Дебат оқушыны тұлға ретінде қалыптастыра ала ма?
Жастайынан түрлі дебатқа қатысып, белсенділік танытқан оқушылар өз-өзін жан-жақты дамытып, ойлау қабілетін арттыратыны сөзсіз. Мұндай додалар оқушының тұлға ретінде қалыптасуына да айтарлықтай ықпал етеді. Бұл үрдіс жеткіншекке тек пікірталас мәдениетін үйретіп қана қоймай, баланы ашық ойлауға, өз көзқарасын дәлелді түрде жеткізуге, қарсы пікірді құрметтеуге баулиды.
Дебат арқылы оқушы шешендік қабілетін дамытады, аудитория алдында еркін сөйлеуді, сын тұрғысынан ойлауды, тез шешім қабылдауды және сауатты аргументтер құруды меңгереді. Сонымен қатар ол командамен жұмыс істеуді, жауапкершілік алуды, сенімділік пен табандылықты бойына сіңіреді.
Дебат барысында қатысушы тез шешім қабылдауға, қысылтаяңда дұрыс ой қорытып, тиімді әрекет етуге машықтанады. Ол уақытты тиімді пайдалануға, ойды жинақы әрі нақты жеткізуге бейімделеді. Мұндай қабілеттер жоғары оқу орындарында, мансап жолында және қоғамдық ортада да аса қажет.
Сонымен қатар дебат- білім мен тәрбие қатар жүретін алаң. Мұнда әрбір жастың логикалық ойлауы, тіл байлығы, сенімділігі мен көшбасшылық қабілеті артады. Командалық қарым-қатынас орнатып, өзара сыйластық пен тыңдай білуді меңгереді. Дебаттың тағы бір артықшылығы – жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруы. Олар елдегі әлеуметтік, саяси, экономикалық мәселелерге бейжай қарамай, өз көзқарасын ашық білдіре алатын азамат ретінде қалыптасады.
Сымбат ҚУАНЫШ