Денсаулық

Жамбылда миында су анықталған 19 күндік нәрестеге ота жасалды

Жамбыл облысында білікті дәрігерлере небәрі 19 күндік шақалақтың басына күрделі ота жасап, өміріне араша түсті, деп хабарлайды arainfo.kz

Жаңатастан келген Ақерке Талантқызы Жамбыл облыстық перинаталдық орталығында сәбиін дүниеге әкелді. Алайда, келесі күні дәрігерлер нәрестеге гидроцефалия (миға су жиналу) деген диагноз қойды.

Компьютерлік томографиядан кейін диагноз нақтыланған.  Бала 19 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болды. 30 шілдеде Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының нейрохирург-дәрігері Мирсаид Байматовтың жетекшілігімен сәтті ота жасалды.

 Сәбидің анасы Ақерке Талантқызы бүгінде баласының жағдайы жақсы екенін айтып, дәрігерлерге шексіз алғысын білдірді.