастапқы мағынасынан алыстап, кей ата-аналар мен мектептер үшін тек мақтаныш құралына айналды. Соңғы деректерге сүйенсек, «Алтын белгі» иегерлерінің саны күрт көбейген. Мәселен, өткен жылы «Алтын белгі» төсбелгісін алған түлектер саны екі есеге артып, 386-дан 718-ге жетті. 991 түлек мектепті үздік аттестатпен аяқтаған.

Дегенмен, түлектердің ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік берілсе де тестілеуге қатысқан 685 «Алтын белгі» иегерінің тек 60 пайызы ғана 100-ден жоғары балл жинап, өз білімдерін дәлелдеген. Ал 227 түлек 71-99 балл аралығында, 18-і 61-70 балл аралығында, ал төртеуі тіпті 50-60 балл аралығында ғана нәтижеге қол жеткізген.

Үздік аттестат иегерлерінің де көрсеткіші мәз емес. Тестілеуге қатысқан 930 түлектің тек 383-і ғана 100 балдан жоғары жинады. 409-ы 71-99 аралығында, 48-і 61-70 аралығында, 30-ы 50-60 балл шамасында нәтиже көрсетті. Тіпті үш түлек шекті деңгейге де жетпей қалды. Бұл деректер әрине, сын көтермейтін көрсеткіш. Осы арқылы білім сапасына емес, тек санға мән беріліп отырғанын аңғаруға болады. Соған қарамастан келесі оқу жылында «Алтын белгі» үміткерлерінің саны мыңға дейін жетеді деген болжам бар.

«Алтын белгі» жалған көрсеткіштің құралы емес, білім сапасының айғағы болуы керек. Жоғарыда аталған фактілер білім бөлімдері мен мектеп басшылары тарапынан бақылаудың әлсіздігін көрсетеді. Біз санға емес, сапаға жұмыс істеуіміз қажет. Сапаға жұмыс істемейінше бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу мүмкін емес. Сондықтан жаңа оқу жылында бұл мәселені қатаң бақылауда ұстайтын боламыз, – деді Нұрбек Әбубекұлы.

Облыстың бас ұстазы мектепке дейінгі және жалпы орта білім беретін мекемелер рейтингін бағалауға, педагогтардың әдебі мен әдетіне қатысты да сөз қозғады. Мысалы, осы жылы Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес отырысында бірқатар білім беру ұйымдары басшыларының мәселесі қаралып, 8-іне қатысты педагогикалық әдеп нормаларын бұзғаны үшін шешім шығарылған екен. Бұдан бөлек, аталған басқарма басшысы елдік деңгейдегі оқушылардың білім сайысында тек дарынды балаларды оқытатын білім ошақтарының оқушылары жүлде алып жүргенін, қалған қатардағы мектептердің нәтижесі төмен екенін сынға алды. Сондай-ақ жаңадан жұмысқа тұрған жас мамандар жайына да тоқталып, олардың жаңадан басталған еңбек жолына сәттілік тіледі. Алдағы уақытта білім сапасын жетілдіру, жаңа технологияларды енгізу, педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру және оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту мәселелерін әңгіме өзегіне айналдырды.

Конференция барысында білім саласының өзекті мәселелері бойынша тәжірибелі мамандардың баяндамалары тыңдалды. Мәселен, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Вице-президенті Анар Тәңірбергенова «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының нәтижелері мен жаңа оқу жылындағы басымдықтарды таныстырды. Бұл бағдарлама жас ұрпақтың ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген рухани-адамгершілік тәрбиесіне бағытталған. Ал Назарбаев Университетінің постдокторанты Азамат Ешмұхамбетовтің «Білім берудегі жасанды интеллект» тақырыбында жасаған баяндамасы заманауи технологиялардың оқыту процесіндегі маңызына негізделді. Ол жасанды интеллекттің білім сапасын арттырудағы артықшылықтарын түсіндіріп, шетелдік тәжірибелермен бөлісті. Ұлттық сарапшы, оқулықтар мен бағдарламалардың авторы Руслан Қаратабанов «Білім сапасы: қазіргі контекст» тақырыбында сөз алып, оқу бағдарламаларының мазмұны мен дидактика мәселелерін терең талдады. «Бетқайнар» колледжінің директоры Гүлнар Әлімбаева «Колледждерді интернационалдандыру – бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаудың жолы» тақырыбында баяндама жасады. Ол кәсіби-техникалық білім беруді халықаралық деңгейге көтерудің маңыздылығына тоқталды.

Конференцияны қорытындылаған Ербол Шырақпайұлы әлемдік дамудың жаңа кезеңінде адам капиталы мемлекеттің басты байлығы мен стратегиялық ресурсы ретінде қарастырылатынын атап өтті. Облыс әкімі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлттың жаңа болмысы білімді, еңбекқор, жауапкершілігі жоғары, ең бастысы – адал азаматтар арқылы қалыптасады» деген сөзін айтар ойына арқау етті.

