Балабақша – білім баспалдағы
Үздіксіз әрі сапалы берілген білім жас ұрпақтың жарқын болашағына кепіл болады. Зейінді де зерек жеткіншектер– ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Осы орайда білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек қателеспейміз.
Тәрбие мен білім қашанда егіз үғым. Баланың ішкі дүниесі мен қарым-қабілеті, болмысы неге бейім екенін анықтап және дамуына бүлдіршін кезінен жағдай жасау – мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің жұмысы. Бүлдіршіндердің жан-жақты дамып, лайықты тәрбие алуы, сапалы біліммен сусындауы мектепке дейінгі білім беру жүйесіне жасалатын реформаларға тікелей байланысты. Осы ретте біз «Балабақша бағдардамасына енген өзгерістер бүлдіршіндерді қандай жетістікке жетелеуде?» деген оймен облыс әкімдігі білім басқармасының бөлім басшысы Айдын Досыбаеваға хабарластық. Оның айтуынша, облыстағы 621 мектепке дейінгі ұйымда 63 мыңнан аса бала тәрбиеленуде. Өткен жылдың шілде айынан бастап өңірімізде мектепке дейінгі ұйымдарға дербестендірілген қаржыландыру жүйесінің пилоттық жобасы жүргізіліп, мекемелер ваучерлік қаржыландыруға кезең-кезеңімен енгізілуде. Балабақшалар арқылы мектепке дейінгі тәрбие және біліммен 2-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер 96,1 пайызы, 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер 100 пайыз қамтылыпты.
Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде тәрбиешілердің ұстанымы балаларға білім беруден бөлек, сөйлеу қабілетін жетілдіріп, логикалық ойлауды, дүниетанымын кеңейтуді қалыптастыруға және өзге де мүмкіндіктер беретін дамытушы орта құруға септігін тигізеді. Тараз қаласындағы №7 бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Гүлмира Айтқұловааның айтуынша, балабақшаға енгізілген жаңартылған оқу-тәрбие бағдарламалары балалардың жан-жақты дамуына нәтижелі үлес қосуда.
Балабақша барша баланың алғашқы білім алып, тәрбиеленетін өнегелі ортасы. Сондықтан болашақты ойласақ, балалардың сапалы білім, саналы тәрбие беруінде балабақшалардың жұмысында мін болмауы керек. Балабақшаның балаға берер тәрбиесі ұшан-теңіз екенін ата-аналар да сезінеді.
Сымбат ҚУАНЫШ