Қоғам

Қорғалған мүліктік құқықтар құны қандай?

Облыстық кәсіпкерлер палатасы жыл сайын нәтижелі жұмыс атқарып, кәсіпкерлердің құқығын қорғау жолында тынымсыз еңбек етіп келеді. Мәселен, осы жылдың 6 айы ішінде қорғалған мүліктік құқықтар 877 миллион 968 мың 969 теңгені құраған. Бұл жөнінде облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Нұралы Ергебаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндаған болатын.

Биылғы жартыжылдықта облыстық кәсіпкерлер палатасының бизнес-қорғау желісі арқылы 62 өтініш қабылданыпты. Спикер берген мәліметке сүйенсек, аталған өтініштердің тек 10-ы ғана оң шешімін тауып, бұл жалпы өтініштер көлемінің 16 пайызын құраған. Өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда кәсіпкерлер тарапынан түскен шағымдар мен өтініштер саны 46,7 пайызға артып, яғни 33-ке көбейген. Бұл көрсеткіш аймақтағы бизнес субъектілерінің өз құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында аталған палатаға жүгіну белсенділігінің айтарлықтай өскенін көрсетеді.

Палатаның ұйымдастыруымен жылдың бірінші жартыжылдығында 5 кеңес отырысы өтіп, 7 мәселе қаралған. 9 ұсыныс енгізіліп, 5 мәселе оң шешімін тапқан. Кәсіпкерлер палатасында облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен өзара іс-қимыл шеңберінде 2022 жылдан бастап келісімшартқа сәйкес кәсіпкерлердің өтініштерін қарау үшін жұмыс тобы құрылған. 2023 жылдан бастап департамент басшысы ай сайын палата алаңында қабылдау өткізеді екен. Нұралы Баянбайұлы палатаның алдағы жоспарлары мен орын алған кемшіліктерге де тоқталды.

Облыс прокуратурасы мен инвесторлармен бірлескен сапар барысында инвесторлардың жобаларын қарау кезінде техникалық шарттар бойынша мәселелер туындапты. Оның ішінде электр энергиясын және табиғи газды ұлғайту бойынша техникалық шарттар, инженерлік инфрақұрылымды объектілерге жеткізу және инженерлік инфрақұрылымды салуға қаржыландырудың болмауы секілді мәселелер бар. Осы түйткілдердің түйінін тарқату үшін облыстық кәсіпкерлер палатасы әрбір жоба аясында тиісті жұмыстарды жалғастыратын болады.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