– Бүгінгі білім саласының алдында – осындай жан-жақты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген тұлғаны қалыптастыру міндеті тұр. Ол үшін ұстаздар қауымы тек пән үйретуші ғана емес, адамгершіліктің шамшырағы, рухани кемелдіктің темірқазығы болуға тиіс. Тәуелсіз еліміздің ертеңі – мектеп қабырғасында қалыптасады. Сондықтан әр бала – ұлттың үміті, әр ұстаз – сол үміттің бағбаны. Ендеше, біз бүгін білім қызметкерлерінің тамыз кеңесінде бас қосып, осы бір қастерлі мақсат жолындағы жауапты міндеттерімізді пысықтап, жаңа оқу жылына тың серпінмен қадам басамыз. Себебі, білім саласының болашағы – адал азаматтар мен кәсіби білікті мамандардың қолында.

Қазіргі таңда өңірдің білім саласына айрықша назар аударылып келеді.

Мемлекет басшысы республикалық тамыз конференциясында: «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді», – деп ерекше атап өтті.

Биыл өңірімізде білім саласына 344,3 миллиард теңге бөлінді. Саланы қаржыландыру көлемі оның ауқымын ескергенде, бұл – аз қаражат емес. Осы қаражатты тиімді игере отырып, білім беру жүйесінің инфрақұрылымын жетілдіру – басты міндеттердің бірі. Биыл 26 білім нысанының құрылысы жоспарланған. Жыл соңына дейін 10 мектеп пен 5 мектептің жапсарлас құрылысы аяқталады, 2026 жылы 11нысанның құрылысы бітеді. Оның төртеуі мектеп, жетеуі мектепке жапсарлас құрылыс. Биыл «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 3 мектеп ашылады. Мемлекет басшысының мектептерді қайта жаңартуды жүргізу туралы  тапсырмасы бойынша облыста үш жыл ішінде 66 мектепті жаңарту жоспары бекітілді. Осы жылы 10 мектеп жаңартылады. Сондай-ақ Президент білім беру мекемелерін тиісті интерактивті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге, оқытуға арналған цифрлық платформалар мен электронды оқулықтардың барлық оқушыға қолжетімді болуына тоқталды. Бұл ретте оқыту материалдары түгел мұқият сарапталуы керек.

Өңірде білім беру мекемелерін материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуге 1,7 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Аталған жұмыстардың сапалы және мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді облыстық білім басқармасы, құрылыс басқармасы, сондай-ақ аудан және қала әкімдеріне тапсырамын.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарының жылыту маусымына уақтылы және толық дайын болуын қамтамасыз ету қажет. Қазіргі таңда жылумен қамтамасыз етуші мекемелердің теңгеріміндегі қазандықтар тұтынатын электр энергиясы білім беру нысандарының бюджеттік қаражаты есебінен төленуде. Бұл жағдай оқу орындарының артық шығынға ұшырауына, сондай-ақ бюджеттік жоспарлау кезінде дәлсіздіктердің туындауына себеп болып отыр. Осыған байланысты, жылумен қамтамасыз етуші мекемелерге жеке электр желісін тарту және дербес электр есептегіштер орнату – электр энергиясын нақты тұтынушыға есепке алу, қаржы шығындарын тиімді жоспарлау және бюджеттік тәртіпті қамтамасыз ету үшін маңызды шара болып есептеледі. Бұл ретте аудан және қала әкімдеріне жылумен қамтамасыз етуші мекемелерге жеке электр желісін тарту және дербес электр есептегіштер орнату жұмыстарын белгіленген тәртіпке сәйкес ұйымдастырып, уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Ербол Қарашөкеев.

Биыл әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды тегін тамақпен қамтамасыз етуді жалғастыру үшін  жергілікті бюджеттен 754,1 миллион теңге қаржы қарастырылыпты. Аймақ басшысы мектепке дейінгі ұйымдарда қамтылған нақты бала санын бақылауда ұстау, жан басына шаққандағы қаржыландыруды бөлу кезіндегі ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында барлық балабақшалар цифрлық жүйеге енгізіліп отырғанын айта келе, мектепке дейінгі ұйымдардағы баланың қауіпсіздігі және білікті кадрлармен қамтамасыз ету жұмыстары қатаң бақылауда болуы қажеттігін еске салды. Облыстық білім басқармасы мен жергілікті білім бөлімдеріне көрсетілген шаралардың орындалу барысын жүйелі түрде бақылауды, мектепке дейінгі ұйымдарды дербестендірілген қаржыландыру жүйесіне толық өткізу жұмыстарын уақытылы және сапалы аяқтауды қамтамасыз етуді жүктеп, қаржыландыруға өткізу жұмыстарын аяқтауды міндеттеді.

– Жаһандану, цифрландыру және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер білім беру ұйымдарының басқару жүйесіне жаңа талаптар қойып отыр.

