Қазақстанда жылына 70 мың көлік шығаратын KIA зауыты ашылмақ
Мемлекет басшысы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловты қабылдады, деп хабарлайды arainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап
Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарлары баяндалды.
Әкімнің айтуынша, облыста 1,82 трлн теңгенің өнімі өндірілген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,3%-ға жоғары. Құны 337 млрд теңге болатын 13 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Соның нәтижесінде 3,4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Жылына 70 мың автокөлік шығаратын KIA зауыты көп ұзамай пайдалануға берілмек. Ол 1500 адамды жұмыспен қамтиды. Сондай-ақ жүк көліктеріне жетекші белдем шығаратын «КамлитKZ» зауыты салынып жатыр. Жобаның құны – 160,5 млрд теңге, 550 жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек, Арқалық әуежайын қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды.
Жыл басынан бері 22 әлеуметтік нысан іске қосылды, жыл соңына дейін тағы 29 нысан пайдалануға беріледі.
Облыста су тарату және су бұру бойынша 54 жоба жүзеге асырылып жатыр. Қала халқының 99%-ы, ауыл тұрғындарының 91,3%-ы орталықтандырылған су құбырына қосылған.
2025 жылы өңірдің көлік жүйесін дамытуға 102 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40%-ға көп. 1300 шақырым жолға құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жезқазған–Петропавл учаскесінің реконструкциясы аяқталуға жақын. Қостанай–Мамлют жолы толық жаңарды. Сондай-ақ 103 ауылда 400-ден астам көше жөнделіп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция көлемін арттыру, өнеркәсіп пен аграрлық секторды дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы жылыту маусымына уақытылы дайындықты, жиын-терінді сапалы ұйымдастыруды және ауыл тұрғындарының ауызсумен қамтылуын қамтамасыз етуді тапсырды.