Жаңалықтар

Қазақстанда жаңа мереке күні пайда болды

Биылдан бастап 29 қазан ресми түрде Қазақстан кәсіпкерлері күні болып аталып өтеді, деп хабарлайды arainfo.kz

Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі хабарлады. Тиісті бұйрыққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылғы 30 шілдеде қол қойған.

Мереке күні 2015 жылғы 29 қазанда қабылданған Кәсіпкерлік кодексімен байланысты. Ол Қазақстанда бизнесті қолдаудың бірыңғай саясатын бекіткен маңызды заңнамалық құжат саналады.

Қазіргі таңда елде 2,3 миллионнан астам бизнес субъектісі жұмыс істейді. Биылдың өзінде 288 млрд теңгеге 2 мыңнан аса жобаға субсидия беріліп, 61 млрд теңгеге 737 жобаға кепілдік жасалды. Тоғыз мыңға жуық кәсіпкер оқытудан өтті.

2025 жылы шағын және орта бизнесті қолдауға 270 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Сонымен қатар, «Өрлеу» жеңілдетілген несие бағдарламасы іске қосылып, жалпы қолдау көлемі 750 млрд теңгені құрайды.

Бизнеске қолдау шараларын жеңілдету үшін «Бизнестің цифрлық картасы» жобасы іске қосылды. Сондай-ақ, «EGov Business» пен «Bgov» жүйелері біріктіріліп, оны 71 мыңнан астам кәсіпкер 2,3 млн рет пайдаланған.