Білім сапасын қамтамасыз ету, мекемелердің аттестациядан өтуі және педагогикалық жағымды ахуалды қалыптастыру басшының кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Алайда, кейбір мектеп басшыларының басқару тәжірибесінің жеткіліксіздігі, стратегиялық ойлау мен басқару мәдениетінің төмен деңгейі білім сапасына кері ықпалын тигізуде.

Мектеп басшысы – тек нұсқау беруші немесе бақылаушы ғана емес, сонымен қатар ұжыммен тиімді коммуникация орната білетін, шешім қабылдау этикасы мен педагогикалық процесті ұйымдастырудағы кәсіби және адами құндылықтары үйлескен көшбасшы болуы қажет. Осыған байланысты, директорлардың бос лауазымдарына конкурс өткізуді тікелей эфирде ұйымдастырып, академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында үміткерлерге қойылатын сұрақтардың реттілігін «кездейсоқ сандар генераторы» арқылы анықтауды тапсырған болатынмын. Бұл әдіс сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тиімді түрде төмендетуге мүмкіндік береді. Білім басқармасы осы мәселені ары қарай да қатаң бақылауда ұстауы қажет.

Ерекше қажеттіліктері бар балаларды қоғамға бейімдеу – олардың әлеуметтік ортада толыққанды өмір сүруіне, сапалы білім алуына және жеке мүмкіндіктерін толық жүзеге асыруына бағытталған жүйелі жұмыстарды үздіксіз жүзеге асыру – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі. Осы мәселеге ерекше назар аударып, оны күн тәртібінен түспеуін қамтамасыз етуіміз қажет. Аталған санаттағы балалардың саны жыл сайын өсіп келе жатқандығы бізді алаңдатып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда ерекше қажеттілігі бар балалардың саны 1 мың балаға дейін артты. Сондықтан Тараз қаласының және аудан әкімдеріне, сондай-ақ білім басқармасына аталған санаттағы балалардың сапалы білім алуы үшін барлық қажетті жағдайларды қамтамасыз ету тапсырылды, - деген Ербол Шырақпайұлы Тараз қаласының әкіміне психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация және Аутизм орталығын ашу мақсатында тиісті ғимараттарды қарастыруды жүктеді.

Сонымен қатар аймақ басшысы білім беру жүйесінің  өңірлік дамуына қатысты басымдықтарын тілге тиек етіп, сала мамандарына бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Ұстаздар қауымының облыстық тамыз конференциясы  барысында бірқатар сала қызметкерлері білім беру жүйесін дамыту мен жетілдіруге қосқан елеулі үлесі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін марапатталды. Атап айтқанда,  6 педагог «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында 3 қызметкер ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатын алды. «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі 6, облыс әкімінің Құрмет грамотасы 5, Алғыс хаты  5 педагогке табыс етілді.  Жұмысшы мамандықтары жылы аясында екі қызметкерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты тапсырылды.

2025 жылғы «Орта білім беретін үздік ұйым» грантының иегері ретінде танылған Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясына 68 миллион теңгенің сертификаты берілді. «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауына қатысып, белсенділік танытқаны үшін Меркі ауданындағы А.Асқаров атындағы мектеп-гимназиясы «Шығармашылық зертхана» номинациясымен марапатталып, 1 миллион теңге иеленді. «Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болған, яғни «Ең үздік мектеп-лицей» номинациясы Сарысу ауданындағы М. Әуезов атындағы мектеп-гимназияға, «Ең үздік инновациялық мектеп» номинациясы Байзақ ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияға, «Ең үздік қала мектебі» номинациясы Шу ауданындағы Төле би атындағы орта мектебіне, «Ең үздік ауыл мектебі» номинациясы Т.Рысқұлов ауданындағы Ақтоған шағын орталықты орта мектебіне, «Ең үздік шағын жинақталған мектеп» номинациясы Қордай ауданындағы Мәмбет Смағұлов атындағы шағын орталықты орта мектебіне бұйырды. «Жұмысшы мамандығын дайындайтын үздік колледж» байқауының жеңімпазы № 9 Меркі колледжі болып танылды. Осы білім мекемелерінің барлығы да 1 миллион теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Ал Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне 750 мың теңге, Құлан агротехникалық жоғары колледжіне 500 мың теңге берілді.

Бұдан бөлек, «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде «Үздік ауылдық мектепке дейінгі ұйым» номинациясы бойынша Жамбыл ауданындағы «Ертөстік» бөбекжай-бақшасы, «Үздік қалалық мектепке дейінгі ұйым» номинациясы бойынша Тараз қаласындағы №17 бөбекжай-бақшасы марапатталып, ақшалай 1 миллион теңге сертификаттарды еншіледі.

Байыпты басқосу одан әрі концерттік бағдарламаға ұласты.

Осылайша ұстаздар қауымы жаңа оқу жылына соны серпіліс, шалқар шабытпен кіріспек. Тамыз конференциясында  айтылған ұсыныстар мен бастамалар өңірдің білім саласына тың серпін береді деген үміттеміз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